• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Наурыз көже қалай жасалады 

19 наурыз, 11:251441
Автор: Elorda Aqparat

Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша бұл күні Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады, деп хабарлайды Елорда Инфо.
 

Жыл басы - 22 Наурыз жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы ретінде дастарханға өзге де ұлттық тағамдармен қоса, міндетті түрде Наурыз көже пісіріледі.

Түрік халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан Наурыз көжеге жеті дәм қосылады. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша бұл күні Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Наурыз көже әзірлеу мақсатында Ханшайым Орынтайқызының шаңырағына бардық. 5 баладан, 12 немере сүйіп отырған апамыздың Наурыз көже дайындауда өзіндік рецепті бар. Оның ішінде сүрленген ет пен қазы, бидай, ақ және сары жүгері, қатық (немесе айран), тұз және су осылай жеті түрлі дәм қосылады. 

Пісіру кезеңіне келсек алдымен сүрленген етті бөлек пісіріп алады, себебі ет ұзақ піседі, содан кейін ақ және сары жүгеріні бірге қайнатады, ол 30-40 минут уақыт алады. Және бидайды пісіруге жарты сағат уақыт кетеді.

«Көженің дәмін келтіру үшін асылған еттің сорпасын қосады, өйткені сүрленген еттің сорпасы көжеге ерекше дәм береді не болмаса қатық (айран) қосады бұл жерде әркімнің қалауына қарай», - дейді Ханшайым апа. 

Келесі кезек бидайды пісіру оған 30-40 минут уақыт керек.

Ханшайым апамыз көже құрамының бөлек пісіруді дәндердің қайнаған кезде бір-бірімен араласып, көже дәмінің бұзылып кетпеуімен түсіндірді, яғни бөлек пісіргенде әр дән өзінің дәмін сақтап қалады.

Апамызды Наурыз көже пісіруге бекер таңдамадық себебі осы тағамды пісіруде Ханшайым апамыздың 40 жылдық тәжірибесі бар.

«Жыл сайын наурыз айының ортасынан көже пісіру мерзімі басталады. Өзімнің бала-шағамнан бөлек, немерелерімнің мектебі мен балабақшасына әзірлеп беремін. Сондай-ақ, ағайын-туыс, көрші-көлемдерді шақырып наурыз көже беремін. Одан бөлек, көпшілік қауымға да наурыз көже істеймін», - дейді Ханшайым апа.

Наурыз көженің толық дайын болуына 3-4 сағат уақыт жұмсалады.

«Менің екі қызым, үш келінім бар бәрі де наурыз көже пісіруді біледі. Өз қыздарыма кішкентайынан үйреткем», - деді ол.

Алдымен етті бөлек асып аламыз, негізінен еттің сүрленген болғаны абзал. Ал оның ішінде қазы болса тіптен жақсы. 

Одан соң ақ жүгеріні пісіреміз, өйткені ол еттен кейінгі ұзақ пісетін дән.

Келесі кезекте сары жүгеріні қайнатамыз, жүгеріні пісіруге 40 минут уақыт кетеді. 

Және соңынан бидайды пісіріп аламыз. Бұны пісіруге жарты сағат жеткілікті. 

Наурыз көженің толық құрамы осындай, бұл жерде айтып өтетін тағы бір мәселе көженің құрамы әр өңірде, тіптен әр отбасында әртүрлі болуы мүмкін. Яғни әр адам өзінің қалауына қарай дән түрін қосып әзірлейді. 

Наурыз көже өз бабымен пісіп жатыр. 

Қазы піскен соң оның сорпасын көжеге қосады, сонда Наурыз көженің дәмі ерекше болады. 

Ендігі уақытта ет пен дәндердің басын қосып тағы бір қайнатып алады, бұл жерде басты ескеретін нәрсе дәннің езіліп кетпеуі тиіс.

Әр дәнді пісіріп алған соң оны аздап суытып алады. 

Жүгері мен бидай Наурыз көженің дәмін келтіруімен қатар, құнарлылығы жоғары, яғни адам күні бойы тоқ жүреді. 

 

Міне біздің Наурыз көжеміз де дайын, ендігі қалғаны оған қатық қосу. Бұл жерде таңдау еркі беріледі, біреулер қатық, біреулер айран енді басқалары құртты қайнаған суға езіп, соны қосады. 

 

Негізінен Наурыз көжені суытып ішкен жөн деп санайды. 

Әз-Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх