Мәдениет

Эмир Байғазиннің фильмі ТМД елдері кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды

05 қараша, 00:2253
Автор: Elorda Aqparat
Дереккөз: kazakhfilmstudios.kz Дереккөз: kazakhfilmstudios.kz
  • Мәскеу қаласында өткен «Мәскеулік тұсаукесер» атты ТМД елдері арасындағы халықаралық кинофестивальде Эмир Байғазиннің "Өзен" фильмі байқаудың Бас жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Елорда Инфо "Қазақфильм" киностудиясының ресми сайтына сілтеме жасап. 

  • Одан бөлек, осы фестивальде жұмыс істеген киноклубтардың халықаралық қазылар алқасы отандық фильмге «Үздік толықметражды фильм» жүлдесін табыстады.

  • Естеріңізге салсақ, Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі – «Өзен» фильмінде өркениеттен алыс жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндалады.

    Айта кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер (Best Director) атанған. Сондай-ақ кино тақырыбында жазатын әлемнің белді бұқаралық ақпарат құралдары аталған кинотуынды жайында жақсы пікірде жарыса жазған.

  • Ал фильмнің Солтүстік Америкадағы тұсаукесері биыл қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдыңғы қатардан көрінді.

  • Сондай-ақ жыл сайын өтетін 12-ші Asia Pacific Screen Adwards салтанатында «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығына үміткер болды. Фильмнің азиялық тұсаукесері Токио кинофестивалінде конкурстық бағдарламасы аясынды өткен болатын. Ал Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival кинофестивалінде «Өзен» фильмі қазылар алқасының жүлдесіне – «Нағыз кино тілімен бейнеленген көңіліңді бірден баурап алатын фильм» жүлдесіне ие болды. Одан бөлек, Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына ("Алтын глобус") ие болды. 

    «Өзен» фильмі Роттердам, Гетоборг, Варшава сынды ірі фестивальдердің ресми бағдарламаларының шеңберінде көрсетілгені туралы айта кеткен жөн. 

    Айта кетсек, фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттер атсалысты, олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants).

  • Бұл туынды сценарий күйінде MPA APSA Азия-Тынықмұхиттық киноассоциациясы грантының қолдауына ие болды. 2017 жылы маусым айында бұл жоба алғаш рет Карловы Вары Халықаралық кинофестивалінің кинонарығында таныстырылып, сол жылы қыркүйекте киножоба Варшава халықаралық кинофестивалі кинонарығында Pitch and Meet жобалар байқауында бірінші орынды иеленген болатын. Картинаның пост жұмыстары 2018 жылы жаз айында Польша кинематография институтының қаржылай көмегімен Варшавадағы Orka және Dreamsound студияларында жүргізілді.

    Қазіргі күні Эмир Байғазин «Өмір» атты жаңа фильмді түсіруді қолға алғалы отыр. 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх