• USD 380.4
  • EUR 425

Қоғам

Жыл басынан бері елордада 64 адамның спидке шалдыққаны анықталған

18 мамыр, 11:29476

Астанада 21 жыл ішінде ЖИТС/СПИД ауруын  жұқтырған мың жарымға жуық адам тіркелген болса, оның ішінде 42 адам көз жұмған. Былтырғы жылдың төрт айында аталмыш індеттің инфекциясына 72 адам шалдықса, биыл 64 адам осы дерттің тұзағына түскен. Бұл туралы  Астана Менеджмент және бизнес колледжінде ЖИТС орталығы мамандары, қаладағы бірнеше колледждердің студенттері және оқу орнының қызметкерлерінің қатысуымен «Ұмытпаймыз, білеміз, жеңеміз!» тақырыбы аясында өткізілген акция барысында мәлім болды, - деп хабарлайды Елорда инфо.

Спид кеселі жер бетіндегі барша адамзатқа өлім уын сеуіп, қаншама миллииондарды ажал құштыруда. Аталған аурумен әлем болып күрес жүргізіліп келеді. Алайда оған қарсы қанша күрес жүргізілгенмен әзірге аты жаман кеселге тоқтам болмай тұр.

Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде бүкіләлемдік ЖИТС (СПИД) құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Бұл күні өткізудің мақсаты – әлемді қоғамның АИТВ/ЖИТС-ң таралу мәселелеріне көңіл бөлуі, АИТВ-жұқтырғандарды әлеуметтік қорғау, ауруды емдеу және алдын алу. Осыған орай Астана Менеджмент және бизнес колледжінде ЖИТС орталығы мамандары, қаладағы бірнеше колледждердің студенттері және оқу орнының қызметкерлерінің қатысуымен «Ұмытпаймыз, білеміз, жеңеміз!» тақырыбы аясында акция ұйымдастырды.

Шарада Астана қалалық ЖИТС/СПИД-ке қарсы күрес және оның алдын алу орталығының бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Берікқызы ЖИТС туралы мәлімет беріп, жастарға одан аулақ болудың жолдарын түсіндірді. Оның айтуынша, адамның иммун тапшылығының вирусы (АИТВ) бүгінгі күні тек қана медицина қызметкерлерін ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе.

«Әсіресе өздеріңіз сияқты қыршын жастардың осы аурудың қақпанына ілігуі бізге үрей туғызып отыр. Оның себебі албырт жастарымыздың аталмыш аурудың жұғу жолдарына мән бермеуінде. Қазіргі таңда ауруды жұқтырушылардың 70 пайызын жыныстық жолмен жұқтырушылар  құрауда. Сол себептіде біз сіздермен жиі жүздесіп, аурудың алдын алу мақсатында осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз» – деді Салтанат Мусина.

Мамандардың берген мәліметіне сүйенсек, мәселен, бас қалада былтырғы жылдың төрт айында аталмыш індеттің инфекциясына 72 адам шалдықса, биыл 64 адам осы дерттің тұзағына түскен.  Қаламызда үдемелі өсіммен алғанда бүгінге дейін 1489 адамда АИТВ анықталған. Осының 42-сі СПИД-тің салдарынан көз жұмған. Аталмыш дерт өткен ғасырларда өлімге әкелетін сырқат болып саналатын еді, қазіргі таңда АИТВ жұқпасы созылмалы ауру ретінде қаралады. Бұл пациенттің өмірін жылдарға және ондаған жылдарға созып, жанама әсері аз болатын тәжірибеге  антиретровирусты терапияны, емдеудің жаңа дәрілік заттарын енгізумен байланысты болытн көрінеді.

Осы орайда Андрей есімді азамат өзінің осы дертпен қаншама жылдар күресіп жүргенін айта келе:

«Ауру айтып келмейді. Дегенмен жастар әсіресе дауасы жоқ СПИД тен сақ болыңдар. Бастысы жұғу жолдарын біліңдер. Денсаулықтарыңа сауатты болыңдар. Мен өткен өміріме өкінемін, бірақ бүгініме де тәубе етем. Осы дерттің салдарынан қаншама жандар көз жұмды. Ал мен сіздердің алдарыңызда тұрмын. Өткеніңнен сабақ алсаң, болашағыңды жоспарлауға болады екен», - деп жастармен сыр бөлісті.

Қазір АИТВ жұқпасын жұқтырған адам уақытылы ем-домын қабылдап, салауатты өмір салтын ұстанған жағдайда биологиялық қарттық жасына дейін өмір сүре алады дегенді жиі айтады мамандар.

Сондай-ақ аталмыш мекемелерде жастарға аурудан сақтану жолдары туралы қысқаша жазылған ақпаратттық парақшалар таратылды. Мамандар қазіргідей айлық қарсаңында кез келген азамат нәтижесі 15 минуттың ішінде белгілі болатын қандағы АИТВ-инфекциясын анықтау бойынша экспресс-тестіден өту мүмкіндігіне ие бола алатынын айтты.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар




Наверх