Экономика

Жеке тұлғаларға 2 млрд теңге көлемінде өсімпұл есептен шығарылды

07 қараша, 16:2145
Фото ОКҚ баспасөз қызметінен Фото ОКҚ баспасөз қызметінен

Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық басталып, 9,5 млрд теңге берешегін төлеген 400 мыңнан аса азаматқа 1,9 млрд теңге өсімпұл есептен шегертілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Спикердің сөзінше, салықтық рақымшылық аясында өткен жылдары үшін негізгі қарыз сомасын төлеген жеке тұлғалардың өсімпұлдары шегеріледі. 

«Осы жылдың тамыз айынан бастап жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық басталды. Салықтық рақымшылық шеңберінде біздің азаматтар өткен жылдар үшін салықтық міндеттемелері бойынша негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда оларға өсімпұлдар шегерілетін болады. Әртүрлі себеп бойынша жеке тұлғаларда елеулі қарыз сомалары бар. Мысалы, жылжымайтын мүлікті сатуға байланысты есептелген көлік салығы немесе жеке табыс салығы. Салық кодексіне сәйкес, мерзімін өткізіп алған күн үшін есептелетін өсімпұлдың мөлшері азаматтарымыздың жағдайын қиындатады», – деді ол. 

Төраға орынбасарының айтуынша, қазіргі уақытта 9,5 млрд теңге берешегін төлеген 400 мыңнан аса азаматтың 1,9 млрд теңге өсімпұлы шегертілді.

«Өткен салықтық кезеңдер үшін жиналған қарыздары бар жеке тұлғалар ағымдағы жылдың соңына дейін негізгі қарызды өтеп, салықтық рақымшылықты пайдалана алады. Бұл ретте есептелген өсімпұлдар мемлекеттік кірістер органдарымен автоматты түрде есептен шығарылады. Қазіргі уақытта 9,5 млрд теңге берешегін төлеген 400 мыңнан аса азаматтың 1,9 млрд теңге өсімпұлы есептен шегертілді», – деді Ж.Іңкәрбаев.

Салықтық рақымшылық ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады. Өзінің берешек сомасын салық төлеуші ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында жүзеге асырылған «Салықтық берешектің бар/жоқтығы туралы ақпарат» сервисі арқылы және электронды үкімет проталында біле алады. 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх