• USD 385
  • EUR 434

Елорда резиденттері

Қайым тұлғасы елорда мектептерінің бірін иеленуге лайықты – Ербол Іргебай

27 маусым, 09:01622

Елорда Инфо тілшісі Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебаймен оның еңбек жолы мен білім саласында атқарған істері жайлы, ұстаздары туралы сұхбат құрды.

Мұғалімдер династиясы

«ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері, Қайым Мұхамедханов туралы 10 томдық монографияның авторы, Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебайды «ғалым-директор» деп атаса да, асыра мақтағандық болмас.

Айта кету керек, Ербол Ісләмұлы – мұғалімдер династиясының өкілі. Оның әкесі мен анасы да, әпке, іні-қарындастары да, жары Қымбат Мұқанқызы да – мұғалім мамандығының майталманы.

Ұстазда да ұстаз бар ұлтқа ұстын

Ұлтқа ұстын болған ұстаздардың бірі, мүйізі қарағайдай Қайым Мұхамедхановтан білім алған жанның бағы бес елі екені даусыз. Бағына, бақытына орай тұнығы лайланбаған тау тұлғаның тәлімін алған кейіпкеріміз Қинаят Шаяхметұлы, Арап Еспенбетов, Бағила Сайлаубайқызы сияқты білгір ұстаздардың да тағылымды тәрбиесін көрген. 

«Иіліп жүріп игілікке жеткеннен гөрі – қарсыласып жүріп көрген қорлық артық» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Кеңес Одағының солақай саясатының құрбанына айналып, қанша қыспақ көрсе де, ешкімнің алдында бас имей, қасқайып қарсы тұрған Қайымның қайсарлығын батырлық деу, әлбетте, әбестік емес. Әдебиетте өшпес із қалдырған осындай қара нардай ұстазының өнегелі өмір жолы мен тұлғалық қасиетін зерттеп, содан рухани азық алатын шәкірті Ербол Іргебай Қайым Мұхамедханұлының есімі ендігі жерде елорда мектептерінің бірін иеленуге әбден лайықты екенін айтады. Егер бұл мақсат жүзеге асып жатса, Ербол Ісләмұлы сол білім ошағымен қолындағы бар материалын бөлісуге дайын көрінеді. Ұстазы Қайым Мұхамедханұлы мен Әлкей Марғұланды, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен хакім Абай сияқты ірі тұлғаларды пір тұтатын Ербол Іргебайдың өзін де қазақтың үлгілі һәм өнегелі азаматтарының бірі деп ауыз толтырып айтуға болады.

Лениннің орнын Абылайға босатқан

Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Тасбұлақ ауылындағы өзі білім алған мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған кейіпкеріміз 1988 жылы аталған аудандағы Лайбұлақ орыс мектебінің директоры болып тағайындалған. Сол мектептің бірер өзге ұлт өкілдеріне бола орыс тілінде білім беруін құп көрмеген ол тиісті мекемелерге хат жазып, еліміз әлі тәуелсіздік алмаған, Кеңес Одағының дәурені жүріп тұрған кездің өзінде аталған білім ошағын таза қазақ мектебі етіп қайтадан аштырыпты. Онымен қоса, қарсылықтарға қарамастан сол кезде кабинетінің төріндегі В.И.Лениннің портретін алғызып тастап, оның орнына Абылай ханның портретін ілгізіп қойыпты. Одан кейін Қарақол ауылы мектебінде директор, ауылдық кеңес төрағасы, 1994 жылдан бастап ауыл әкімі болған кездерінде де орыс көсемінің суреті әдеттегіше хан Абылайдың портретімен алмасып отырыпты.

Елордадағы елеулі еңбек

2000 жылы отбасымен елордаға қоныс аударып, мұндағы №11 химия-биология лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал 2005-2018 жылдар аралығында Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектептің директоры болып елеулі еңбек еткен өнегелі өмір иесі өткен жылдан бастап Оқушылар сарайына басшылық жасауда.

«№40 мектепке алғаш директор болып орналасқанымда ондағы білім сапасы көңіл көншітпейтін, тәртіп мәселесі де аса мәз емес еді. Бұзықтық жасау оқушылар үшін тіпті үйреншікті жағдайға айналған. Сол кездегі мұғалімдер де бұл жүйеге көндігіп қалыпты. Содан біздің алдымызда білім мен тәртіпті күшейту мәселесі тұрды. Мектебімізге Әлкей Марғұланның есімі берілгеннен соң оқушылардың ұлттық рухын, отансүйгіштік сезімін күшейтуге тырыстық. Шүкір, сол еңбектің бәрі еш кетпеді», – дейді Е.Іргебай.

Айтса айтқандай, Ербол Ісләмұлының басшылық жасаған уақытында бұл білім ошағында талай ілкімді істер қолға алынды. «Ұлылар ізімен» атты экскурсия дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, осы мектептің оқушылары Әлкей Марғұланның ізі қалған еліміздегі киелі мекендерге саяхат жасады. Мектепте Әлкей Марғұланның музейі ашылды. Оқушылар білім мен өнерден, спорттан жоғары жетістіктерді еселеді. Осындай елеулі еңбек пен ұжымның бірлігінің арқасында №40 мектеп 2015 жылы елордадағы «Үздік мектеп» атанды. Айта кетсек, биылғы жыл басында бұл мектеп лицей мәртебесіне ие болды. 

Ал былтырдан бастап Оқушылар сарайына басшылық жасап жүрген Ербол Іргебай онда да біраз шаруаның басын қайырды. 125 үйірмеде 14 мыңға жуық бала қосымша білім алатын қаладағы зәулім сарайға ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кетеуі кете бастаған жерлері қалпына келтірілді. 3D форматындағы экскурсия сияқты жаңа дүниелер іске қосылды. Сондай-ақ Білім басқармасының қолдауымен бірер мектепте Оқушылар сарайының филиалы ашылды.

Даланың дархандығы мен қаланың зиялылығын бойына сіңірген Ербол Іргебай – еңбекқорлығымен қатар, айналасына адал, кең пейілді, ақ жүректі азамат. «Алтын көріп, адал жолдан таймадым» деп ұстазы Қайым Мұхамедханұлы айтқандай, лайым қарапайымдылықтан танбай, әділдікті ту еткен, мақтауды сүймейтін, марапатқа да кенде емес мәртебелі мамандық иесі әрі білікті басшының еңбегіне жеміс, деніне саулық, отбасына бақыт, шығармашылығына табыс тіледік.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх