Мәдениет

«Қаллеки» театры жаңа маусымды «Абай» спектаклімен ашады

08 қазан, 09:1588
Автор: Elorda Aqparat

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры 9 қазан күні XXIX жаңа театр маусымын ашады, деп хабарлайды Елорда Инфо театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Театрдың жаңа маусымы қалыптасқан дәстүр бойынша Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклімен ашылады.

Маусымашар мерекесі сағат 17.00-де театр алаңындағы «Қызыл кілем» салтанатымен басталады.

Сағат 19.00-де театр сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы ұсынылады. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Әлімбек Оразбеков. 

Театр маусымының «Абай» қойылымымен ашылуының дәстүрге айналғанына биыл 10 жыл толып отыр. Спектакльдің премьерасы 2009 жылы шілде айында өтті. Осындай дәстүрдің қалыптасуына бірден-бір себеп, өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай рөлі болатын. Қаллеки сомдаған Абай образын туынды авторы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған болатын. Сондықтан болар, қойылымды сахналау аталған өнер ұжымына үлкен жауапкершілікті жүктейді.

XXIX жаңа маусым дүбірлі той – ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойымен ұласып жатыр.

«Қаллеки» театры сахнасындағы «Абай» қойылымының өз ерекшелігі бар. Спектакльде қос Абайдың бейнесін көре аласыздар. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов сомдаса, Абайды – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов сомдайды.

Елордалық көрермендер тағатсыздана күткен театр маусымы 9 қазаннан бастап күнделікті сағат 19.00-де театр репертуарындағы спектакльдерімен және жаңа премьералармен қуантады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх