• USD 385
  • EUR 434

Елорда резиденттері

Өз дәуірімнің жырауы болғым келеді – Рамазан Есмағамбетов

25 маусым, 08:36363
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Елордада тағдыры ауыр болса да, жігері жасымаған, өмірге ғашық адамдар аз емес. Сондай биікке ұмтылған мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі Рамазан Есмағамбетов Елорда Инфо тілшісіне сұхбат берді.

18 жастағы Рамазан туғаннан тағдырдың сынағына тап болған. Оның туа бітті дерті өсе келе арбаға таңған. Алайда жігерлі жігіт бала күнінен білімге құштар болып өседі. Ғали Орманов атындағы №7 мектепте білім алған ол – бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті журналистика факультетінің 1 курс студенті. Қазіргі таңда «Астана ақшамы» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген болашақ журналистің өзі туралы айтқан әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

Жақсы ай, жақсы күнде дүниеге келдім

Мен Қостанай облысы Әулиекөл ауылында 2000 жылдың 16 желтоқсанында, тура Тәуелсіздік күні дүниеге келдім. Рамазан айында туғандықтан, атымды Рамазан деп әкемнің нағашы атасы Қали атам қойыпты. Үйдегі үш баланың үлкенімін. Өзімнен кейін Жансая есімді 9 жастағы қарындасым мен Алдияр атты 6 жасар інім бар. Олар Құдайға шүкір, шауып жүр, денсаулықтары дін-аман.

Әкем Еламан Төлегенұлы – жеке кәсіпкер. Ұялы телефон жөндеумен айналысады. Ал анам Алтын Серікқызы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайда жұмыс істейді.

1 жасымнан бастап елорда тұрғынымын

Мен 1 жасқа толған соң ата-анам 2001 жылы елордаға көшіп келіпті. Сондықтан астананың жергілікті тұрғынымын деуге болады. Бас қаладағы «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы мен барлық кітапхана – сүйікті орным. Әсіресе, университеттің кітапханасында көп уақытымды өткіземін. 

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Тарихи тұлғаларды пір тұтамын

Ғали Орманов атындағы №7 мектепті бітірген соң, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің журналистика факультетіне түстім. Жақында 1 курсты аяқтаймын. Қазір «Астана ақшамы» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатырмын. Журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен ағаларымыздан осы саланың қыр-сырын үйреніп, күнделікті жұмыс барысын көзбен көріп, көргенімізді көңілге түйіп жатқан жайымыз бар. 

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Жалпы, тарихи тұлғаларды пір тұтамын. Оларды бөліп-жарып қарауға болмайтын сияқты. Ұлылардың ұлағатты сөздерінен қуат аламын. Ал журналистикада «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы, өзімнің өндірістік тәжірибеден өту кезіндегі жетекшім, ұстазым Төлен Тілеубайдан үлгі аламын.

Романдарды оқығанды ұнатамын

Уақытымды бос өткізгім келмейді. Мүлде қол қусырып отыра алмаймын. Қолым қалт етсе, өлең шығарамын, кітап оқимын. Тарихи әфсаналар мен аңыз әңгімелерді, романдарды оқығанды жақсы көремін. Әсіресе романдарға көбірек ден қоямын. Әнуар Әлімжанов: «кейде романдар тарихи кітаптарға қарағанда сол замандардағы тарихи мәліметтерді көбірек береді» дейді. Ең әуелі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпапеясынан бастадым, соңғы оқыған кітабым – Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романы. Оны жақында ғана оқып бітірдім.

Өлеңдерімнің көбі махаббат туралы

Жазған өлеңдерімнің көбі махаббат туралы екен. Бірақ мен өлең арқылы халыққа деген сүйіспеншілігімді жеткізуге тырысамын.

Махамбет Өтемісұлы, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, Ақан сері туралы көп оқығаннан соң ба, жырау болуға деген құлшынысым артып жүр. Болашақта өз дәуірімнің жырауы болғым келеді. Сол үшін әлсін-әлсін домбыра шертуді де үйреніп жүрмін. Бірақ қолым гипсте болғандықтан, әзірге домбыра үйренуді уақытша тоқтаттым. 8 жыл бұрын құлап, қолымды сындырып алған болатынмын. Сол кезде сынған жерім дұрыс бітпеген екен. Жақында, екі ай бұрын ота жасалды. Қазір аздап тәуір болып қалды.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх