• USD 382.5
  • EUR 432

Көпбалалы отбасылардың мәселесін шешуде елордада қандай жұмыстар атқарылуда

16 мамыр, 14:59516
Автор: Elorda Aqparat

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов елордадағы көпбалалы аналармен кездесті. Қала басшысы көп балалы аналардың талап-тілектерін тыңдап, әкімшілік жалпы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар мен көмектер туралы баяндап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің шешімімен елорда тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында кешенді жоспар әзіргенген.

Оның ішінде коммуналдық қызмет төлемдеріне көмек; мүмкіндігі шектеулі жандарды алып жүретін адамдардың жолақысын төлеу; мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету; көпбалалы отбасыларының балаларының колледжде тегін оқуы; тұрғын үй сертификаттары; көпбалалы отбасыларының мектеп, колледжде оқитын студенттерінің жолақысын төлеу; көпбалалы отбасыларының балаларын мектепте тегін тамақтандыру; сауықтыру лагерьлеріне жолдама беру; мектеп формасы мен канцеляриялық тауарлармен қамтамасыз ету; балабақшалардан орын беру; ЖОО көпбалалы отбасыларының балалары үшін грант бөлу; көпбалалы аналар бюджет есебінен тісін емдеп, салдыру; жер үйде тұратын көпбалалы отбасыларын қыста отымен қамтамасыз ету сияқты көмек түрлері бар.

Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін қосымша 13 шара қолға алынып, оған 6,5 млрд теңге бөлінді.

Биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік салаға бөлінген қаржы сомасы 150 млрд теңгені құрап отыр. 2019 жылдың сәуірінен бастап қаладағы емханаларда әр сенбі сайын көпбалалы отбасыларды қабылдау ұйымдастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлеріне барып көмек көрсетуге қарастырылатын қаржы 6,5 АЕК-тен 10 АЕК (25250 теңге) дейін артты. Бұл шарамен 228 адамды қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар бұған дейін хабарлағанымыздай, білім беру қорынан да әлеуметтік көмек алуға болады. 

Жергілікті атқарушы орган әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды жан-жақты қолдау үшін 30-дан астам төлем жүргізуді қолға алған. Бұл мақсатқа бөлінген қаржы 12,2 млрд теңге. Баспана мәселесін шешуге төленетін төлемдер орташа алғанда 18 % артты, ол үшін тағы 34 млн теңге бөлінген. Көпбалалы 1300 отбасы мамыр айында қоныс тойын тойлайды. 1300 Білім беру, денсаулық сақтау саласы мен полиция департаменті қызметкерлерінің баспана мәселесін шешуге 2 мың тұрғын үй сертификатын беру көзделген. 

Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік әлсіз топқа қосымша қолдау көрсетілетін болады. Әлеуметтік жоба аясында аутизммен ауыратын балаларға арнайы қызмет көрсету үшін бюджеттен 40 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 100-дей балаға осындай көмек көрсетіледі. 

Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 2019 жылы 1,2 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде қоғамдық жұмысқа тартылатын азаматтар саны 500-ден 1 мың адамға дейін артады. Қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілген адамдардың жалақысы 48 мыңнан 84 мыңға дейін көбейді. 

Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты сұрақтарды Smart Astana қосымшасынан білуге болады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх