• USD 380
  • EUR 436

Астана резиденттері

Жақсылық Досқалиев: Әкем дүниеден өтерде дәрігер боламын деп серт бердім

13 қараша, 15:58910

«Мені атағым ешқашан асыраған емес. 39 жыл болды күнімді хирургияның арқасында көріп келемін». Бұл медицина ғылымдарының докторы, академик, Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтің Елорда Инфо тілшісіне берген сұхбатында айқан сөзі. Санаулы күннен соң Жақсылық Ақмырзаұлы 63 жасқа толады. Осыған орай, біз белгілі хирургті құттықтап барып, аз-кем тілдесіп қайттық. Оның отандық трансплантологияның жай-күйі, хирургиядағы 40 жылдық тәжірибесі, шәкірт тәрбиелеу және орындалмаған арманы туралы айтқандарын қаз-қалпында ұсынамыз. 

Трансплантология туралы

Қазіргі күні Қазақстанда трансплантология саласы қарқынды дамып жатыр деп айта аламыз. 2012 жылдан бастап ағза алмастыру отасы жасала бастады. Тіпті, осы күні науқастар Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Өскемен, Алматы мен Астанада бүйрек ауыстыру отасын жасай алады. Бұған қоса, Ақтөбе, Шымкент, Алматы мен Астанада бауыр алмастыру күрделі отасы жасалады. Қазақстан сияқты дамып жатқан мемлекет үшін ол өте үлкен жетістік. Трансплантология саласының дамуымен қатар елімізде медициналық туризм де дамуда. Бізге Израиль, Румыния, Өзбекстан, Қырғызстаннан науқастар жиі келеді. Астана мен Алматыдан бөлек, Шымкент пен Тараз сынды өңірлерге алыс шетелден науқастар өз донорларымен келіп жатады. Бұл біздің хирургтарымыздың бәсекеге қабілетті және беделінің жоғары екенінің көрсеткіші. Әрине, бұл жерде баға мәселесі де бар. Өйткені, біздің елде аталған елдермен салыстырғанда ағза алмастыру отасының бағасы әлдеқайда төмен. 

Донор тапшылығы 

Әлбетте, бұл жетістік аталған салада проблема жоқ дегенді білдірмейді. Трансплантология саласында бірқатар мәселе бар. Біріншісі, донорлық ағза жетіспейді. Соңғы 5-6 жылда шамамен 2700 адам бүйрек алмастыруды күтіп отыр. Олар аппаратқа байланып, программалық гемодиализ алып отырған адамдар. Гемодиализ адам өмірін ұзартады деп жиі айтамыз, алайда диалездік аппараттар барлық аудан орталықтарында бар деп айта алмаймыз. Науқастар ағзасын тазарту үшін жүздеген шақырым жол жүріп барады, одан соң артқа кері қайту оңай емес. Сол себепті, ол науқастар ағза алмастыруды жылдар бойы күтіп жүр. Екіншіден, елімізде тірі донордың ағзасын транспланттау дамып келеді. Науқастар донорды өздері табады, ол туған-туысы немесе жақындары болуы мүмкін. Бұған қоса, мәйіттік донорды салу тәжірибесі бар. Өкінішке қарай, ми өлімі диагнозы қойылған 100 науқастың 30%-ының ағзасы жарамды. Не себепті? Біз органды екі жағдайда ғана аламыз. Мәселен, инсульт пен комаға түскен науқастардың ағзасы. Инсульт көп жағдайда жасы келген адамдарда болады. Инсультқа дейін болатын бірқатар созылмалы аурулардан бүйректің залал шегетіні анық. Сонымен бірге созылмалы ауруларға ішетін дәрі салдарынан бауыр да зардап шегеді. Тағы бір мәселе инфекцияның жоғары болуы. Көп адамдарда ВИЧ инфекциясы, В, С вирусты гепатиті жиі кездеседі. Мұндай жағдайда ағзаны алмастыра алмаймыз. Сондай-ақ біз ми-бас жарақатын алған адамдардың көбінесе жол-көлік апатына ұшыраған адамдардың ағзасын аламыз. Бұл кезде көбінесе туыстары науқастың ағзасын беруден бас тартады. Біздің менталитетіміз бен өлген адамға ағзаның керек еместігін түсіне алатын емеспіз. Осы проблемалар ағза тапшылығын туындатып отыр. 
Бұған қоса, елімізде балалар трансплантологиясы да өзекті мәселенің бірі. Себебі, біздің заңнамалық деңгейде балалардың органын алуға құқығымыз жоқ. Бұл мәселе заңмен реттелмеген. 

Шешу жолы 

Бір адам өзі өлген соң 5 адамның өмірін құтқара алады. Құтқармаса да, бес адамның өмірін ұзартады. Бұл мәселенің ментальді жағы қоғамның түсіністігін қажет етеді. Осы күні Қазақстанда 2700 адам бүйрек, 1700 науқас бауыр және 150-ге жуық адам жүрек алмастыруды қажет етеді. Өкінішке қарай, көбі күткен ағза табылмаған соң, көз жұмып жатады. Тағы 50 адамға өкпе ағзасы қажет. Олардың күні оттегіге байлаулы, ауа жетпеген соң үнемі стационарда болуы тиіс. Біз бұлардың барлығын ағзамен қамтамасыз ете алмаймыз, егер мәйіттен алып салса, мен жоғарыда айтқан 30 пайыздың өзі мәселені оңалтар еді. 
Мемлекет өз тарапынан бұл проблеманы шешу үшін бәрін істеп отыр. Кейде донордың туыстарына ақшалай сыйақымен көтермелесе шешілетін шығар деген ұсыныс айтылады. Ол кезде орган сатылған болып есептеледі. Ментальді түрде солай. Қазір адамның тірі кезінде өзі өлген соң донор болатынын немесе болмайтынын анықтайтын заң нормасы бар. Егер келісімін берсе, ол өлген соң туған-туыстарынан рұқсат сұраудың қажет болмайды. Донорлыққа қатысты өз ұстанымын білдіру үшін кез келген адам E-gov порталындағы бөлімшеге кіріп, толтыруы тиіс. 

Отадан кейінгі өмір 

Бөтен адамның ағзасы салынған соң реципиент өзгереді немесе отадан соң бәрібір көп жасамайды екен деген алып-қашпа әңгімені жиі естіп жатамыз. Жалпы, отадан кейін науқастың қанша өмір сүретіні өзіне байланысты. Көп жағдайда науқастар отадан соң жазылдым екен деп, өздеріне қарауды қояды. Дәріні уақытында қабылдамаса, ағза бас тартады. Егер денсаулығын күтіп, дұрыс жүрген адам ұзақ жасайды. Елімізде бүйрек пен бауыр алмастырған екі адам сәбилі болды. Көптеген жігіт отадан соң жұмысына оралып, қазір алды мемлекеттік қызмет пен бизнесте жүр. Бір ғана мысал, 1993 жылы Алматыда ер адамның бүйрегін алмастырдым. Бүйрек мәйіттен алынған, өте сәтті келді. Кейін мен Ақтөбеге кеттім, одан Астанаға келдім. Сол адам 2012 жылы келді. «Сіз мені таныдыңыз ба?» деп сұрады. Басында есіме түсіре алмадым. Қолындағы татуировкасын көрсеткенде есіме түсті. Бақытжан есімді жігіт мен ота жасағанда жасы 40-тың шамасында болып еді. Жиырма жылдың ішінде балаларын аяқтандырып, немере сүйді. Маған келіп бақытты өмір сүріп жатқанын айтып, алғыс білдірді. 

Хирургиядағы 40 жыл 

Өткен жылы Ұлттық ғылыми-медицина орталығынан кеткен кезде тек 150 науқасқа ағза алмастыру отасын жасағанымды білдім. Бұл басқа оталарды айтпағанда. Сол 150 адам қазір өмір сүріп жатыр, өкінішке қарай 9 адам өмірден өтіпті. Мен өзім емдеген науқастардың саны нақты қанша екенін білмеймін. Санаған емеспін. Бірақ өзім емдеген адамдардың саны аз еместігін білемін. Өңірлерге барғанда маған адамдар келіп, «сіз мені емдегенсіз» деп алғысын айтып жатады. Шынымды айтайын, кейде есіме бірден түсіре бермеймін. Өйткені, менің міндетім ота жасап, одан соң 2-3 күн бақылап жағдайының жақсы екеніне көз жеткізу. Егер науқастың жағдайында асқыну белгілері байқалмаса, оның әрі қарай емін ассистенттерім мен шәкірттерім жалғастырады.  Мен Құдай емеспін, әрі өзімді ешқашан олай санаған емеспін. Мен де кәдімгі күнәһар адаммын. Ең бастысы, кәсібіме адалмын.  
1979 жылы медициналық институтты бітіргеннен кейін хирургияны бір сәтке тастамадым. Қай жерде, қандай қызметте болсам да қолымнан скалпельді тастаған емеспін. Тіпті, екі рет депутат, екі рет министр, ректор болған кезде де мамандығыма сатқындық жасамадым. Министр болған кезімде отаны таңғы сағат 05.30-да бастап, сағат 09.00-дегі жиналысқа дейін жасап үлгеретінмін. Ал ұзақ уақыт алатын отаны демалыс күнге жоспарлайтынмын.  Бұл менің 39 жылдан бері асырап келе жатқан мамандығым. Ешқандай атақ пен кресло мені асыраған емес. Көбі лауазымы мен креслосына сыйынып, соған байланып қалады. Өз ісіңнің шебері болсаң далада қалмайсың. 

Мамандыққа адалдық

Алдына келген науқастың саған зор үмітпен қарағанының өзі оқып, біліміңді жетілдіруге итермелейді. Жалпы, адам өмір бойы ізденуі тиіс. ЖОО алған біліммен шектелуге болмайды. Қазір технология қарыштап дамып жатыр, кез келген адам соған ілесе алуы керек. Жалпы, біздің халық масылдық ойдан арыла алар емес. Мемлекет барлық жағдайын жасауға міндетті деп ойлайды. Кеңестік шекпеннен шығып үлгермегеніміздің көрінісі бұл. Социалистік рухпен капитализм құрғымыз келеді. Қазақстанда скринингтік тексерулер тегін. Соның өзін уақытылы барып өтпейді. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, оны дер кезінде ішпейді. Кейде дәрігерлер ауруы асқынып келген науқасты аяқтан тұрғызу үшін барын салады, емдеп жазады. Бірақ дәрігердің еңбегіне қарамастан науқастар күтінбейді. Көп жағдайда науқастар пессимистік күйде келеді. Сол негативті өзіме қабылдамас үшін оларды жазып шығуға тырысамын. Дертінен құлан-таза айыққанда, әлгі негатив өздігінен кетеді. Ал науқасты емдеу үшін оған жалған үміт беріп, алдамау керек. 

Әкеге берген серт 

Дәрігер боламын деп ойламадым. Арманым инженер болу еді. Мектепте оқып жүргенде Ақтөбе химиялық зауытына экскурсияға бардық. Әрі ол уақытта инженер мамандығы өте беделді саналатын. Шымкент химия-технологиялық институтына хат жазып, олар маған бағдараламасын жіберіп, дайындала бастадым. Күндердің күнінде әкем ауыр дертке шалдықты. Дәрігерлер өңештің қатерлі ісігі деген диагноз қойды. Жасы небәрі 58-де болатын. Үйдегі жалғыз ұл мен, ал қалғаны қыз балалар еді. Сол кезде әкемнің қиналғанын көрдім. Жақын адамыңның көз алдыңда қиналып өлгенін көргеннен жаман нәрсе жоқ. Әкем дүниеден өтердің алдында «дәрігер боламын, осы қатерлі дертті жеңемін» деп серт бердім. Осылайша «арманымнан» бас тартып, Ақтөбе медициналық институтына түстім. Бес жыл оқып, үздік диплом алдым. Қазір балалар білімді ғой, екінің бірінде үздік диплом. Біздің кезімізде 480 түлектің небәрі 12-сінде ғана үздік диплом болып еді. 1979 жыл институтты аяқтаған соң аудан орталығындағы ауруханаға жұмысқа тұрып, 1986 жылға дейін жұмыс істедім. Қарап тұрсам ешкім қылтамақ ісігімен келер емес. Көп ойланып, ол дертті емдеп үйрену үшін Мәскеуге бару керек деп шештім. Бүкілодақтық хирургия ғылыми орталығына барып, белгілі профессор Федор Черноусовтан тәлім алым. Көп дүниені содан үйрендім. Сертімде тұрдым деп ойлаймын.

Хирургтар әулеті 

Қазір менің отбасымды кішігірім хирургтар әулеті деп айтуға болады. Ұлым ізімді басып дәрігер, оның ішінде нейрохирург болды. Осы күні Республикалық нейрохирургия орталығында жұмыс істейді. Жиенім Қазақстандағы ең үздік транспантологтың бірі. Қазір Жапонияда жұмыс істейді. 10 мемлекеттің дәрігерлерінің арасынан үздік шығып, жұмысқа шақырту алды. Жапондардың консервативті екенін ескерсек, қазақтың баласының әлемдегі үздік орталықта жұмыс істеп жатқаны Қазақстан үшін зор мақтаныш деп ойлаймын. Себебі, бұл қазақстандық дәрігерлердің халықаралық деңгейдегі бәсеке қабілетті екенін көрсетеді. Міне, осылай Қазақстандық дәрігерлердің жаңа толқынын оқытып, қалыптастырып жатырмыз.
Қарап отырсам, Қазақстанның қай қаласында болсын шәкірттерім бар екен. Олардың туған елдің игілігі үшін еңбектеніп жүргенін көріп, қуанамын. Шәкірттерімнің жетістігіне қарап, өмірімнің текке өтпегеніне көз жеткіземін. Әйтеке биден «Мәгілік қалатын адал іс» деген сөз қалған.
Санаулы күннен соң зейнетке шығамын. Қазір құжат дайындап жатырмын. Егер өзім жұмыс істейтін Ұлттық онкология және трансплантология орталығының басшылығы әрі қарай жұмыс істей беріңіз десе, ота жасап, науқастарды емдеуімді жалғастыра бермек ойым бар. Ал жасыңыз келді, демалыңыз десе, үйде отырамын. Қалған өмірімді балаларым мен немерелеріме арнаймын.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар




Наверх