• USD 379.8
  • EUR 431.7

Қоғам

Медициналық сақтандыру қоры тегін дәрі-дәрмекті SMS-хабарлама арқылы қадағалайды

11 қаңтар, 09:00151
Автор: Elorda Aqparat

Тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау мақсатында қолға алынған жобаның алғашқы нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды Елорда Инфо Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сілтеме жасап.

«Өткен жылдың соңында Денсаулық сақтау министрлігі, МСҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп SMS-хабарлама жүйесін іске қосты. Дәлірек айтсақ, 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алатындар тізіміне енген науқастардың телефондарына SMS-хабарлама жіберілді. Барлығы 191 мың SMS жіберілген. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілген. Препарат алмаған науқастарға SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылды. SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, Қорға 2 881 науқастан жауап келді. Оның ішінде 441 науқастың дәрі-дәрмек алмағаны белгілі болды. Тағы 32 адам – диспансерлік есепте тұрмайды және ешқашан тегін дәрі алмаған, ал 10 адамға дәрі-дәрмек ішінара берілген», - делінген хабарламада.

Тегін дәрі-дәрмек ала алмағаны туралы жауап-хабарламалардың басым бөлігі Атырау, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының тұрғындарынан түскен.

Осы ретте жүргізілген мониторинг жазылған рецептілер мен қолма-қол берілген дәрі саны бір-біріне сәйкес келмейтін 10 медицина ұйымы анықталды. Олардың қатарында Астана қаласындағы «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы бар.

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдың басында кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Яғни, Қор былтыр дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлейді.

«SMS-хабарламалар жүйеге науқастардың өздерін тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды. Мониторинг нәтижесі өкілетті органдардың тексеруіне негіз болып отыр. Тексеруді Фармация комитеті мен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жүргізеді. Оның нәтижесі бойынша қабылданған шешімдер құқық қорғау органдарына беріледі», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова.

Медициналық сақтандыру қоры республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМКК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. 2018 жылдан бастап Қор ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеп келеді. Ал, МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталады.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх