• USD 385
  • EUR 434

Елорда резиденттері

Өмір мен өлімнің күйін кештік – Сирияда болған әйелдің әңгімесі

15 мамыр, 16:07734
Фото ҚР СІМ Фото ҚР СІМ

Үстіміздегі жылдың 7-9 мамыры күндері Сирияда «Жусан-2» операциясы өтті. Оның аясында барлығы 231 қазақстандық отанға жеткізілді. Оның 16-сы - ер адам, 59-ы әйел және 156 бала бар. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі елге оралғандармен кездесу өткізіп, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Аталған жиында 6 жылға жуық Сирияда болған әйел өзінің басынан өткен жағдайын әңгімелеп берген болатын.

«2009 жылы мен намаз оқып бастадым.. Содан 1,5 жылдан кейін өзім секілді намаз оқитын жігітке тұрмысқа шықтым. Әрине оның қандай жолда жүргенін білгенім жоқ. Уақыт өте келе ол мені өз жолына қарай тарта бастады. Яғни джихад туралы айтып, одан қалды намаз оқымайтын адамдар кәпір деген секілді әңгімені жиі қозғайтын болды. Мен басында мән бермедім, бірақ намаз оқымаған адам мұсылман емес дегенін қабылдай алмадым. 2013 жылдың қысында жолдасым Украинаға жұмыс істеуге кетті. Бірақ жеттім-бардым деген хабар болмады. Содан мен іздестіре бастадым. Бір ай уақыт өткен соң өзі хабарласып "сенімен бірге жәннатта болғым келеді" деді, сол сәтте оның қайда кеткенін және негізгі ойын түсіндім», - дейді кейіпкер.

Ол өз кезегінде жолдасын елге алып қайту мақсатында 8 жасар қызын қалдырып ізінен кеткен.

«Жолдасым Түркиядан күтіп алды, содан соң бір шекарадан өткендей болдық, күйеуімнен қайда барамыз деп сұрасам, «Түркияның бір ауылына бара жатырмыз» деді. Бір қарасам жан-жағымызда қару-жарақ асынған адамдар жүр, сол кезде мені алдағанын және Сирияға өтіп кеткенімізді білдім. Бір қызығы, Түркиядан Сирияға өту ешқандай проблема емес, бір қаладан екінші қалаға өткен секілді еркін жүріс-тұрыс. Бір апта болған соң жолдасыма елге оралу керектігін айтып едім, ол менің бүкіл құжаттарымды алып қойды да "ешқайда бармайсың" деді. Қазақстан сенің қайда кеткеніңді біліп отыр, мен елге барсам түрмеге отырғызатынын айтты. Содан амал жоқ күйеуімнің айтқанынан шыға алмай сонда қалдым. Мен ол жерде 2013 жылдан 2019 жылға дейін болдым», - деді ол.

Кейіпкер сол уақыт аралығында елге қайтқысы келетінін жолдасына не басқаға айта алмаған.

«Себебі еліңе оралғың келетінін айтсаң сол сәтте өлім жазасына кеседі. Менің күйеуім 2017 жылдың наурызында қайтыс болды. Бірақ қалай және қай жерде қайтыс болғанын білмеймін. Менің өзім жолдасымның қайтыс болғанын 12 күн өткен соң ғана білдім. Маған сөмкесін ғана алып келді. Біз күйеулеріміздің қайда, не істеп жүргенін білмейміз, бізге айтпайды да. Жолдасым қайтыс болған соң елге жетудің жолдарын іздестіре бастадым. Біреулер жергілікті "таксистерге жүгініп көр, Түркияның шекарасына дейін жеткізіп салады", енді біреулер "сенің кетіп бара жатқаныңды білсе сатып құлдыққа жібереді, не болмаса қашып бара жатқаныңды айтып сені өлім жазасына кеседі" деп қорқытты. Дегенмен іздеген мұратына жетеді демекші ақырындап сұрастыра жүріп қол ұшын созатын адамды тауып, ИГИЛ-дың аумағынан шықтым. Сол жақтан мені Қазақстанға алып келді», - дейді Сирияда болған әйел.

Сондай-ақ ол әңгімесінде ұялы телефонмен сөйлесу немесе sms хат жіберу секілді мүмкіндіктердің жоқтығын айтып өтті.

«Ол жақта телефонмен еркін хабарласып сөйлесу мүмкіндігі жоқ. Байланыс жүйесі қатаң бақылауда. Мен болған аумақта бір жерде ғана ұялы байланыс ұстайды, сол жерде сөйлесесің, оның өзінде сөйлесу процесі тыңдалады. Сондықтан да мен ешкімге хабарласып осындай қиындыққа тап болғанымды айта алмадым. Ол жақта әрбір қадамың бақылауда, яғни оларға қайшы әрекет жасасаң сол сәтте өлтіре салады», - деп күрсінді кейіпкер.

Жерлесіміз Сирияда болған уақыт аралығында екі нәрестелі болған. Қазақстанға балаларымен бірге оралды. 

«Ол жақтағы әйелдердің жағдайы мүлдем басқаша. Егер әйелдің күйеуі қайтыс болса оған 4 айға дейін тиіспейді, сол уақыт өткен соң оған басқа біреуге тұрмысқа шығуды ұсынады және жағдай жасайды. Ал күйеу алмаған әйелдерді арнайы лагерьде ұстайды. Онда ешқандай жағдай жасалмаған, тіпті тамақ та жоқ. Барлығын қамап бір жерде ұстайды. Сондықтан да көбісі күйеуге шығудан бас тартпайды, себебі сен лагерьден шығасың және жағдайың жақсырақ болады. Бірақ оның теріс жағы да бар, жолдасың соғыста жүргендіктен кез келген уақытта қайтыс болуы мүмкін. Яғни бүгін күйеуге шықсаң ертең немесе екі-үш күннен соң қайтыс болып кетуі мүмкін. Осындай жағдайда кейбір әйелдер бірнеше рет күйеуге шығады,  5-6 рет, тіпті 19 рет шыққандар бар», - дейді ол.

Оның айтуынша, ондағы қазақтандық әйелдер мүмкіндігінше бір-бірімен сөйлесіп, араласып тұрған. Дегенмен елге оралу тақырыбына келгенде ешкім үндемейді, себебі әркімнің ойы өз ішінде, айтуға қорқақтайды.

«Менің елге келгеннен кейін бейімделуім қиын болды. Әлі де болса толық үйрендім деп айта алмаймын. Себебі біз қорқып қалғанбыз және көп қиыншылықтар көрдік. Аш болған күндеріміз болды, өміріміз қашып, тығылумен өтті. Өмір мен өлімнің күйін кештік десек те болады. Әлі күнге дейін жарылыс немесе тікұшақтың дауысын естігенде менде үрей бар. Сондықтан үйренуге бір жылдың өзі аз болады деп ойлаймын. Шынымды айтсам, бүгінге күнге дейін елге оралғаныма сене алмаймын. Бізді Сириядан алып шығып, Қазақстаннан келген өкілдер «Сәлеметсіздер ме, уайымдамаңыздар енді бәрі жақсы болады» дегенде менде «шок» болдым. Бізді Қазақстан қайтадан қабылдайды деп ойламадым», - дей отырып өз алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, Жусан-1 және 2 операциясы биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау туралы мәлімдемесінің аясында іске асырылды.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх