Қоғам

Қоғамдық көлік қызметіне айтылар сын аз емес

08 қазан, 09:5069

 Қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен тасымалдау қызметіне қатысты қандай қиындықтар бар? Көптен бері айтылып  келе жатқан түйінді түйткілдердің шешімі қандай? Жолаушылардың көңілін күпті қылған қандай жайт?
Міне, Nur Otan партиясы қалалық филиалының «Еркін пікір» пікірталас алаңында елорданың қоғамдық көліктерінің қызметі қатысты осы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Жиын барысында алғаш болып сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Тайбергенов жолаушылар тасымалдау қалаішілік маршруттар, қалааралық маршруттар және экспресс қызметі болып жүргізілетінін айтты. Қалада 8 автопаркке тиесілі (оның бірі мемлекеттік) 880 автобустың кем дегенде 90 пайызы күнделікті рейске шығады. Жақын уақытта жаңадан 100 электробус сатып алу қажет.

Қоғамдық көліктердің төңірегінде болып жатқан түрлі проблемалар туралы «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов жауап берді. Ол былтыр тарифті әртараптандыру бойынша жүргізілген реформа оң нәтиже беріп, автопарктердің табысы артқанын, жергілікті бюджетке түсетін салық мөлшерінің көбейгенін атап өтті. Сондай-ақ жолаушылардың Astra карталарын тек арнайы банкоматтарда ғана емес, телефондағы банк қосымшасы арқылы толтыруға да болатындығы – осы төлем жүйесінің қолайлы екендігінің дәлелі.

Жолаушылар неге шағымданады?

Қала жұртшылығы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігінен бастап, тасымалды ұйымдастыру ісінде кездесетін басқа да келеңсіздіктеріне наразы. Оның ішінде автобустардың көп кешеуілдейтіні, жүргізушілердің адаммен қарым-қатынастағы мәдениеті, жолда жүру ережесін жиі бұзатындығы, автобустардың бәрі бірдей пандуспен жабдықталмағаны т.б. түйткілдер сөз болды.

Мәселен, Байқоңыр ауданы Ардагерлер ұйымының төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев «Өндіріс» тұрғын алабына қатысты мәселені көтерді.

– Бұл жерде 35-40 мың адам тұрады. Сөйте тұра, қалаға №24 бағыттағы жалғыз автобус қана қатынайды. Таңертең жұрт жұмысқа баратын уақытта оның ішіне кіру мүмкін емес. Автобусқа ауданның бас жағында тұратын 1-2 аялдаманың адамдары ғана мініп алады, қалғандары кезек күтіп 2-3 автобус­ты өткізуге мәжбүр болады, – деді Сәрсенбай Мыңбаев.

Естуімізше, «Өндірістен» қала ішіне қарай №24 автобустан басқа, 204-ші экспресс автобус та жүреді екен. Бірақ қалай дегенмен де, олардың ешқайсысы жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандыра алмайды. Ол екеуі де өз маршруттарымен жүреді, көлденең бұрылмайды. Шаруасымен жүрген адам діттеген жеріне жетуі үшін екі немесе үш көлік ауыстыруына тура келеді. Ал такси қымбат – 1-1,5 мың теңгенің үстінде.

Залдан арызын айтқан Алмас есімді кәсіпкер таңғы және кешкі қарбалас уақыттарында болатын проблемаға назар аудартты.

– Мен бір жолы сағат 20.00 шамасында №46 бағыттағы автобусқа мінгенде, ол «Анвар» сауда орнынан «Asia park» СОО-ға дейін, яғни екі-үш аялдама арасында 40 минут жүрді. Енді қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін баратын жұрт екі жарым сағат кептелісте тұрып, үйлеріне қиналып жетеді. Ал автобустың ішінде ине шаншар орын жоқ. Бұл жұмыстан шаршап, қалжырап келе жатқан жұрттың жүйкесін одан сайын тоздырмай ма? – деп кейіді кәсіпкер.

Тығырықтан шығар жолды шешу үшін кәсіпкер Алматы ауданында қалыптасқан тәжірибені қолдануды ұсынды. Ол Тұран даңғылын, Керей-Жәнібек хандар көшесін бір бағытты етсе, кептеліс азаяр еді деді.

Астана LRT өкілі бір бағытты көшелердің қозғалысын жасау мәселесі талқыланып жатқанын жеткізді.

– Қонаев, Достық, Ақмешіт, Түркістан көшелерін бір бағытты қозғалыс жүйесіне көшіруді ойластырып жатырмыз. Әзірге бұл жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ Керей, Жәнібек хандар көшесін бір бағытты етіп ауыс­тыруымыз мүмкін, – деді Бауыржан Сейітов.

Баяндамашы қоғамдық көліктің жұмысына қатысты проблемалардың көп екенін, өздеріне сол бойынша арыз-шағым, өтінішін айтып күнделікті 100-150 ұсыныс келетінін жеткізді. Ол кәсіпкерді «Акселератор» жобасына келіп, аталған проблемаларды соның алаңында талқылауға шақырды. Айта кетейік, бұл жоба осыдан екі аптадай бұрын ғана қала әкімі А.Көлгіновтің қатысуымен іске қосылған болатын. Мұнда құзырлы органның өкілдерімен бірге белсенді тұрғындар қаланың өзекті мәселелерін талқылайды.

Бауыржан Сейітовтің айтуынша, жыл соңына дейін қаладағы неғұрылым шиеленісті деген сегіз бағыт бойынша қысқа маршруттар жіберілмекші. Яғни, қысқа маршрутты қоғамдық көліктер қарбалас уақыттарда халық көп жүретін қысқа аралықтарда ғана қатынайтын болады. Бұл өз кезегінде адам толы автобустардың мәселесін шешуге септігін тигізбек.

Жылы аялдама көбейсе…

Сондай-ақ қоғамдық көліктердің техникалық жай-күйіне де сын-ескертпелер аз айтылған жоқ. Нұр-Сұлтан қ. ПД Әкімшілік полициясы бастығының орынбасары Нұрлан Уваев есепті мерзім ішінде жолаушылар тасымалдайтын 68 автобустың техникалық ақауы бар екенін анықталғанын хабарлады. Ал ақаулы көлікпен рейске шығу, ең бірінші, жолаушылардың өміріне қауіпті. Құзырлы орган өкілдері жүргізушілердің жолда жүру ережесін сақтамауы бойынша 800 ұйғарым жазған.

 Қазір жүргізушілердің жол ережесін сақтауына жете мән беріп жатырмыз. Бірақ оларды тәртіп бұзған сайын бірден жұмыстан шығарып жібере алмаймыз. Себебі жүргізушілер онсыз да аз. Қалалық автобус парктеріне 600 жүргізуші жетіспейді. Егер біреуін жұмыстан шығарып жіберсек, ертеңінде ол автобус тоқтап қалады, – дейді «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары.

Дегенмен, мына мәселені де еске алған жөн: қоғамдық көліктерде жыл басынан бері адам факторынан немесе техника ақаулығы салдарынан 12 жол-көлік оқиғасы орын алып, одан 2 адам қаза тауып, 45 адам түрлі дәрежеде жарақаттанған. Бұл – өте ойлантатын жайт!

Жұртшылықты алаңдатып отырған тағы бір мәселе – жылы аялдамалар жайы. Қыс – қыр астында. Аязды күндері балалар, науқас адамдар, жалпы автобус күтушілер тоңып қалмас үшін, әсіресе, мектептерге, балабақшаларға, медициналық мекемелерге таяу орналасқан жерлерде жылы аялдамалардың тұруы шарт. ­Дерекке сүйенсек, Астана бойынша 1100 аялдама болса, оның 730-ында павильон бар. Қала ішінде бүгінге дейін 100 жылы аялдама орнатылған. Жыл соңына дейін тағы осындай 30 аялдама орнату жоспарланған.

«Ikomek109» мониторинг және жедел әрекет ету орталығы ­директорының орынбасары Дина Темірғалиеваның айтуынша, 2017 жылы мекеме құрылғалы жұрттың шағымында толас жоқ. Мәселен, 2018 жылы «Ikomek109»-ке қала тұрғындарынан 1 млн 37 мың хабар түссе, 2019 жыл аяқталуға әлі 3 ай бар, арызданушылардың шағымы былтырғы межеден асып кеткен – 1 млн 150 мың. Оның ішінде қоғамдық көліктің қызметіне қатысты түйткілдер аз емес.

«Еркін пікір» пікірталас алаңында «Қазақстанның мүгедектер конфедерациясы» РҚБ эксперттік талдау орталығының жетекшісі Жадырасын Сәдуақасов, қалалық Қоғамдық кеңестің хатшысы ­Мұхтар Еркетаев, «Инватакси» қыз­метінің жетекшісі Айнұр ­Түбетова, Қоғамдық кеңестің Байқоңыр ауданы бойынша сарапшысы ­Еркебұлан Шалтай, т.б. сөз сөйлеп, ойларымен бөлісті. Мұнда қоғамдық көліктерінің қыз­метіне қатыс­ты көтерілген өзекті мәселелердің тізімі жасалып, ол Nur Otan партиясының бақылау ­комиссиясына және оның елордалық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңесіне, сондай-ақ партияның қалалық мәслихаттағы фракция­сына жіберілетін болды. Айта кетейік, «Еркін пікір» пікірталас алаңы қаланың көкейтесті мәселелері бойынша ай са­йын өткізіліп тұратын болды.

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх