Мәдениет

Мақпал Жүнісова Ташкентте жеке концертін өткізді

07 қараша, 16:4552
Автор: Elorda Aqparat
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

«Қазақтың ерке қызы» атанған халықтың сүйікті әншісі, Қазақконцерт солисі Мақпал Жүнісованың мақпалдай дауысы Ташкент жұртшылығын тамсандырды, деп хабарлайды Елорда Инфо Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Ташкентте өткен Мақпал Жүнісованың концерті шетелдік көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Еліміздің ұлттық музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға зор үлес қосқан әншінің концерті «Туркистон» концерт залында аншлагпен өтті. Концертте әншінің белгілі туындылары, қазақтың халық әндері және танымал орыс романстары орындалды. Әнші Қазақконцерттің өнер ұжымдары – «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі мен «Saz&soul» вокалдық-аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.

Ансамбльдер белгілі композиторлар әрі мульти инструменталист музыканттар Бауыржан Ақтаев пен Әділжан Толықпаевтың жетекшілігімен сахнаға шығып, қазақтың дәстүрлі музыкасы мен эстрада өнерін үндестірген тамаша синтездің үлгісін ұсынды. Халқымыздың ұлттық музыкасын жаңа форматта ұсынған ансамбльдер талғампаз тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Бұған қоса, тыңдарман қауымға өз өнерін белгілі әнші Ержан Белғозиев пен концертмейстер Олжас Байділдаев ұсынды.

Осы айтулы жылдың аясында Қазақконцерт артистері Ташкентте екі үлкен концерт беріп үлгерді. Бұдан аз уақыт бұрын Ташкенттің дәл осы «Туркистон» концерт залында Қазақконцерт солисі, белгілі әнші Роза Рымбаеваның концерті өткен болатын.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақконцерт ұсынған тың жобалар бауырлас халықтарды одан әрі жақындастырып, ежелден бері келе жатқан ынтымағымызды одан әрі жарастыра түскені анық.




Наверх