Экономика

Қазақстан мен Өзбекстан сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құрады

03 қазан, 17:54209

Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы құрылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Қазір Қазақстан-Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы арқылы шекаралас аймақтардағы логистикалық қызметтер нарығын кеңейтуге болады», - деді Қайрат Төребаев.

Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін ауқымды жоба болмақ. Біздің еліміз іргелес жатқан мемлекеттерге ауыр өнеркәсіп өнімдерін экспорттауға мүдделі.

«Қытайға бұрын шықпаған алюминий оксиді, портландцемент, ферросилиций, металл құбырлар, ферросилиций марганец, хром оксиді және гидроксиді, подшпиниктер, болат, темір өнімдерін экспорттауды қарастырамыз. Қазақстандық өндірушілердің Қытайға жеткізілімдерін 1,6 млрд долларға арттыруға мүмкіндік бар», - дейді Қайрат Төребаев.

Қырғызстанға 53,2 млн долларға металлургия (темір мен болаттан жасалған бұйымдар, металл құбырлары, т.б.), тамақ өнеркәсібі (кондитерлік өнімдер, күнбағыс майы), полипропилен, аккумулятор, дәрі-дәрмек өнімдерін экспорттауға болады. Ал Түрікменстанға темір шыбықтар, кондитерлік өнімдер, маргарин, күнбағыс, мақсары май, сиыр еті, сүт және кілегей, көкөніс консервілері, аккумулятор, ағаш материалдары, кабель өнімдері, алюминий шыбықтары мен профильдер секілді тауар түрлерін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте табыс көзі 123,1 млн доллар пайда табуға мүмкіндік бар.

Вице-министрі сөз арасында оңтүстіктегі көршіміз – Өзбекстанға мынадай тауар түрлерінің экспорты артатынын жеткізді: құс еті, эссенциялар мен кофе концентраттары, кондитерлік өнімдер, макарон өнімдері, кондитерлік тауарлар, соя, күнбағыс немесе мақсары май, сондай-ақ минералдар мен өнеркәсіптік өнімдер. Ал сауда айналымы жылына 5 млрд долларын құрамақ.

Жиында Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясы шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді жылжыту бойынша маңызды шаралар қарастырылатыны белгілі болды. Осы шаралардың нәтижесінде шикізаттық емес тауарларды экспорттауды 2022 жылы 1,5 есеге, ал 2025 жылы 2 есеге артады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх