Өңірлер жаңалығы

Қызылорда облысындағы балабақшада еден жуушы тамақ дайындап келген

06 қараша, 11:2970
Автор: Elorda Aqparat

Қызылорда облысында іші лас, тоңазытқышы бос, дәрігері жоқ балабақша жұмыс істеп келген. Балғындарға тамақ та уақытылы берілмеген. Тексере келе тіпті қызметкерлерінің санитарлық құжаттары да болмаған, деп хабарлайды astanatv.kz.

Бұл мәселе "Nur Otan" партиясының назарына ілікті. Олар арнайы комиссия құрып, мекемені тексеріп, заңсыздықтардың бетін ашты. Балабақшада түскі асты еден жуушы дайындап келген. Оның қолында санитарлық кітапшасы жоқ. Мұндағы проблемалар мұнымен бітпейді. Мекеме қызметкерлері әлеуметтік желіде сорақылықтарды өздері жария еткен. Қабырғада теледидардың орнына смартфон ілулі тұрса, ал ас үйге шағын ғана газ плитасы қойылған. "Nur Otan" партиясы бұл мәселеге бей-жай қарай алмады. Орталық аппараттан мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия жіберіпті. Олардың арасында бақылау қызметінің инспекторы Айжан Ысқақова да бар.

«Лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде атқармауына көзімізді жеткізіп отырмыз. Тамақ сапасы қадағалау барысында белгіленген мәзір талапқа сай емес, қадағалаушы бракераждық комиссия жұмыстарының құжаттарының ешқайсысы жоқ», - деді "Nur Otan" партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Аида Әбибуллаева.

Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері азық-түліктің неден дайындалғанын анықтауға тырысты. Бірақ тоңазытқыштар бос тұр. Ал балабақша бүлдіршіндерді бес мезгіл тамақтандыруы тиіс. Ол үшін миллиондаған теңге бөлініп келген. 

 «Балабақшаның жылдық бюджеті 88 миллион. Азық—түлікке соның ішінде 10 миллион бөлінеді. Келетін бала саны жалпы 41 бала. Күн салқын түсуіне байланысты 28 бала. Бір күнге 450 теңге бөлінеді бір балаға», - деп көрсетті Жаңақорған кенті әкімінің міндетін атқарушы Жарасхан Мырзағалиев.

«Жыл басында бес миллион теңгеге жуық қаржы, бір уақытта, жеткізушілерге жөнелтіледі. Міне осы жеткізушімен дұрыс байланыс орнатпаудың арты, балабақшадағы тамақтану қорының жоқтығына алып келіп отыр. Біз камераларды тексердік. Хронологияны ақтардық. Балалар екі рет таңғы ас, сосын түскі ас пен кешкі асты ішулері керек болған. Алайда, ол берілмей келген», - деді "Nur Otan" партиясы ҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Анар Ізден.

Құжат бойынша бұл бөбекжай санаториялық бағытта жұмыс істейді. Бірақ мұнда қарапайым санитарлық талаптар орындалмай келген. Партиялықтар "Алпамыс" балабақшасында штаттық қызметкерлердің де саны сәйкес келмейтінін анықтапты. 50 штаттық бірлікте 62 қызметкер жұмыс істеп жүр. Бірақ бұл бергі жағы ғана екен.

 «Біз мұнда істейтін қызметкерлердің санитарлық кітапшаларын көрген жоқпыз. Олармен еңбек шарттарын да жасаспаған. Дәрігер-фтизиатр да жоқ.  Тиісті маманның болмауы балалардың антропометриялық деректерінің бұзылуына алып келіп отыр», - деп мәлімдеді ол.

Қазан айының соңында балабақшадан кейін партия мүшелері Жаңақорған ауданының әкіміне өз ескертулерін жолдады. Бүгіннің өзінде жұмыс өз нәтижесін беріпті. Мектепке дейінгі мекеме танымастай өзгерген. Қабырға мен еден сырланып, жаңа ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника жеткізілген. Қойма азық-түлікке толған. Жұмысын атқара алмаған балабақша басшысы қызметінен шеттетіліпті. 




Наверх