Қылмыс және оқиғалар

Қырғызстаннан Ресейге жөнелтілген тауар Қазақстанның аумағында сатылып кеткен

04 қараша, 17:0650
Сурет интернеттен алынды Сурет интернеттен алынды

Демалыс күндері навигациялық пломбалардың көмегімен транзиттің екі бұзушылығы анықталды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

Қырғызстаннан келген тасымалдаушылар ілеспе құжатта Ресей Федерациясын соңғы пункт ретінде мәлімдеген. Алайда тауар (жаңа піскен алмұрт және алма) Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларының базарларына жеткізілгені анықталған.  

Бірінші жағдай Нұр-Сұлтан қаласындағы "Шарын" базарында тіркелген. Навигациялық пломбаның бағыттан ауытқуы туралы сигнал беріп, фура нарық аумағында екі күн бойы қозғалыссыз тұрған. Бұл туралы диспетчерлер МКК экспорттық бақылау басқармасы қызметкерлеріне хабарлаған. Белгілі болғандай, көлік нарыққа 31 қазан күні келген.

Ал 3 қарашада нарық аумағында транзиттік жүкті сату фактісі тіркелген. Бейнежазбадан көрініп тұрғандай, навигациялық пломбаның арқаны кесіліп, тіркеменің есігі ашылған. Пломбаның өзі шанақтың темір сейфінде болған. Шекараның қиылысу кезінде көлікте 19,3 тонна жеміс болса, астананың базарында оның 10 тоннадан астамы сатылып үлгеріпті.

Түсініктемеде жүргізуші маршрут бойымен көлік және рефрежератор бірнеше рет істен шыққанын айтқан. Бұл туралы ол тауар иесіне хабарлаған. Өз кезегінде ол астаналық нарыққа шығып, тауар сатуды ұсынған. Қазіргі уақытта Қарағандыдан келген тауар иесі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша МКД-нің Байқоңыр ауданы бойынша МКБ-на түсініктеме беру және ҚҚС сомасын төлеуі тиіс.

Ал транзитті бұзудың екінші жағдайы Қарағандыдағы «Шығыс» базарында анықталды. Жүргізуші навигациялық пломбалау қызметі диспетчеріне көліктің бұзылуы туралы хабарлап, бұл өнім тез бұзылатындығына байланысты жемістерді сатуды ұйғарған. Қарағанды облысы бойынша қызметкерлермен жұмыс жүргізгеннен кейін нарық әкімшілігі өзіне ҚҚС төлеу міндетін алды. 

Айта кетсек, аталған екі жағдайда да Қырғыз Республикасынан бір заңды тұлға жөнелтуші екен.

Жалпы, бұл бұзушылық үшін жүргізушілер ӘҚБтК 573-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді. 

Навигациялық пломбаларды қолдану кедендік рәсімдерді қосымша жеңілдетуге және тексеру мен физикалық сүйемелдеу түрінде бақылаудың физикалық шараларын алып тастау есебінен бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. 

Жалпы, биылғы 9 айда 842 заң бұзушылық анықталып, тауарларды транзиттік тасымалдау кезінде 72,5 млн теңге айыппұл салынған. 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх