• USD 385
  • EUR 434

Тұрғын үй алаптары

Эксклюзив

Елорданың Алматы ауданында 11 жыл бойы орталықтандырылған кәрізге қосылмаған тұрғын үй бар

23 тамыз, 18:03228
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Алматы ауданы Қ.Рысқұлбеков көшесінде орналасқан 27, 27/1, 27/2 және 27/3 үйлердің сыртынан бір қарағанда ештеңе аңғарылмайды, бірақ бұл үй тұрғындарының 10 жылдан астам күресіп келе жатқан екі проблемасы бар. Ол жаңбыр жауған кезде үйді су басуы және жолдың нашарлығы. Осы орайда Елорда Инфо тілшісі аталған үйлердің қазіргі тынысымен танысып келген болатын.

Үйлерді аралауды ретімен бастадық. Егер мен осы үйді суреттен ғана көрсем, бұл елорданың төрінде орналасқан үй дегенге сенбес едім. Өкінішке қарай, солай бұл Алматы ауданы Қ.Рысқұлбеков көшесінде орналасқан 27-ші үйдің сыртқы кейпі. Оның үстіне бұл көше жақ беті. Тұрғын үйлердің маңайын бірсыпыра аралап өткен соң, жергілікті тұрғындарды әңгімеге тарттық.

«Жаңбыр жауған кезде осы көше мен үйдің маңайының бәрі көлге айналады. Көшені су алғаны былай тұрсын, үйіміздің ішіне дейін кіреді. Менің осы тұрғын үйдің іргесінде дәмханам бар, жаңбыр жауған кезде ішінде жүзіп жүруге болады. Болмаған соң өзіміз тұрғындар ақша жинап суды арнайы көлік шақыртып сорғызамыз. Су жинайтын көлікті бір реттік шақырту 30 мың теңге тұрады. Әр шақырған сайын ақшаны өз қалтамыздан шығарамыз. Қаланың шетінде орналасса жарайды, дәл ортасында тұрған үйдің орталықтандырылған кәрізге неліктен қосылмағанын түсінбедік», - деді осы үйдің тұрғыны Сұңғат Серікұлы.

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Оның айтуынша, тұрғындардың бұл проблеманы айтып бармаған жері жоқ, яғни құзырлы мекемелерге хабарласқанымен, жабулы қазан сол күйінде қалып отыр.

«Бұл тұрғын үйдің су басудан басқа тағы бір проблемасы - жол. Жолдың сиқын көріп тұрсыздар, асфальт жоқ, шұрық-тесік. Одан қалды тұрғындардан жолдың жоқтығынан үй жақты шаң басады деген шағым көп түседі. Шілде айында осы проблемамызды қалалық мәслихат депутаттарына жеткіздік, әзірге тыныш. Сондай-ақ, тұрғындардың атынан «Астана Су Арнасы» мекемесіне шықтық, бірақ одан еш нәтиже жоқ. Ол мекеме бізге "тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған" деп жауап берді. "Сондықтан біз сіздерге қызмет көрсете алмаймыз" деген жауап алдық. Ең қызығы сол тұрғындар коммуналдық қызметтің ақшасын төлейді, бірақ оларға қызмет көрсетілмейді. Бұл үй 2008 жылы салынды, міне», - дейді «Арыс» пәтер иелері кооперативі басшысының міндетін атқарушы Тамаша Жолымбетова.

Елорда Инфо бұл тақырыпты алдағы уақытта жалғастыратын болады.

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх