Жолдау-2019

Ғалымдар Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады

27 қыркүйек, 18:09408
Автор: Elorda Aqparat
Фото авторы: Сұлтан Сейітов Фото авторы: Сұлтан Сейітов

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Жолдауын талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Жиынға еліміздің белгілі ғалымдары, қоғам қайраткерлері, ҚР БҒМ мемлекет тарихы институтының және Есіл ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді ҚР Ұлттық архиві директорының орынбасары Ж.Махашов жүргізіп, ғалымдар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекет және халық диалогына негізделген қоғамдық даму жолындағы идеяларына өз пікір-көзқарастарын білдірді.

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев мемлекеттің дамуы, бәсекеге қабілетті болуы алдымен оның ғылымына байланысты екенін, ғылымды дамытқанда ғана барлық салада өсу мен өрлеу болатынына нақты мысалдар келтірді.

«Осындай талап тұрғысынан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ғылымға қойылатын талаптардың негізіне: әлемдік бәсекеге сай ғаламдық жаңалықтар ашуды мақсат етіп, ғылым табыстарын толығымен және жылдам өндіріске енгізе отырып, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының шетелдің ғылыми ортасымен тәжірибе алмасуын молайту және оның нәтижелілігіне қол жеткізу қажет. Сондай ақ ғалымдардың әлемдік жоғары рейтингілік ғылыми журналдарындағы басылымдарын молайту керек, осы арқылы Қазақстан ғылымы белгілі бола түседі», – деді ол.

Ғалым сонымен қатар әр бағыттардағы ғылыми жобаларды ұйымдастыруды тұрақты жүзеге асырып, оған бөлінетін қаржыны молайтуды, ғалымдардың шығармашылық жұмыстарымен айналысуына жағдай жасауды ұсынды.

Еуразиялық медициналық қауымдастықтың вице-президенті, Саяси кеңестің бюро мүшесі Надежда Петухова:

«Ел Президентінің Жолдауы тұрғындар үшін маңызды оқиға. Өйткені әрбір азамат өзі үшін басты бағыт табады», – дей келіп, медицина саласын дамытудағы оң өзгерістер, жаңа талаптар, еңбек адамына деген құрметті қалыптастыру мәселесіне тоқталды.  

Әлеуметтік көмек, жалпы мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтар туралы айтқан ол қоғамның алға жылжуына баршаның бірдей мүдделі екендігін еске салды.

Академик, профессор, философия ғылымдарының докторы Қазбек Қазкенов  мемлекет алдындағы реформалар мен негізгі міндеттердің өзектілігіне маңыз берді.

Одан кейін сөз алған ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейтқали Дүйсен және Қанат Еңсеновтер өз баяндамаларында Президент Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуы айқын баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды стратегиялық мақсат-міндеттер белгіленгенін атап өтті.  

Жадыра ШАМҰРАТОВА



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх