Жолдау-2019

«ЖАҢАРУ» жалпыұлттық қозғалысы жемқорлықты барлық көріністерінде жоюға күш салады

19 қыркүйек, 18:39137
Автор: Elorda Aqparat

Жолдауда бірнеше жылдан бері сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес мәселесі күн тәртібінен түспегені, сонымен қатар, орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына сарапшылар мен қоғамның қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы қалпына келтіру қажеттілігін ерекше атап өтті.

Сыбайлас жемқорлық қылмысы болған орында бірінші басшысы заңнамалық және нормативтік тұрғыдан жауапты болуы керек.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган қызметкерлерінің заңсыз жұмыс әдістері мен арандатушылық әрекеттері байқалған жағдайда жұмыс әдістерін қатаң бақылап, тергеу орындарынан шеттеткен жөн.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жетілдіру бойынша қабылданған шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны қазақстандықтар толығымен қолдайды. Жағымды өзгерістермен қатар мемлекеттік органдар, сондай-ақ азаматтар тарапынан болатын құқықтық нигилизмнің көрініс табуы алаңдатушылық туғызады.

Ресми құқықтық статистикаға сәйкес (1-ші форма), прокуратура органдары 2018 жылы мемлекеттік органдардың 2878 заңсыз актілеріне наразылық білдірді, 4 миллионнан астам әкімшілік іс тіркелді, прокурорлық қадағалау актілері 15,7 миллион адамның құқығын қорғады. Мемлекеттік ішкі аудит органдары жыл сайын қаржылық тәртіптің миллиардтаған заң бұзушылықтарын тіркейді.

Осыған орай, «Жаңару» бірлестігі кезек күттірмейтін мынадай ұсыныстарын жариялайды:

Біріншіден, нақты мерзімдері мен орындаушысы бар жол картасы түрінде алдағы үш жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны әзірлеу.

Екіншіден, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көрініс­терінде одан тұрақты түрде бас тартуды алдын алу және қалыптастыру. Бұл үшін, жұмысты қоғамдық ұйымдарға жүктеп, «Білім қоғамы» қағидаты бойынша халық арасында ағарту жұмыстарын күшейту маңызды болып көрінеді.

Үшіншіден, соңғы екі жылда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта насихат жүргізу іс жүзінде гранттық қаржыландырудан алынып тасталды. Біз уәкілетті органның бұл ұстанымын қате және негізсіз деп санаймыз.

Төртіншіден, жақын арада саяси мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен мүлкі туралы декларациялардың міндетті түрде жария етілуі туралы шешім қабылдау.

Бесіншіден, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қыз­метінің барынша ашықтығын қамтамасыз ететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатты жүргізу үшін өңірлер мен орталық мемлекеттік органдардың ресми рейтингісін енгізу.

Алтыншы, қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің жергілікті іс-шараларын насихаттау үшін 2015 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да облыстарда жұмыс істейтін «ЖАҢАРУ» қозғалысының қоғамдық сенім орталықтарының тәжірибесін пайдалануды ұсынамыз.

Жетіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама практикасына қайта оралып, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, сондай-ақ қолданыстағы заңдарды тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық ұйымдарға беру.

Сегізіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық ұйымдарға жүктеу.

Тоғызыншы, мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу жүргізетін журналистер мен жарияланымдарға қолдау көрсету және қорғау.

«ЖАҢАРУ» жалпыұлттық қозғалысы жемқорлықты барлық көріністерінде жоюға күш салады. Біз Президент Жолдауында айтылған мәселелердің халық арасында қолдау тауып, оны жүзеге асырудағы жобалар оң нәтиже беретініне сенімдіміз.

Дәулеткерей РАХМЕТУЛЛИН,

«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»

РҚБ төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх