• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Көпбалалы отбасыдан шыққан 200 бала «Жасыл ел» қатарында істеп жүр

21 маусым, 17:23247
Автор: Elorda Aqparat

«Жасыл ел» жобасы бойынша биылғы жазда 975 елордалық жұмыспен қамтылады. Маусым айында олардың саны 500 адамды құраса, оның 200-і – көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Жасыл ел» бағдарламасы Елбасының тапсырмасы бойынша 2005 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылуда. 14 жыл бойы елордалық «Жасыл ел» штабы қаланы көгалдандыру мен жастарды әлеуметтендіруге, жазғы маусымда 14-29 жас аралығындағы студенттер мен жастарды жұмыспен қамтамасыз етуде елеулі үлес қосуда. 

Бүгінде жазғы маусымда жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша келісімге 50-ден аса мекеме қол қойды. Олардың арасында «Астана орманы» ЖШС, «Астана зеленстрой» АҚ, «Астана тазалық» АҚ, «Базис А» құрылыс компаниясы, «Строй Групп Инжиниринг», «Капстро 2017» және қаланың бірқатар білім мекемесі бар.

Айта кету керек, мамыр айында «Жасыл ел» жасағының қатарында 100 адам еңбек етті. Маусым айында олардың саны 500-ге жетті. Оның 200-і көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан. 18 жастан асқан «жасылелдіктердің» орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды. 

Ерасыл Мұсатаев «Жасыл ел» қатарына биыл жазда кірді. Оның отбасында 7 бала бар. Мамыр айында №63 мектептің 10 сыныбын бітірген ол жазда отбасына көмектесу үшін жұмыс істеуге құлық танытқан.

«Мектеп оқушылары мен студенттерге сабағынан қалмай, оқуынан тыс уақытта өзінің адал еңбегімен қосымша жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік беріп отырған игілігі мол бағдарламаға алғыс айтқым келеді. Бұл бағдарламаның арқасында отбасыма көмектесіп қана қоймай, өзіммен қатар жастармен танысып, жаңа достар таптым. Ал табысыма өзіме және іні-қарындастарыма алдағы оқу жылында мектепке қажет заттар алғым келеді, – дейді Ерасыл Мұсатаев.

Бұдан басқа, жұмыс нәтижесі бойынша бағдарламаның барлық қатысушысына 35 394 теңгені құрайтын 2 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде ақшалай сыйақы (жұмыс берушінің қызметкерлеріне еңбекақыға қосымша ақы) төленеді.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх