• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Қазақстанда DariKZ мобильді қосымшасы іске қосылды

18 шiлде, 19:0780

Бүгін елімізде дәрі-дәрмекті іздеу мен оның құрамымен танысуға арналған жаңа мобильді қосымша таныстырылды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

«Қосымшаны әзірлеуге бір жылға жуық уақыт жұмсалды. Қосымшаны біздің орталықта өзіміздің қызметкерлер әзірлеп шығарды. Кез келген жерде жүріп смартфон арқылы еліміздің аумағында сатылатын барлық дәрі-дәрмек туралы толық ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде алуға болады. Яғни белгілі бір дәрінің шығу мерзімі, қолданылуы оның адам ағзасына тигізетін кері әсері секілді ақпараттарды ала аласыздар. Сондай-ақ, дәрінің түпнұсқалығын тексеруге болады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры - басқарма төрағасы Ержан Жүнісов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, аталған мобильді қосымшада Қазақстан аумағында тіркелген 7 мыңнан астам дәрі түрі енгізілген. 

«DariKZ мобильді қосымшасын Play Market және App Store арқылы жүктеуге болады. Бұл қосымшаның тағы бір артықшылығы - дәрі-дәрмектің бағасын біліп және басқа жерлермен салыстыруға болады. Қосымша қолдануға өте қолайлы. Оны жасауға комитеттен ешқандай қосымша қаражат бөлінген жоқ. Өзіміздің мамандар жасап шығарды. Тағы бір айтып өтетін жайт, егер сізге дәрі қажет сіз оның қандай дәрі және қанша тұратынын және қай жерден алуға болатынын білмесеңіз біздің қосымша арқылы оның атауын терсеңіз немесе оның тіркеу нөмірін терсеңіз сізге сол дәрі туралы толық ақпарат екі тілде ұсынады», - деді ол. 

Е.Жүнісовтің мәлімдеуінше, алдағы уақытта қосымшада азаматтардың шағымдануына арналған арнайы бөлім іске қосылатын болады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх