• USD 380.4
  • EUR 425

Сайлау-2019

Ж.Ахметбеков: «Батыстың жалған, лас құндылықтарынан бас тартуымыз керек»

26 сәуiр, 17:4588
Автор: Elorda Aqparat
фото  интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Елордадағы Park Inn қонақ үйінде Қазақстан коммунистік-халықтық партиясының кезектен тыс XIV құрылтайы өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Халықшыл коммунистер президент сайлауына партияның атынан қатысатын үміткерді таңдады. Ол – Жамбыл Ахметбеков. Сондай-ақ, партияның сайлау алдындағы бағдарламасы жария етілді.

Орталық комитетінің хатшысы Айқын Қоңыров: «Біз қоғамдағы ең күрделі мәселелерді күн тәртібіне шығару үшін сайлауға қатысамыз. Елдегі кедейлік деңгейін қайта есептеу керек. Білім беру жүйесін дамытуда кеңестік тәжірибені қолданатын кез келді. Біз ЕЭО мен «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы интеграцияны қолдаймыз. Халық осы ұстанымымызды құрметтейді. Бізге дауыс береді деп үміттенеміз» деп мәлімдеді.

Ал Жамбыл Ахметбеков «Қоғам мүддесі үшін адал еңбек» деп аталатын партияның сайлау алдындағы бағдарламасының жобасын жұртқа таныстырды. Оның пайымдауынша, Қазақстан қазба байлықтар қоры жөнінен әлемдегі ең бай елдердің бірі. Егер біз оны тиімді пайдалана білсек, Кувэйт, БАӘ, Норвегия сияқты дамыған елдермен өмір сүру деңгейі бойынша теңесе аламыз.

«Бағдарламада 6 бөлім бар. Бірінші мәселе – батыстың жалған құндылықтарынан бас тарту. 21-ші ғасырда бізге интернационализм мен бірегейлік қажет. Екіншіден, қазіргі кезде ғаламтор халықты сауатсыздыққа тәрбиелеуде. Кітап оқуды насихаттауымыз керек, оқымаған ұлт ешқашан дамымайды. Үшіншіден, кедейлікпен күрес – бұл жұмыссыздықпен байланысты емес, адамдардың табысының төмендігі. Табыс өсуі үшін, отандық тауарға деген сұранысты арттырайық» деді ол.

Халықшыл коммунистер халықаралық интеграцияны жақтайды.

«Қазір байлар мен шылқыған байлардың саны өсіп келеді. Бірақ кедейлердің саны одан да көп. Аса ауқатты адамдарға салықтың мөлшерін көбейту керек. Сонымен қатар, қазір елді алаңдатып отырған мәселенің бірі – ҰБТ-ны шегеру. Ол оқушылардың интеллектуалдық даму деңгейін төмендетеді. Кеңестік білім беру жүйесінің озық тәжірибесін пайдалануымыз керек. Біз әкімдерді халық өзі сайлайтын қоғамға жеттік. Халық емес, әкім халыққа қызметші болуы тиіс. Міне, біз сайлауда осындай ең түйіткілді, толғағы жеткен мәселелерді көтереміз. Оның шешу жолдарын ұсынамыз» деп сөзін жалғастырды Жамбыл Ахметбеков.

Осымен екінші мәрте сайлауға түсетін Ж. Ахметбеков 1961 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Жантеке ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын ауылда механик болып бастап, Мәжіліс депутатына дейін көтерілді. 2012 жылдың 20 қаңтарынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Үйленген, 4 баласы бар.

 

                                                                                                          Төлен ТІЛЕУБАЙ



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх