• USD 385
  • EUR 434

Елорда резиденттері

Кәсіптің арқасында көп қарызымнан құтылдым – көпбалалы ана

14 маусым, 11:54466
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

«Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы бойынша бизнес бастаған елордалық көпбалалы, жалғызбасты ана Жәмила Наурызбаева Елорда Инфо тілшісіне берген сұхбатында өзінің дөңгелетіп отырған кәсібі туралы әңгімеледі.

Жабайы саудаға тосқауыл болу мақсатында 2016 жылы елорданың төл жобасы, «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы енгізілген болатын. Бұл жоба бойынша бүгінге дейін қалада 600-ге жуық жер учаскесі үлестірілген. Солардың бірі көпбалалы, жалғызбасты ана Жәмила Наурызбаеваның еншісінде.

Жалпы, Павильондардың барлығы QR-кодтармен белгіленген. Биыл тағы 100 жер учаскесі бөлініп отыр. Айта кетсек, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы биылдан бастап «Көше саудасына – 1000 орын» жобасы аясында тұрмысы төмен отбасыларға жылына 15 орынды конкурссыз негізде бөледі.

«Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы бойынша бизнес бастаған көпбалалы, жалғызбасты ана Жәмила Наурызбаева өзінің дөңгелетіп отырған кәсібі туралы кеңінен әңгімеледі.

Тұрмыс тауқіметі қатты қинап жіберді

Менің 5 балам бар. Оның екеуі ұл, үшеуі қыз. Үлкен ұлым 25-ке келді. Кіші қызым 9 жаста. Елордаға 2001 жылы Кентау қаласынан көшіп келдік. Ол кезде екі баламыз болған.

Мектеп бітірген соң 19 жасымда тұрмысқа шығып, университетте оқи алмадым. 22 жасымнан сатушы болып істедім. Жалпы, саудамен айналысуды 15 жыл бұрын бастадым. Осында келгенде алғашқыда 2002-2003 жылдары бұрынғы орталық базарда аяқ киім сататын орындарда сатушы болдым.

2007 жылдан бастап өмірдің қара сызығына тап болдым деуге болады. Басымыздан өте қиын кездер өтті. Тағдырдың жазуымен жұбайыммен ажырастық. Оған не себеп болғанын ешкімге айтқым келмейді. Оның үстіне, сол кезде бір айдың ішінде бірінен кейін бірі екі бауырым дүние салды. Өзіміз әкеден ерте айырылған болатынбыз. Жанымда жалғыз шешем мен балаларымнан басқа ешкімім қалмады. Жұмыс істейін десем, балаларым кішкентай. 4 жылдай үйде отырып қалдым. Бірақ қиналғанда қол ұшын созатын да ешкім жоқ. Балаларға төленетін жәрдемақыға күн көруге тура келді. Алайда жәрдемақы мөлшері ол кезде қазіргіден аз еді. Оған 5 баланы асырау мүмкін болмады. Жан-жақтан қарыз да қысып кетті. Бір кездері мешіт пен 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні қарсаңында белгілі бір мекемелер азық-түлік жағынан көмек көрсетті. Бірақ коммуналдық төлемді төлесең, тамаққа, оған тапсаң, тағы бірдеңеге, қалай тартсаң да ақша жетпеді. Балалардың тамағы, киімі, оқу құралы бар дегендей. Сол кезде бүкіл жауапкершілік жүгі тек менің мойнымда тұрды. Қатты қиналдық. Тұрмыс тауқіметін әбден тарттық. Әйел адамдардың табиғаты нәзік келеді ғой. Мұндай жағдайда ішкілікке салынып кететін басқа да жағдайлар аз емес. Бірақ ондайдан Құдай сақтасын. Аналық жауапкершілігімді ойлап, балаларымды дүниеге әкелген соң олардың дұрыс өмір сүруі үшін бар күш-жігерімді жинадым. Барлық қиындықтан шығуға тырыстым. Бір жағы намыстандым да.

Ешкімге алақан жайған жоқпын

Содан бір күні қалалық әкімдікке көмек сұрап бардым. Көмек сұрағанда да ешкімге алақан жайған жоқпын. Жергілікті билікке жағдайымды түсіндіріп, көпбалалы отбасыларға арналған қандай бағдарламалардың бар екенін, өз ісімді бастауға қандай көмек болатынын білдім. Бір сөзбен айтқанда, өз отбасымды асырауға мүмкіндік жасайтындай көшедегі сауда орындарының бірін беруді сұрап, сол жағынан қолдау көрсетулерін өтіндім. Бір мүмкіндік берілсе, әрі қарай өзім аяқтан тұрып кететінімді жеткіздім. Әкімдік бетімді қайтармады. Ол кезде қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун болатын. Ол Рысгүл Қауғабаеваға тапсырма берді. Маған олар Желтоқсан мен Жангелдин көшелерінің қиылысынан көкөніс сататын орынды ұсынды. Осылайша, саудамен айналысуға қайтадан кірістім. Кейіннен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша екі күндік курсын оқып, сертификат алдым.

Ұлдарым еңбекке ерте араласты

Екі ұлым да жастайынан еңбекке ерте араласып, жұмыс істеді. Сол кездерде олардың тапқан табысы да бізге үлкен көмек болды. Әрине, қазір де қиыншылықтар жоқ емес қой. Дегенмен Құдайға шүкір. Екі ұлымды оқыттым. Бірақ олар мектеп бітіргенде: «Біз оқымаймыз. Сіз қиналып жатқан кезде бізге оқудың қажеті қанша?» – деді. Оған ондайға жол бере алмадым. «Біз бұдан да қиын кездерден өткенбіз. Сондықтан білім алуларың керек», – деп кесіп айттым оларға. Оқушы күндерінде маған көмектескен кездерінде құқық қорғау органдарынан келіп: «Кәмелетке толмаған балалар мұнда неге тұр?» деп балаларымды үйге қайтаратын. Сонда олар: «Кәмелетке толмасақ та, анамыз ауыр көтеріп жүргенде үйде қалайша қол қусырып отырамыз?» дейтін.

Жалпы, қалалық әкімдіктен бізге көп көмек болды. Үлкен ұлымның сабақ үлгерімі жақсы болғандығының арқасында көпбалалы отбасының баласы ретінде университетте әкім грантын иеленіп, тегін білім алды. Қазір бір ұлым отбасын құрған. Олардың екеуі де бүгінде өз күндерін өздері көріп жүр.

Бастысы балаларымның тамағы тоқ, киімі бүтін

Әлбетте, қазір де шалқып кеттік деп айтуға болмайды. Бірақ бұрынғы жағдайымызбен салыстырғанда халіміз едәуір жақсарып қалды. Шүкір, бастысы балаларымның тамағы тоқ, киімдері бүтін. Күнделікті қажеттіліктеріне бұрынғыдай қысылмаймыз. Ешкімге қол жаймаймыз. 

Таңғы сағат 7.00-де жұмысқа шығамын. Содан кешкі сағат 21.00-де жұмысымды аяқтап, үйге жеткенімше түнгі 22.00 болады. Мен жоқта балаларыма анам бас-көз болады. Кішкентай қызым ұйықтап жатқанда шығып, ол ұйықтап жатқанда үйге келемін. Бірақ онсыз тағы болмайды. Бастысы балаларымды енді қалай асыраймын деген сұрақтан арылдым.

Ендігі мақсатым – баспаналы болу

Жұмыссыз отырған 4 жыл ішінде қарызымыз тым көбейіп кеткен болатын. Тіпті электр жарығының қарызы 200 мың теңгеге жетті. Емізулі баламның бар екенін айтып, тиісті мекемелерге жүгініп, қажетінше өтініш те жазып, жеңілдіктер көрсетілген. Осы кәсіптің арқасында сол қарызымның көп бөлігінен құтылдым.

Ендігі мақсатым – баспаналы болу. Содан соң балаларымның болашағы жарқын болса екен деп армандаймын. Олардың сабақ үлгерімі жақсы. Келешектерінен үлкен үміт күтемін. Солар үшін ештеңеден аянбаймын. Алдағы уақытта бизнесімді кеңейткім келеді. Алға қойған жоспарым көп. Өткенде әкімдікте қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың қабылдауында болып, ол кісіге өз жоспарымды айттым. Жергілікті билік барынша қолдау көрсететінін білдірді. Алайда жоспарларымды әзірге ешкімге жария еткім келмейді.

 «Көше саудасына – 1000 орын» – тиімді бағдарлама

Жұмыс істеп, табыс табамын деген жандарға 2016 жылы іске қосылған «Көше саудасына – 1000 орын» жобасы – өте тиімді бағдарлама. Мысалы, бұрын тұрған орнымыздың уақытын создыру үшін жыл сайын жүгіретінбіз. Ал қазір «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының осы жобасы бойынша орын 7 жылға жалға беріледі. Жалға алу уақытын одан әрі де создыруға болады. 

Сурет авторы Сұлтан СейітовСурет авторы Сұлтан Сейітов

Қазір менің дүңгіршегімнің көлемі – 18 шаршы метр. Оған жалға алу құны – айына 30 мың теңге. Бұл орынды конкурс арқылы алдым. Қалалық әкімдік пен «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы менің жағдайымды ескере отырып, конкурстық негізде осы орынды ұсынды. Сол үшін оларға айтар алғысым шексіз.

«Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасының артықшылығы барлық құжат бойынша тек «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ғана жүгінесіз. Ал бұрын көп жерге барып, табанымызды тоздыратынбыз.

Әзірге қожайын да, жұмысшы да – өзім

Жеміс-жидек, көкөністерді күнделікті базардан сатып алып келемін. Дүңгіршектің қожайыны да, жүк көтергіш те, сатушы да, тазалықшы да – барлығы өзім. Өйткені қосымша жұмысшыға жалақы төлейтін әзірге жағдайым жоқ. 

Сурет авторы Сұлтан Сейітов

Бірақ тауар тасымалдауда бір мәселе бар. Базардағы көтерме саудагерлер күнделікті бағаны мың құбылтады. Мысалы, мен бір өнімнің келісін базардан бүгін 300 теңгеден сатып алып, оны 350 теңгеге саттым делік. Ертең көтерме саудагер дәл сол өнімнің келісін маған 500 теңгеге сатуы ғажап емес. Ал мен дүңгіршектегі бағаны бірқалыпты ұстап тұрмасам, клиенттен айырыламын. Егер өнімді көп мөлшерде алып келсем, екі күннен соң бұзылып кетуі мүмкін. Құзырлы органдар осы көтерме саудагерлердің мәселесін реттеп, бағаны қатаң бақылауға алса екен деген тілегім бар.

Жетістікке жету үшін тынбай іздену керек

Басында өзімізге лайықтап дүңгіршек жасадық. Ал қазіргі павильонды жасатудың шығыны 3 миллион теңгеге шықты. Бұл павильондар елордаға сай болуы керек деген талап қойылған соң оның қымбатқа шыққанына қарамастан жасаттық. Бірақ менің қолымда ондай сома болмады. Содан павильонды жасайтын кәсіпорынға барып, жағдайымды айтып, оның ақысын бөліп төлеуге келістік. Қарызды келіскен уақытында төлеп шықтым. Қазір бұл павильон өз меншігімізде. Ол да біз үшін бір жетістік болды.

Жалпы, кәсіпкер павильон айналасындағы 5 метр жердің тазалығын өз міндетіне алады. Сонымен қатар келісімшартта көрсетілгендей, павильон ағаш яки темір материалдан тұрғызылуы тиіс және орнынан қозғауға ыңғайлы болуы шарт. Өйткені ол мемлекеттің жері болғандықтан, онда кез келген уақытта жер асты кәріз жүйесін немесе кабельдерді ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізілуі мүмкін. «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының талабы осындай. Біздің павильонымыз осы талаптардың барлығына сай.

Өзім сияқты көпбалалы аналарға айтарым, ең бірінші әркімнің бойында балаларына да деген үлкен жауапкершілік болуы керек. Дегенмен қазіргі уақыттағы жәрдемақы мөлшері жаман емес қой. Мемлекеттен тиісінше көмек беріліп жатыр. Мысалы, мен бұрын 5 балама 45 мың теңге жәрдемақы алсам, қазір әр балаға 21 мың теңгеден беріледі. Бірақ қайдан көмек келеді деп, қол қусырып отырмай, әр адам «балаларды асырау үшін не істеу керек?» деген сұраққа тынбай іздену қажет. Өзінің қолынан келетін іспен айналысып, сол бойынша тиісті мекемелерге жүгініп, қажет болса табалдырығын тоздыру керек. Әлбетте, бізге де қайырымды жандар қол ұшын созып жатса, нұр үстіне нұр. Бірақ өз басым мемлекетке масыл болмай, баспанаға – бәріне тек өз күшіммен қол жеткізгім келеді.

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх