Жолдау-2019

Мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуетін көтеру Жолдауда нақты айтылған – Несіпбек Айтұлы

23 қазан, 12:1880
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин мұражайының қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын талқылады, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Жолдаудың түп негізі – тұрақты мемлекет құра отырып, халықтың тұрмысын көтеру. Қазақстан дамуының жаһанданудан қалмауын қамтамасыз етуін Президент өз жолдауында қадағалап тұрып айтып берді. Оның ішінде әсіресе мәдениет саласына яғни бізге қатысты жерлері де бар. Алдымен ол – қазақ тілінің мәртебесі. «Мемлекеттік тіліміздің болашақта халықаралық тіл дәрежесіне көтерілетін күн алыс емес» деп қадап айтты. Демек ана тіліміздің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасады деген сөз. Екінші – жер мәселесі, халықты толғандыратыны да осы. Жер сатылмаса халық та тыныш болады. Мемлекет басшысының осы орайда жер ешкімге берілмейді, сатылмайды деген сөзі көкейіме қонды. Үшінші – бізге қатысты дүние ол мәдениет саласы қызметкерлерінің жағдайы мен жалақысы. Осы сала қызметкерлерінің әлеуетін көтеру Жолдауда нақты айтылған. Себебі бүгінде бұл сала мамандары яғни музей болсын, кітапхана болсын 60-70 мың теңге жалақы алады. Қазір осындай жалақымен адам күн көре алады ма?», - деді елордадағы С.Сейфуллин атындағы музейдің директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы.

Одан бөлек, музей басшысы Жолдаудағы халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруге арналған нақты тапсырмалардың берілгенін айтты.

«Ендігі уақытта Президент Жолдауының тармағында айтылған әрбір тапсырма нақты орындалса, біздің еліміздің болашағы жарқын бола түсері анық. Себебі Жолдауда қара халықтың жағдайын одан әрі жақсартуға арналған мәселелер көтерілген. Оның ішінде аз қамтылған отбасылар және көпбалалы аналарды қолдау, дәрігер, ұстаздардың жалақысы, зейнетақы сол сияқты Қазақстанда шағын және орта бизнеске көңіл бөлу керектігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша айтты», - деді ол.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх