Қоғам

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жобалар қала тұрғындарымен келісіледі

22 қазан, 22:3747
Автор: Elorda Aqparat
Фото: informburo.kz Фото: informburo.kz

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде көлік кептелісі мен жол-көлік оқиғаларының себептері, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар талқыланды, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Естеріңізге салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі мәжілісте жолдарда жарақат алу мен өлімді азайту мақсатында қозғалысты басқару деңгейін көтеру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Әкімдікте өткен жиында Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов жол-көлік оқиғаларын азайту үшін, ең алдымен білім беру нысандары маңында жол белгілері, ақпараттық тақталар, жасанды соққылар және жаяу жүргіншілерге тосқауылдар қойылғанын атап өтті.

Оның пікірінше, бағдаршамдардағы сары және жасыл жарықтың жыпылықтайтын уақытын 3-тен 5 секундқа дейін ұзарту жол апатын 16 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Ержан Сәденов сонымен қатар жолдарда шуыл жолақтарды және боллардтарды, яғни көліктердің аумаққа кіруіне кедергі келтіретін арнайы жабдықтарды орнату, жолдардың жекелеген учаскелерінде жылдамдықты шектеу және бағдаршамға жақындағанда тротуарларды абаттандыру идеяларын ұсынды. Одан бөлек, ол велосипед өткелдеріне және кері қозғалысқа да тоқталды.

«Кері қозғалыстың арқасында көшелердегі көлік нөпірін жеңілдетуге болады. Мысалы, егер таңертеңгілік уақытта көліктің негізгі ағыны бір бағытта, ал кешке басқа бағытта қозғалатын болса, онда әдетте, қарама-қарсы жолақтар бос болады. Оларды қажетті бағытты дұрыс таңдап қолдануға болады», – деді ол.

Ал өз кезегінде «Көркем Телеком» ЖШС-тың жоба жетекшісі Қайрат Ахметов қаладағы өзекті мәселелердің бірі шетелдік нөмірі бар автокөлік иелерін сәйкестендіру екенін айтты. Оның сөзінше, жалпы сомасы 800 млн теңгеден асатын 60 мың ереже бұзу дерегі тіркелген.

Бұл тұрғыда қала әкімі Алтай Көлгінов жол ережелерін бұзушыларды жазасыз қалдыруға болмайтынын айтты. Өйткені жазасыздық қатерлі жағдайларға әкелуі мүмкін.

Айта кетсек, қала көшелеріндегі қауіпті учаскелерде қосымша 13 бағдаршам, 10 жаяу жүргінші белгісі орнатылып, бағдаршам тіректері жарықтандырылған.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх