• USD 385
  • EUR 434

Жолдау-2019

Жолдауда халықтың көкейінде жүрген бірталай бастама көтерілді - Расул Жұмалы

12 қыркүйек, 11:3367
Автор: Elorda Aqparat

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы Жолдауында көптен бері халықтың көкейінде жүрген бірталай нақты бастама көтерілді. Солардың бірі – шенділердің санын қысқарту мәселесі. Жалпы, Мемлекет басшысының (Тұңғыш ­Президент Н.Назарбаевтың және қазіргі Президент Қ.Тоқаевтың) Жолдауларында  қоғамдағы аса күрделі, шешімін таппаған мәселелер айтылады. Ұтымды ұсыныстар, байыпты бағдарламалар жарияланады. Алайда, өкінішке қарай, көпшілік жағдайда осы уәделер іске аспай жатады.

Президент бұл жолғы Жолдауда шенділердің санын алдағы 4 жылда 25 пайызға (бұған дейінгі Президент Жолдау­ларында 30 пайызға дейін қысқарту туралы айтылған) қысқарту жөнінде мәлімдеді. Біздің елімізде шенділердің саны өспесе, қысқарған емес. Мәселен, ресми түрде қысқарады да, бірақ квазимемлекеттік секторға, ұлттық компанияларға өтіп кетеді. Сөйтіп қала береді. Бірақ осы Жолдауда бұл мәселе тағы көтерілді. Халықтың үміті зор. Қасым-Жомарт Кемелұлының өзінің де осы мәселені нақты шешуге деген саяси ерік-жігеріне сеніп отыр. Қазір әлеуметтік желілерді қарасаңыз, Жолдауға қатысты айтылған ең негізгі уәж  – Президенттің берген уәделері құр сөз болып қалмай, іске аса ма, әлде аспай ма дегенге алаңдаушылық. Меніңше, биліктің халықтың өзіне деген сенімін қайтару, абыройын сақтап қалу тұрғысынан осы уәделердің ең болмаса бірқатары кешенді түрде орындала бастаса, бұл биліктің абыройын өсіреді. Сондықтан осындай үміт бар.

Ал шенділердің санын 25 пайызға қысқарту деген мәселе баяғыдан-ақ пісіп-жетілген. Себебі біз­дің сарапшы-мамандар халықаралық тәжірибені ескере отырып, осы мәселені кезінде талдады. Мысалы, жан басына шаққанда Жапония, Германия сияқты елдерде шенділердің саны қанша болу керек, олардың аз-көп болуы қаншалықты ұтымды, оңтайлы деген мәселені зерттеді. Осы критерийлерге қарағанда, Қазақстанда шенділердің саны шын мәнісінде өте көп. Өкінішке қарай, олардың санының көптігі ұтымды, сапалы басқаруды білдірмейді. Шенділер көп болғаннан кейін өзінің пайдасы бар екендігін көрсету үшін, кейде тіпті экономикалық реформаларға, кәсіпорындардың, жоғары оқу орындарының жұмысына кедергі келтіреді. Әртүрлі жаңа қажетсіз құжаттар ойлап табады, тексерістерді үдетеді. Қоғамның, мемлекеттің дамуына жәрдемдесудің орнына, керісінше, кедергі, тұсау жасайды. Сондықтан олардың санын қысқарту қажет. Бұл – реформалардың бір жағы.

Бірақ мемлекеттік қызмет дегенде басқа да күрделі проблемалар жеткілікті. Мәселе тек шенділердің санын қысқартуда емес. Құр қысқартумен мәселе шешілмейтіні анық. Яғни мемлекеттік қызметке сапалы, тәжірибелі, мемлекетшіл, қолынан іс келетін азаматтарды жинау керек. Егер де кадрларды қабылдау мәселесі ашық, айқын болмаса, билікте  сол бүгінгідей тамыр-таныстық кең етек алып, кездейсоқ адамдар қала береді. Сондықтан кадрларды жасақтау, іріктеу, таңдау, қабылдау мәселесі айқын, әділ болуы тиіс. Себебі қолынан іс келетін мамандар жеткілікті. Өкінішке қарай, жұмысқа олар емес, басқа бір кездейсоқ адамдар қабылданады. Президенттің бұл мәселені көтергенін бәріміз мақұлдаймыз. Соның оң шешілетініне үміттенеміз. Ал нәтиженің қандай болатынын уақыт көрсетер.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх