Билiк және саясат

Көлгінов Мемлекет басшысына тапсырманы орындауға уәде берді

08 қазан, 13:5744
Автор: Elorda Aqparat
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Мемлекет басшысының қатысуымен елорда әкімдігінде жиын өтіп, онда Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері пысықталды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласына инвестиция тартуды басым міндеттердің бірі екенін атап көрсетті. Себебі соңғы 10 жылда алғаш рет өзге өңірлермен салыстырғанда инвестиция көлемінің төмендеуі байқалып отыр.

«Осы мәселеге Сыртқы істер министрлігі мен әкім назарын ерекше аударғым келеді. Осы жағымсыз үрдіске айрықша назар аудару керек. Сол себепті әкімдіктерге, Сыртқы істер министрлігіне осы бағытта жұмысты күшейтуді әрі жақын уақытта нақты бір нәтиже көрсету тапсырылды», - деді Мемлекет басшысы.

Жиында айтылған тағы бір мәселе – бас қалада тұрғын үй беру мен құрылыс жүргізу көрсеткішінің қарқыны төмендеуі болды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бұған бірнеше факторлар әсер еткенін баяндады.

«Біріншіден, айтарлықтай құлдырау байқалмайды. Бірақ статистикада 30 пайызды көрсетіп тұр. Іс жүзінде мұнда құрылыс салушылардың статистика органының есебін қолмен құрылымдау қажет. Бұл бірінші проблема. Екіншіден, құрылысы аяқталған көпқабатты үйлер бар. Оларды тек инженерлік желілерге қосу қажет. Үшіншіден, астанада баспанаға сұраныс өте жоғары. Біз баспана құрылысын еселеп арттыруға мүмкіндігіміз бар. Қазір біз кешенді жоспар дайындадық», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев баспана салу мен оны коммуникациялық желілерге қосу мәселесін үнемі назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар әкімдік бұл көрсеткішті арттыруда тиісті шаралар қабылдауы тиіс. Жиында үлескерлер мәселесі де сөз болды.

Бүгінгі таңда елордада 49 проблемалы нысан бар. Олардың құрылысының аяқталуын 13,5 мың үлескер күтіп отыр. Бұл проблемалардың шешілуі үшін 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінген.

«Әрбір үй үшін бізде жол картасы қабылданды. Ол жерде жобалық-сметалық құжаттардың жоқтығы туралы проблемалар болды. Тұрғындарды алдаған алаяқтар қазір заң жүзінде жазасын тартып жатыр. Олар тиісті құжаттарды жоғалтқан немесе бермей отыр. Сол себепті біз жаз бойы құжаттарын дайындаумен болдық. Қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен және мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Әрбір үй үшін тиісті жоспар бар. Біз сіздің тапсырмаңызды орындаймыз», - деп мәлімдеді қала әкімі Алтай Көлгінов.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх