Руханият

Жүз жылдық жылнама жарық көрді

11 маусым, 15:42239

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ғасырлық мерейтоына орай «Жүз жылдық жылнама» аты 5 томдық жинақтың таныстырылымы болды, деп хабарлайды Елорда Инфо. 

Биыл бір ғасыр толып отырған еліміздің бас басылымының тарихы 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынборда алғаш жарық көрген «Ұшқын» газетінен басталады. Одан кейін де газеттің аты бірнеше рет өзгерді. Жаңа жинаққа «Ұшқын» газетінен бастап, 1976 жылғы «Социалистік Қазақстан» аталған басылым аралығындағы материалдар топтастырылды. Әсіресе, кітапқа өткен ғасырдың 20-30-шы жылдардағы Алаш азаматтарының ел, жер, ұлт мәселесін кеңірек қозғаған толғамды мақалалары толық қамтылған.

Таныстырылымда жылнаманы құрастырушылардың бірі, публицист Жанболат Аупбаев жинаққа кірген кейбір деректердің сырын ашты.

«Біз бұл кітапқа танымдық дүниелерді беруге баса мән бердік. 1943 жылы 15 қазанда КСРО жоғары кеңес президиумының жарлығымен тұңғыш рет қазақтан шыққан әскери адамға генерал шені берілді. Ол – Шәкір Жексенбаев деген азамат. 1950 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жиынында Павлодар облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Сорокин дегеннің: «Біздің өңірде Мәшһүр-Жүсіп деген кісінің зираты жатыр. Соған елдің бәрі барып, тәу етеді. Оған қазақтың жазушылары да барады» деп айтқан сөзі жарияланған. Осы сөз қазақ зиялыларына «пәле» болып жабысады. Осыдан бастан Мәшһүр атамызды сынға алып, ақыры ардақты тұлғаның зиратын қиратқан», – деді ол.

Сондай-ақ қаламгер газет тігінділеріндегі суреттердің де тарихы мол екендігін айтты.

«Қостанай облысынан Әбілғазин деген кісінің суреттері жарияланыпты. Бір сурет астында «Әміре Қашаубаевтың қызы Қостанай облыстық филармониясында әнші болып жұмыс істейді» деп жазылған. Біз осы деректі де суретімен бердік», – деді Ж.Аупбаев.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх