Руханият

Қазақстанда 110 мыңнан аса әзербайжандықтар тұрады – Ж.Түймебаев

08 қараша, 22:2244
Автор: Elorda Aqparat
Дереккөз: ҚХА баспасөз қызметі Дереккөз: ҚХА баспасөз қызметі

Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстандағы әзербайжан этносының мәдениеті және салт-дәстүріне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚХА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Достық үйінің шаңырағының астында өткен шарада ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев әзербайжан этномәдени бірлестігінің мәдениеті мен дәстүрлері күнімен құттықтады.

«Қазақстанда 110 мыңнан астам әзербайжандықтар тұрады. Олардың басым көпшілігі еліміздің оңтүстігінде – Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларын мекен етеді», – деген ол әзербайжандардың Қазақстанға қоныс аудару тарихы жайлы да айтып өтті.

Фото ҚХА баспасөз қызметіненФото ҚХА баспасөз қызметінен

Айта кетсек, Әзербайжан этносы Қазақстанда тұратын халықтардың саны бойынша 10-орында. Алматының өзінде 10 000-ға жуық әзербайжан тұрады.

«1992 жылы Қазақстанда «Тұран» тұңғыш әзербайжан мәдениет орталығы құрылған болатын. 2007 жылы «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Жалпы, бүгінде елімізде 32 әзірбайжандық этномәдени бірлестік жұмыс атқаруда. Әзербайжан тілінде «Ватан» газеті шығарылып тұрады. Мемлекеттік тіл мен әзірбайжан тілін үйрететін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, музыка және би үйрену курстары жұмыс істейді. «Бахар» бишілер тобы, ұлттық-аспап және фольклорлық ұжымдар бар», – деді Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар ҚХА төрағасының бірінші орынбасары Қазақстандағы мақтан тұтар, өткен жүзжылдық пен қазіргі кезеңде танымал болған әзербайжандар жайлы айтып өтті.

«Абилфас Хамедовтың жетекшілігімен Әзірбайжандар қауымдастығының мүшелері этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етіп, еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне үлес қосып отыр», – деген Жансейіт Түймебаев аталған шараның өтуіне ұйытқы болып, өз үлесін қосқан «Әзербайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедовке және барлық ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Фестиваль аясында «Халықтың бірлігі – Елдің күші» тақырыбында дөңгелек үстел, қолданбалы өнер көрмесі, «Кітап – халықтың жан дүниесін білудің кілті» атты кітап көрмесі, шығармашылық ұжымдардың концерті, сондай-ақ «Достық дастарханы» атты әзербайжандардың ұлттық асханасы тағамдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту; қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттап, азаматтық біртектілік қалыптастыру; қазақстандық бауырлас халықтар арасында әріптестік байланыс орнатып, достық қарым-қатынастарды арттыру.




Наверх