• USD 385
  • EUR 434

Астанаға 20 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашты

29 тамыз, 16:27688

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанатына өтті. Мәдени нысан Ақтөбе облысының бас қаланың 20 жылдық мерейтойына жасаған тартуы, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Еліміздің тарихында тағы да бүгін елеулі күн. 1991 жылы 29 тамызда дүние жүзіндегі ақ ұрпақ ядролық сынау полигоны менің Жарлығыммен жабылған болатын. 1949 жылдан бастап Кеңес Одағы кезінде 465 атом қаруын жарып, халқымызға зардап шектірген үлкен зұлматтың аяғын кесіп тоқтаттық. Содан бері біздің істеген шаруамызды дүниежүзі бағалап, бүгінгі күнді БҰҰ алдында Дүниежүзі халықтарының атом қаруына қарсы іс-шарасы деген күн деп қабылданды. Сондықтан біз үшін мереке», - деді Елбасы сөз сөзінде.

Сондай-ақ Президент бұл күннің халықаралық аренадағы маңызды оқиға екенін атап өтті.  

«Бұл – Қазақстанға, қазақтарға дүниежүзі қауымдастығының берген бағасы деп санаймын. Екіншіден, ертең – Конституциямыздың Ата Заңымыздың күні бірге келіп отыр. Сондықтан біздің еліміз атом қаруына қарсы бүкіл елдердің көшбасшысы болып аталады. Оны біз орындап келе жатырмыз. Астанамыз көп халықаралық ұйымдардың кездесетін жері болды. Мәселелер шешетін жері болды. Енді бүгін үлкен монумент ашып отырмыз – ақтөбеліктердің Астананың 20 жылдығына жасаған сыйлығы. Бұл монументтің символы – біз дүниежүзіне «атом қаруына қарсы күресу қажет» деп адамзатқа жар саламыз. Келер ұрпаққа ұмытпаңдар деген ой қалдырамыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жобаның негізіне Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» ядроға қарсы манифестінің идеясы алынды. Монументтің 29 тамызда ашылған бір себебі сол. Жоба авторларының ойынша, қабырға біртұтас біріктіріліп, қорғап тұратын жапырақ тәріздес шатырды бейнелейді. Яғни, дәстүрлі түрік құрылтайының өнегесімен ұлттарды ұйыстырып, оларды бір шаңырақ астына жинайды.

Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – бөлшектеу мен оқшаулауды, екінші бөлігі – үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшіншісі бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Монументтің ұзындығы – 111 метр, ені – 18,4 метр және биіктігі 17,5 метрді құрайды.  

«Бейбітшілік қабырғасының» тұрқы жоғары төзімді темірден жасалған. Нысанның құрылысына 1200 тонна гранит пайдаланылды. Мемориалда «бейбітшілік» сөзі әлемнің 51 тілінде жазылған.

Айта кетейік, «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің құны 1,8 млрд теңге тұрады. Нысан – Ақтөбе облысының Астананың 20 жылдығына жасаған тартуы. Ол өңірде жұмыс істейтін компаниялар мен кәсіпкерлердің қаржысына салынды.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар




Наверх