Елорда резиденттері

Жинаған коллекциямды джипке айырбастамадым – Қайырбек Рамазанов

15 тамыз, 17:43372
Фото авторы Бота Ибраева Фото авторы Бота Ибраева

Бүгінгі коллекция – ертеңгі тарих. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі 50 жылдан бері түрлі сала бойынша 20 мыңнан аса әртүрлі зат жинаған астаналық коллекционер Қайырбек Рамазановпен сұхбат құрды. 

– Қайырбек аға, қай кезден бастап коллекция жинап жүрсіз? Бұл істі қалай бастадыңыз?

Бұл істі 1969 жылдың қарашасынан бастадым. Бір күні теледидардан металлургтер сарайында коллекционерлердің көрмесін көрсетті. Бірақ байқасам, олардың арасында бірде-бір қазақ жоқ екен. Барлығы – орыс, неміс, украин сияқты өзге ұлттың өкілі. Сол күннен бастап мен де коллекция жинауға деген құлшыныс пайда болды. Ол кезде төсбелгілер дүңгіршектерде, дүкендерде сатылатын. Таныстарым да қолда бар заттарын беріп отырды. Содан 1970 жылдан бастап коллекецияны түбегейлі жинауға кірістім. 50 жылдан бері бүгінгі күнге дейін жинап келемін. 

– Бұрын қайда жұмыс істеп едіңіз? Коллекцияны қалай жинайсыз? Заттарды кімдерден аласыз?

– Мен зейнеткерлікке шыққанша осындағы «Востокмашзавод» зауытында жабдықтаушы болып жұмыс істедім. Мен туралы зауыттың газеті жазған соң коллекция жинап жүргенім жайлы естіген адамдардың бәрі қолда бар заттарын маған әкеліп бере бастады. Содан қатардағы жұмысшылардан бастап зауыт басшысына дейін маған түрлі монета, төсбелгі, медальдарды тегін беріп отырды. Зауытта зейнеткерлікке шыққанша істедім. Соған дейін ондағы жұмысшылар маған қолындағы заттарымен бөлісті.

Сол кездерде комсомолдар, кейіннен де түрлі мекеме, ұйымдар мені шақырып, көрме ұйымдастырды. Көрмелерім теледидардан да талай мәрте көрсетілді. Университеттерге де барып тұрдым. Мысалы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен көрмеде менің коллекциям 25 үстелге қойылды. Келушілер жылы қабылдады. Содан соң Назарбаев университетінде де ұйымдастырылды. Онда менің жинап жүрген заттарыма қызығушылық танытып, таңырқай қараған шетелдік оқытушылар көп болды. Көрмені көруге келгендер де маған өздерінде бар монета, төсбелгі, медаль сияқты заттарын беріп кетеді.

– Коллекцияны қай сала бойынша жинайсыз? Болашақта жинаған заттарыңызды кімге қалдырмақ ойыңыз бар?

– Қазір зейнеткер болсам да, коллекция жинауды әлі күнге тоқтатқан жоқпын. Заттарды түрлі сала бойынша жинаймын. Нақтырақ айтқанда, комсомол, партия, кәсіподақ, медицина, оқу орындары, ақындар, жазушылар, әлемдік деңгейдегі тұлғалар, ғарыш, темір жол, атвокөлік – бәрі-бәрі туралы белгілер жиналды. Мысалы, спортшылар шақырса, оларға осында өткен ірілі-ұсақты жарыстардың, чемпионаттардың белгілерін көрсетемін. Жалпы, қолымда бар затты жоғалтпай сақтаймын. Ескі затты арзанға сатып алып, реті болғанда оны қымбатқа сататын кейбір коллекционерлер бар. Бірақ мен ондаймен мүлде айналыспаймын. Мен алғашқы күннен бастап жинағанымды соңына дейін сақтауды мақсат тұтқанмын. Осы уақытқа дейін 20 мыңнан аса коллекция жинадым. Бірақ мен де мәңгілік емеспін. Егер ертең өмірден өтсем, қолымдағы коллекцияның барлығын тек музейге қалдырамын. Ал бұл жәдігерлерді болашақ ұрпақ тамашалайтын болады. 

Егер көздеріңізге медальдар, монеталар түссе, оны тастамай, маған беріңіздер. Бұл тұрғыда словян халқының қолы ашық. Егер көне зат болса, бере салады. Ал өзіміздің кейбір ағайын ондай заттың қызығын не өзі де көрмейді, не маған да бермейді. Сөйтіп, онысы біреудің қолына түссе, ол шетел асырып жіберуі мүмкін. Ал мен, керісінше, ондай тарихи құнды заттардың шетелге жөнелтілгенін қаламаймын. Қолыма түскен затты сатпаймын да, қайта оны сары алтындай сақтаймын. Егер менің ісімді жалғастыруға ниетті адам болса, коллекцияның шетін бұзбай, әрі қарай жинай берер еді.

– Сіздің коллекцияңызға құда түсіп, сатып алуға ұсыныс білдіретін адамдар бола ма?

– Иә, бір кездері менің коллекцияма құда түсіп, оның орнына зауыттан енді ғана шыққан су жаңа джипті ұсынғандар да болды. Бірақ мен бірден бас тарттым. Мейлі мен аш қалайын, мейлі кедей болайын, бірақ 50 жыл бойы жинаған коллекциямды ештеңеге айырбастамаймын. Өйткені адамдар әр кездері маған бұл заттарды сыйға берді. Олар менің болашақта оны сатпайтыныма сенді. Сондықтан олардың сенімін таптағым келмейді. Ең бастысы сенім.

– 50 жыл ішінде жоғалтқан заттарыңыз болды ма?

– Егер қазақстандықтар осындай коллекционерлердің жанкүйері болса, коллекцияға деген қызығушылықтары жоғары болса, мен ендігі жерде әлемдік гинестік рекордтар кітабына енер ме едім, кім білсін? Жалпы, рекорд жаңартар едім деп ойлаймын. Немесе жеке музейім болар ма еді. Бірақ оның бәрі ақшаға келіп тіреледі. Ал менің қолымда көпшілікке беймәлім құнды заттар жетерлік. Алайда осы уақытқа дейін айырылып қалған заттарым да болды. Стақан, қасық сияқты көне ыдыстар, қазіргі жастар көре қоймаған ескі құрал-саймандар, өте ескі шегелер, мөрлер, кілттер болды. Маған оларды басқа заттарға, яғни ордендер мен медальдарға ауыстыруға тура келді. Егер сол жас кезімде қажетті қаражатым болғанда мен ол құнды заттарды мүлде ештеңеге айырбастамас едім. Қазір сол үшін қатты өкінемін де. Тіпті жүрегім сыздайды.

– Жалпы, жинаған коллекциядан бөлек, өзіңіз қандай да бір орден-медальдардың иегері атандыңыз ба?

– Жоқ. Менің ешқандай атақ-даңқым жоқ. Өзім де ондайға аса ұмтылмадым. Бұрын зауытта істеп жүргенімде тек суретімді құрмет тақтасына іліп қойған болатын. Өйткені мен ішімдік ішіп, темекі тартпайтынмын, бұзықтық жасамайтынмын. Жұмысқа түзу барып, өзімнің міндетімді мүлтіксіз атқаратынмын. Басшылықтың сол жұмысымды бағалағаны шығар.

– Тарихи жәдігерлерді көбейту үшін коллекционер ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Батыс елдерінде қандай да бір редакция немесе жаңадан компания құрылса, олар бірден өздерінің эмблемаларының, яғни логотиптерінің медалін, төсбелгісін, жетонын және «брелогін» де жасап шығарады. Жасап қана қоймай, компания қызметкерлері соның төсбелгісін тағып алады. Содан-ақ мамандардың қай компанияда қызмет ететінін байқауға болады. Бұл – бір жағынан мәдениет. Мысалы, сол компания 5 жыл сайын логотипін өзгертсе, бұрынғылары тарихта қалады.

Байқауымша, сіздердің бірде-біреуіңізде медиакомпанияның төсбелгісі жоқ. «Elorda aqparat» жақында логотипін өзгертіпті. Енді бұрынғысын да, қазіргісін де төсбелгі етіп шығарса құба-құп болар еді. Өйткені ол тарихта сонымен қалады. 

«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өткен кезде мен оған 5 рет бардым. Кейбір елдің өкілдері монета сияқты заттарымен бөліссе, енді бірі мүлде бермеді. Жалпы, «ЭКСПО – 2017» деген монета шығару керек еді. Мен ол туралы құзырлы органдарға айттым да. Бірақ сол күйі шығарылмады. Сол сияқты елімізде бірнеше рет халық санағы өтті. Онда да ешқандай монета, төсбелгі шығарылмады. Осындай оқиғалар өтеді де, кетеді. Ал оның тарихта қалуы үшін монеталар мен төсбелгілерді уақытында шығарып отырған дұрыс. Мысалы, менде Кеңес Одағы кезінде өткен санақтардан қалған 5-6 монета бар. Жалпы, бізде тек Парламент депутаттарының кеудесінен ғана арнайы төсбелгіні көреміз. Ал басқа қарапайым адамдарда ондай мүлде жоқ деуге болады. Былтыр елорданың 20 жылдығы тойланды. «Астана 20» деген логотип жасалды. Бірақ оның да төсбелгісі шығарылмады. Бұл жағынан бізге қарағанда Ресей әлдеқайда алда. Онда монета, төсбелгі бәрі шығарылады. Мен негізінен солардан аламын.

– Сұхбатыңызға рақмет!



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх