• USD 385
  • EUR 434

Экономика

Елорданың қосымша бюджеті: қаражат қай салаға бөлінеді

23 тамыз, 12:05124
Автор: Elorda Aqparat
Фото Elorda aqparat мұрағатынан Фото Elorda aqparat мұрағатынан

Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында Нұр-Сұлтан қаласының 2019 жылға арналған бюджеті қайта қаралды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«2019 жылға арналған республикалық бюджеттің нақтылануымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 7 млрд 250 млн теңге, атаулы әлеуметтік көмекке 1 млрд 927 млн теңге, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын көтеруге 678 млн теңге, коммуналдық меншікке тұрғын үйлер сатып алуға 7 млрд 560 млн теңге, газ және көлік жүйесін дамытуға 1 млрд 692 млн теңге қарастырылып отыр», - деді қалалық Стратегиялық және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы қосымша қаражаттың әлеуметтік әлеуетке басымдық берілетінін айтып өтті.

«Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қосымша 1 млрд 51 млн теңге қарастырылды. Оның ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 641 млн теңге, қоғамдық жұмыстарға 100 млн теңге, мүгедектерді әлеуметтік қолдауға 125 млн теңге, мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге 94 млн теңге және Ақкөл қаласының ересектерге арналған психо-неврологиялық бөлімшесін ұлғайтуға байланысты 80 млн теңге. Сол сияқты Білім басқармасына қосымша 1 млрд 623 млн теңге қарастырылуда. Атап айтқанда, оқулықтар сатып алуға 1 млрд теңге, қызметкерлердің еңбекақысына 126 млн теңге, жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты орындауға 383 млн теңге және №82 орта мектебін мультимедиалық кабинетпен жабдықтауға 22 млн теңге қарастырылып отыр», - деді ол.

Одан бөлек, Қ.Маңқараев Көлік және инфрақұрылым басқармасына қосымша 2 млрд 500 млн теңге, Қалалық ортаны регенерациялау басқармасына қосымша 58 млн теңге, оның ішінде «іKOMEK» жедел әрекет ету орталығына 56 млн теңге, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қосымша 180 млн теңге, Мәдениет және спорт басқармасына 637 млн теңге, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына қосымша 591 млн теңге қарастырылып отырғанын мәлім етті.

Өз кезегінде қалалық мәслихат депутаттары «қосымша бюджетті салалар бойынша жеке-жеке қарастырып тиісті қаражат қарастыру керек» деген шешім қабылдады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх