• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

«Мектепке жол» акциясы аясында 5 мың балаға қажетті құрал-жабдықтар беріледі

24 шiлде, 16:14240
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Биыл «Мектепке жол» акциясы аясында 5 мыңнан астам бала мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Мектептегі міндетті білім беру қоры негізінде көмек алдымен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына, сондай-ақ, табыстары төмен отбасы балаларына, үшіншіден, жетім және асыраушысыз қалған балалар басты назарда болады. Одан бөлек төтенше жағдайға тап болған отбасы балаларын мектепке қажетті құрал мен басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз ету жоспарлануда», - деді қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл көмекті алу үшін жоғарыда аталған санатқа жататын ата-аналар өз мектептеріне барып өтініш жазу керек.

«Мектептің алқалы органы ата-аналардың өтініштерін қарайды, содан соң тиісінше кімге көмек беру туралы шешім қабылдайды. Өткен оқу жылында жалпыға оқу қоры аясында көмекпен 2 мыңнан астам бала қамтылды. Биыл бұл көрсеткіш 5 мыңнан астам деп жоспарлап отырмыз, дегенмен бұл көрсеткіш жылдың аяғына дейін 8 мыңға дейін жетуі мүмкін», - деді ол.

«Мектепке жол» акциясы аясында мынадай көмектер ұсынылады: күніне бір рет ыстық тамақ, мектеп формасы, мектепке қажетті (кеңсе) құрал-жабдықтар, мәдениет және спорт шараларына қатысуға мүмкіндік, жазғы лагерьге жолдама, төтенше жағдайға тап болған отбасыларға қаржылай шұғыл көмек, қалалық мәслихаттың шешімімен қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі.

Сондай-ақ, Ә. Жанғозин бас қалада бір баланы орташа есеппен мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсауға болатынын айтып өтті. 

«Бір оқушыны 20 мың теңге көлеміндегі сомаға киіндіруге болады. Оның ішінде аяқ киім – 6-8 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін. Ал жалпы баланы толықтай дайындауға 30 мың теңге жеткілікті», - деді білім басқармасының басшысы.

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх