• USD 385
  • EUR 434

Елорда резиденттері

«Мұқағали болып, поэзияға жақындаймын» деп ойламаппын – Ж.Төленбаев

28 маусым, 10:53288

Елорда Инфо тілшісі Мұқағали бейнесімен танымал Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаевпен сұхбат құрды.

Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» поэтикалық драмасы (режиссері Болат Ұзақов) ақиық ақынды қайта тірілткендей әсер қалдырып, аталған туынды алғаш рет сахналанғаннан бастап халықтың өлшеусіз бағасына ие болып келеді. Ал қазақтың маңдайына біткен ақынның бейнесін сомдау бақыты бұйырып, бүгінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген бірден-бір актер, ол Жанқалдыбек Төленбаев екенін өнерсүйер қауым жақсы біледі. Сұхбат барысында актер әңгімені әріден бастады.

Атымды Жанқалдыбек деп әкем қойған

1973 жылы бұрынғы Семей облысына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келдім. Үйдегі алты баланың бесіншісімін. Әкем Мүпти Төленбайұлы қатерлі дертке шалдығып, 2-3 жылдың ішінде оған бірнеше ота жасалыпты. Ақыры І топтағы мүгедектікке душар болып, әйтеуір жаны аман қалыпты. Содан ауыр күндер артта қалып, мен туғанда әкем: «Құдайға шүкір, жаным аман-есен қалды, сондықтан баламның есімі Жанқалдыбек болсын» деп, маған азан шақырып, ат қойған екен. Осылайша, ерекше есімге ие болыппын.

Еңбек жолымды киномеханик болып бастадым

Мен бала күнімнен өнер адамы, соның ішінде актер болуды армандап өстім. Кеңес Одағы кезіндегі шопандар слетінде тақпақ айтатынбыз, мектеп сахнасындағы қойылатын шағын ертегілерге қатысатынбыз. Міне, осылардың барлығы менің өнерімді ұштады деп ойлаймын. Бала кезімде радио тыңдағанды қатты ұнататынмын. Радиотолқынында Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Бақыт Үдербаева, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды аға-апаларымыздың дауыстарын тыңдағанда көңілімізді қуаныш кернейтін. Соларға қарап бойымызды түзедік. Біздің аудан қаладан біршама қашықтықта орналасқандықтан, теледидар үйімізде мен 5-сыныпта оқып жүрген кезімде бірақ болды. Содан теледидардан Әзербайжан Мәмбетовтің «Ана – Жер Ана» спектаклін мен 6-сыныпта оқып жүргенде көрдім. Оның өзінде де әке-шешеміздің «таңертең сабаққа тұрмайсыңдар, ұйықтаңдар», – деген сөздерінен қымсынып, спектакльді тығылып отырып көретінбіз. Сол кездегі Асанәлі Әшімов ағамымыздың ойнаған спектаклі, Сәбира апайдың Толғанай болғаны да әлі күнге дейін көз алдымда.

3-сыныптан бастап ауылдың сахнасында өнер көрсетіп жүрдім. 1990 жылы алтын ұямнан түлеп ұшқан соң бірден аудандық Мәдениет үйіне киномеханик болып қабылданып, еңбек жолымды бастадым.

Әскерге қызық жағдайда аттандым

1990-1992 жылдары Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерге қызық жағдайда аттандым. Аудандық Мәдениет үйінде киномеханик болып жұмыс істеп жүргенімде Семейде «Жас таланттар» деген байқаудың өтетінін естіп, сол байқауға қатысқан болатынмын. Сол кезде Серік Түменов, Раиса Турлина сынды Семей қаласындағы ғылыми әдістемелік орталықтың қызметкерлері қазылық етіп, облысқа қарасты (бұрынғы Семей облысы) барлық аудандардан жиналған жастардың өнеріне лайықты баға берген еді. Сол байқауда бағым жанып, келесі кезеңге өткенімде қатты қуандым. «Даусың өте жақсы екен, сенің тіпті опера әншісі болуға мүмкіндігің бар», – деп қазылар алқасы маған Алматы қаласындағы консерваторияға, ондағы Бекен Жылысбаевтың сыныбына жолдама берді. Содан қуаныштан бөркімізді аспанға атып, ауылға келсек, үйге әскерге шақыру қағазы келіп тұр екен. Ертеңінде аудандық қорғаныс басқармасына барып едім, ондағылар «Қайда жүрсің? Сені іздеп жатыр ғой», – деп, бізді, бір топ жастарды қайтадан Семейге алып барды. Семейге барсақ та, мен «әскерге кетемін-ау» деп мүлдем ойламаппын. Бар ойым өнерімді дамыту, Алматыдағы консерваторияда оқу еді. Сонымен тексерістен өтіп жатқан уақытта ретін тауып, полковникке (орыс ұлтының өкілі екен) барып жолығып, оған өзімнің жағдайымды түсіндіріп, Алматыға консерваторияға жолдама алғанымды айтқан едім. Алайда оным бекер болыпты. Мені байыппен тыңдап отырған полковник біраз уақыттан соң: «Сен ән айтасың ба? Қай жақтансың?» – деп сұрады. Мен: «Иә, иә, ән айтамын. Ақсуаттан келдім», – деп жауап қатқаным сол-ақ еді, әлгі полковник жұмыс үстеліндегі құжаттарды толтырып отырып: «Онда әскерге тура ертең аттанасың!» – деп шатынап шыға келді. Сөйтсем, өзім аузымнан қағылыппын. Егер полковниктің алдына бармай-ақ қойсам, түк те болмайды екен. Артынан білуімше, көктем уақытында шақырылғанымызбен, сол кезде бізді күзгі уақыттағы аттандыруға дайындық шарасынан өткізген екен. Осылайша, сол күннің ертесінде Ақсуаттан бірге барған жігіттердің ішінен жалғыз мені әскерге аттандырды. Содан шығарып салушы жақындарым: «Сенің актер болам дегенің қайда? Неғып әскерге барғың келіп қалды?» деп маған қалжыңдап қояды. Содан, хош, бірнеше күн пойызбен ұзақ жол жүріп, Мәскеуден бірақ шықтым. Мәскеу қаласының маңындағы Мурино әскер қалашығында 6 ай сержанттық оқу-жаттығуда болдым. Содан бірде Кеңес Одағы сарбаздарының қатарында Германияға барып, 8 айдан соң Намбург қаласынан Ресейдің Калининград қаласына қайттық. Осы жерде Отан алдындағы міндетімді жалғастырып, туған жерге абыроймен ораладым.

Чайка рөлімен сахнадағы тұсауым кесілді

1995 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының актер, музыкамедиа бөліміне оқуға түсіп, онда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахила Машурованың сыныбында тәлім алдым.

ІІІ курста оқып жүрген кезімде «Шағала» спетаклінде (режиссері Болат Атабаев) Чайканың рөлін сомдадым. Осылайша, театр сахнасындағы тұсауым кесіліп, алдағы қойылымдарға жолым ашылды.

Білікті тәлімгер Рахила Әбдірахманқызындай ұстаздың сыныбына түскеніме өзімді бақытты санаймын. Роза Рымбаева апайымыздан бастап, курстастарым Ақбота Керімбекова, Айжан Дусурупова, Сырым Қашқабаев, Асылбек Қапаев сынды Рахила апамыздан дәріс алған шәкірттердің барлығы бүгінде өнер саласының тек алдыңғы қатарында жүргенін айта кеткен жөн. Рахинам апай: «сендер оқу бітірген соң жақсы режиссердің қолына түссеңдер екен» деп тілеуімізді тілеп отыратын. 

Мәмбетовтің мектебінен өттік

Бағымызға қарай, Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз бізді таңдап-сұрыптап, өзімен бірге елордаға алып келді. Содан 1999 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы театрға орналастық. Әзірбайжан Мәмбетов көркемдік жетекші болып, біз ол кісінің бүкіл спектакліне қатысып отырдық. Сол уақытта театр сахнасында аяғымыздан тік тұруға Әзекеңнің көп көмегі болды. Оның спектакльдерінде ойнау – актер үшін үлкен бақыт. Себебі Әзекеңнің арқасында қазақ театры бүкіл әлемге паш етілді десек, артық айтқандық болмас. Оған дейін де мықты режиссерлеріміз болды, әрине. Дегенмен Асанәлі, Фарида сынды аға-апаларымызды қазақ театрының жауhарлары етіп шығарған осы Әзекең. Ол кісінің елеуінен біз де өттік. Қандай дәрежеге жетсек те, соның бәрі Әзекеңнің арқасы деп білеміз.

Сәбитжанның рөлі жексұрын қылды

Қай рөлі болмасын, олардың әрқайсысы актер үшін қашанда ыстық. Өйткені өзінің қиялымен шығарған рөлдер актердің әлдилеген жас баласы сияқты. Мысалы, мен «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» спектаклінде Жантақтың, «Абылайханның арманы» спектаклінде Қалдан-Сереннің рөлін сомдадым. Ал Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» пьесасында Сәбитжанның рөлінде ойнадым. Сәбитжанның рөліне келетін болсақ, аталған қойылымның премьерасы аяқталған соң табиғаты таза, өнердегі ағаларымның бірі Нұрай деген ағамды көріп қалып, «Нұрай аға?» деп қасына жақындап барып едім, ол маған: «Кетші-ей!» – деп қолын бірақ сілтеді де, мені құттықтамастан кері бұрылып, кетіп қалды. Сол сәтте жақын ағамнан ондайды күтпеген мен өзімді жаман сезініп, тіпті не ойларымды да білмей, абдырып тұрып қалдым. Бұл рөлді сомдау екі құрамда да маған жүктелген болатын. Содан екінші күні тағы да осы қойылымды қойып болған соң Нұрай ағам маған келіп: «Бауырым, рақмет саған. Сенің рөлің өте жақсы шықты. Мен саған кеше қатты ашуланып, сені рөлдегі кейпің үшін жек көріп кеткен едім, құттықтамағаным да сондықтан. Кешір, айналайын! Тек сен жаман ойлап қалма. Рөліңді жақсы алып шықтың. Жарайсың!» – деді. «Жанымда жүрген ағам мен арқылы Сәбитжанның өмірін көре білсе, демек рөлімнің жаман шықпағаны, еңбегімнің де еленгені болар» деп ойладым. Әрине, өнер адамы үшін бұл – үлкен жетістік, үлкен қуаныш.

Мені елге танытқан Мұқағали рөлі

Ал «Жанқалдыбек» деп есімімді елге танытқан сүйікті рөлім ол – Серік Тұрғынбек ағамыздың «Мұқағали» спектакліндегі Мұқағали Мақатаевтың рөлі. Бұл пьеса 15 жылдан бері режиссердің, әріптестеріміздің үлкен еңбегінің арқасында репертуарымыздан түспей келе жатыр. Еліміздің қай өңіріне гастрольдік сапармен барсақ та, көрермен жақсы қабылдап, ерекше көңіл-күйде болып, өнер ұжымына алғысын айтып жатады. Мұқағалидың рөлі сияқты мұндай ерекше рөлдер шынында да актердің бақыты ғой. Әрі екінің біріне беріле бермейтін бақыт дер едім. Жалпы, барлық рөлдері жақсы шықса да, соның ішінде актер үшін бір рөлі ерекше болып, дараланып тұрады. Мысалы, кинодан көрген көпшіліктің Асанәлі ағамызды «Бекежан» деп атап кеткені сияқты актердің маңдайына бітетін, оң жамбасына келетін рөлдері болады. Мені ерекшелеп тұратын осы Мұқағали рөлі деп ойлаймын. Алайда «Мұқағали болып, поэзияға жақындаймын» деп бұрын еш ойлаған жоқ едім. Тіпті үш ұйықтасам, түсіме де кірмеген. Алғашқы кезде ақын образына кіруге жүрексініп, қиналып, дайындық жасап жүргенімде Серік Тұрғынбек ағамыз: «Әй, Жан, кейін осы «Мұқағали» спектаклі сенің бақытың болады», – деп айтатын. Содан ең алғашқы дайындық барысында Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз менің аяғымдағы қара туфлиді көріп, өзіне арнайы тігілген ақ туфлиін маған сыйға тартып, сәттілік тілеп, ағалық ақ батасын берді. Шынымды айтсам, дәл сондай ақ туфлиді қанша іздесек те, еш жерден табылмай жатқан еді. Әзекең берген сол туфли аяғыма қона кетіп, талай жылдан бері сол туфлимен ел алдына Мұқағали болып шығып жүрмін.

Премьерада поэзия падишасынан жасқандым

Ол кезде Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова аға-апаларымыздың көзі тірі еді. Содан спектакльдің премьерасына Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдаспеков, Қуаныш Сұлтанов сынды кілең игі жақсылар арнайы келді. Мен сол сәтте ең алдымен Фариза апамыздан қорықтым. «Ол кісі қалай қабылдар екен?» деп ойладым. Естуімізше, сол күні Әбіш ағамыздың үйіне қонақтар келіп жатса керек, телефоны маза таппай, қайта-қайта шырылдап, Әбіш ағамыз: «Қазір барамын, күтіңдер», – деп отырған. Бір уақытта спектакльдің қызығына беріліп кеткендігі сонша телефонын сөндіріп қойып, қойылымды аяғына дейін көрген Әбіш ағамыз спектакль аяқталған соң сахнаға шығып, сөз сөйледі. «Міне, бір кездері жанымызда жүрген адамның бүгінде тарихқа айналғанын көріп отырмыз. Мұқағали тарихқа айналды деген осы. Спектакльде тірі Мұқағалиды көргендей болып отырмыз», – деді. Сол кезде Фариза апамызға қарасам, орнынан қозғалмай отыр екен. Байқасам, көзіне жас үйірілген. Содан соң ол кісі де сахна төріне көтеріліп, қолымызды алып, рақметін айтты.

Фариза Оңғарсынова мені Мұқаңа қатты ұқсататын

Кейіннен де поэзия падишасы Фариза Оңғарсыновамен талай мәрте жолыққан едік. Әр жүздескен кезімізде Фариза апамыз маған ең алдымен: «Ассалаумағалейкум, Мұқа!» – деп барып, сосын ғана «Жан» деп айтатын. Фариза апамыздан Мұқағали туралы көп сұраған едім. Әңгімелескен кездерімізде ол кісі: «Мұқаң тура өзің сияқты болатын», – деп мені ақын Мұқағалиға қатты ұқсатушы еді. Бір күні Фариза Оңғарсыновамен кездесу өтіп, сонда бір журналист: «Сіз Мұқағалимен ең алғаш рет жолыққанда ол кісі қандай еді?» – деп сұрақ қойды. Сонда Фариза апамыз: «Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ театрында Жанқалдыбек деген актер бар. Сол жігіт Мұқаңнан аумайды. Жүріс-тұрысы мен келбетіне дейін, тіпті желп-желп еткен шашына дейін ұқсайды. Мұқаңды ең алғаш рет Жазушылар одағында сондай кейіпте көрдім», – деп жауап берген еді. Әрине, Фариза апамыздың сондай сөздері, жылы лебізі – мен үшін зор қуаныш, бақыт.

Ақын кейпіне ену үшін қайыңның қасына бардым

Жалпы, актерлерге әр рөлге дайындалуға бір немесе бір жарым ай уақыт беріледі. Ал Мұқағалидың рөліне бір ай бойы дайындалған кезімде ақынның көптеген өлеңін жаттап, поэзия әлеміне үңілгенмен, мен үшін Мұқағалидың кейпіне ену қиынға соқты. Поэзияны түсіну деген өте қиын ғой. Мұқағали Мақатаевтың:

«Жапырақ, жүрек жас қайың

Жанымды айырбастайын,

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын!» деген өлеңін түсінбей, көп қиналдым. Содан үй жақтағы өсіп тұрған қайыңдардың қасына барып, жапырағын қарасам, расымен де қайыңның жапырағы жүрек сияқты, ортасынан бір күре тамырмен бөлініп, ұсақ-ұсақ тамырлармен тарамыс-тарамыс болып тұрады екен. Шынымды айтсам, біздің ауылда қайыңдар өспегеннен кейін бе, оған дейін бұл жайында ойланып көрмеппін. Көп ізденудің нәтижесінде табиғатпен үндескен ақынның жүрегінен жарып шыққан өлеңдері арқылы бүкіл әлемге қатысты дүниелерді байқауға болатынын біртіндеп ұға бастадым. Алайда ақиық ақынның өлеңдері бертін келе, спектакль 1-2 рет қойылғаннан кейін ғана бойыма сіңіп, түйсіне бастадым.

«Мұқағалидың шындығы» деген деректі фильмде Мұқағалидың, «Біржан сал» фильмінде Есауыл қалмақтың рөлінде ойнасам, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып түсірілген «Қазақ елі» атты тарихи фильмде жоңғардың әскербасының рөлін сомдадым. Алдағы уақытта да кинорежиссерлерінен ұсыныс түсіп жатса, бас тартпаймын. Болашақта Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш арыстарының рөлін сомдағым келеді. Тың жатқан тарихи тұлғаларымыз туралы пьесалар көптеп жарық көрсе деп ойлаймын. Біртуар тұлғаларымызды жаңғыртуымыз керек. Оларды дәріптеу біздің, кейінгі ұрпақтың парызы деп санаймын.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх