Елорда резиденттері

Ерекше қолөнер: Елордалық шебер қарбыздан түрлі пішіндер жасайды

13 қыркүйек, 11:16290

Елордалық Әсет Ақанұлының мамандығы – құрылысшы. Әуелгіде ағаштардан түрлі пішіндер жасап, кейін ол тәжірибені қарбызға көшірген. Бүгінде қарбыздан түрлі пішіндер жасау оның сүйікті хоббиі. Астаналық шебер Елорда Инфо тілшісіне қарбыздан түрлі пішіндердің қалай жасалатыны және оған қанша уақыт жұмсалатыны туралы толығырақ айтып берді.

«Қарбыздан түрлі пішіндер жасауды алғаш рет осыдан 8 жыл бұрын қолға алдым. Ал кәсіби түрде тұрақты айналысып келе жатқаныма 4 жыл болды. Бастапқы уақытта бұзылған, жеуге жарамайтын қарбыздардан өрнектеп пішін жасауды үйрендім. Кей кезде үйге өзіміз жеуге әкелген қарбыз піспеген немесе іші түскен болып шығады. Ол қарбызды бекерге тастаймыз, ал мен оларды басқа мақсатқа қолданатын болдым. Алдымен қарбыздың ішкі шырынын түтікше арқылы сорғызып аламын. Егер қарбыздың ішіндегі шырыны толық алынса, онда жұмысты бастай беруге болады. Ал егер ішінде суы қалып қойса онда оны 2 сағаттай мұздатқышқа қою қажет. Дегенмен мұздатқышқа қойғанның өзінде қарбыздың ішінде шырыны қалып қоюы мүмкін. Ол өз кезегінде жұмыс істеуге кедергі келтіреді, ондай жағдайда қарбызды қайтадан біраз уақытқа мұздатқышқа қою қажет», - дейді Әсет Ақанұлы.

Қарбыздан пішін жасаудағы шебердің басты құралдары – пышақ, бұрауыш (отвертка), қандауыр пышақ (скальпель) және тарақ.

«Басында пішіндерді алдымен ағаштан ойып жасап алып, сосын барып қарбызға тәжірибе жасайтынмын. Кейін уақыт өте келе қол жаттыққан соң тікелей қарбызға жасайтын болдым. Жалпы бір пішінді толық жасап шығуға бір күн уақыт кетеді. Сондықтан көбінесе демалыс күндері айналысамын. Ал жұмыс күндері кіріссем бір аптаға дейін созылады. Негізі қарбызбен жұмыс істеу қиын. Былай қарасаңыз оңай секілді пышақпен кез келген пішінде ойып келтіре саласың, негізінде олай емес. Себебі қарбызды қанша мұздатқаныңмен ол қол тиген соң қайта ериді де жұмыс істеуге ыңғайсыз болады. Содан жартылай істеп қайтадан мұздатуға тура келеді», - деді ол.

Оның әңгімелеуінше, туынды жасауға арнайы тапсырыс бергендер де болған.

«Менің қолөнер туындыларым туралы естіген азамат маған қауыннан кеме жасап беруге тапсырыс берді. Сол кезде алғаш қауыннан жасап көрдім. Оған 2-3 күн уақыт кетті. Ең бастысы, тапсырыс берушінің көңілінен шықты. Сондай-ақ, менің хоббиімді үйренгісі келіп қызыққандар болды. Бір азамат келіп менің қарбыздан түрлі пішіндерді қалай жасайтынымды көрді, бірақ ол жұмыстың оңай емес екенін көріп, бірден бас тартты. Одан басқа әзірге ешкім бұл қолөнер түрін үйренуге ниет білдірген жоқ», - дейді ол.

Сондай-ақ, кейіпкеріміз егер мүмкіндік болса немесе шақырту алып жатса өз шығармашылық жұмыстарын байқау, фестивальге қатыстыруға дайын екенін айтты. Немесе арнайы көрме ашуға болатындығын да тілге тиек етті.

«Алдағы жоспарым туралы айтар болсақ, енді алма, алмұрт және грейпфрут жемістерінен түрлі пішіндер жасауды үйренгім келеді. Менің негізгі кәсібім – құрылыс саласы, құрылысшымын. Бұл хоббиімді сол құрылыста жүріп ағаштардан жасаудан бастадым. Маған негізінен жан-жануарларды бейнелеген ұнайды», - дейді қолөнер шебері.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх