Қоғам

Нұр-Сұлтанда «Болашаққа билет» жұмысшы мамандықтарды насихаттау жобасы жүзеге асырылады

04 қараша, 16:0835
Автор: Elorda Aqparat

«Болашаққа билет» жобасын жүзеге асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласында жұмысшы мамандықтарын насихаттау және түсіндіру бойынша шаралар кешені өтуде, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Болашаққа билет» жобасын Жастар жылы аясында қала әкімдігінің «Астана жастары» КММ жүзеге асырады.

Оған 5000-нан астам оқушы қатысады. Жоба аясында қаладағы барлық жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушылары үшін әр түрлі мамандықтар бойынша компания өкілдерімен екі күндік көрме өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, белгілі тұлғалардың, танымал жастардың, көшбасшылардың, блогерлердің қатысуымен мастер-класстар, сондай-ақ кәсіптік бағдар бойынша тестілеу ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, іс-шара жастар арасында жұмыссыздыққа қарсы күрес, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, карьераны жоспарлау саласында оқушылардың біліктілігін арттыру үшін өткізіледі.

Айта кету керек, бүгінгі таңда жастар арасында ІТ-мамандықтары (программистер, деректер базасын немесе серверлік жабдықтарды басқару жөніндегі мамандар, веб-дизайнерлер), инженерлер, маркетинг саласындағы мамандар, әлеуметтік кәсіп өкілдері (педагогтар, дәрігерлер), аудармашылар сұранысқа ие мамандық болып саналады.

Көрмеге қаланың полиция департаменті, 3D анимация мектебі, «BAZIS CONSTRUCTION», ҚазЭҚХСУ, Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы, «Даналық» колледжі, «Нұрбанк» АҚ өкілдері және өзгелері қатысты.

Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіпкер, «Green TAL» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы «табысқа арналған лайфхактар» тақырыбында тренинг өткізді.

Іс-шара ертең де Тәуелсіздік сарайында жалғасады.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх