Елорда резиденттері

Көкпар – нағыз ерлердің ойыны – Александр Пупенко

21 маусым, 11:05534
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

Көкпаршы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы астаналық Александр Пупенко Елорда Инфо тілшісіне спорттағы жетістіктері туралы сұхбат берді.

8 жасымда тоқымқағар жасадым

1988 жылы бұрынғы Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында дүниеге келдім. 8 жасымда тоқымқағар жасап, сол кезден бастап атқа мінуге әуес болдым. Біраз жылдың ішінде талай асауды үйретіп, небір тұлпарды тақымдадым. Мақтанғаным емес, бірақ ат құлағында ойнайтын болдым десем, артық айтқандық болмас.

44 голмен рекорд орнаттым

Содан салмағым біраз ауырлаған соң көкпар ойынына қызығушылығым арта түсті. 14 жасымнан бастап көкпар тартысына білек сыбана кірістім. Осы спортпен айналысып келе жатқаныма 16 жылдан асты.

Талай додаларда астананың намысын қорғадым. Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында қола медаль иегері атанып, екінші ретінде күміс жүлдеге ие болдым. Осы бәсекеде қарсыластарымның көмбесіне 44 гол салып, рекорд орнатып, «Үздік бамбардир» атандым.

Чемпион болу жолында тер төктік

Содан астананың ересектер командасына ауыстым. 2010 жылы күміс жүлдегер, 2012 жылы чемпион болдық. Осындай көрсеткіштердің нәтижесінде ел құрамасына қабылданадым. 2013 жылы астанада алғаш рет өткен Азия чемпионатында, 2017 жылы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы І орынды иеленді. Әлем чемпионатында «Команданың үздік шабуылшысы» атандым.

Биылдан бастап Атырау құрамасындамын

2013 жылдан бастап Маңғыстау облысы жастар командасының жаттықтырушысы, ересектер командасының ойыншысы болдым. 6 жыл ішінде Маңғыстаудың жастар мен ересектер командасы айтарлықтай жетістікке жетті. Ондағы келісімшарт аяқталған соң биыл Атырау ересектер командасының сапына ауысып, спорттағы мәнсабымды жалғастырып жатырмын. Мұнда да келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрмін.

Балам батыр болса деп армандаймын

Көкпар – нағыз ерлердің, жаужүрек жігіттердің ойыны. Өйткені қорқақтардың көкпар ойнауға жүрегі дауаламайды да.

Бір ұл, бір қызым бар. Болашақта ұлым жастайынан батырлыққа баулып, ел қорғайтын ержүрек азамат қылып өсіргім келеді.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх