Билiк және саясат

Елордалық үлескерлердің мәселесін шешу мақсатында 25 мың пәтер салынады – Бақыт Сұлтанов  

24 сәуiр, 12:56744
Фото: Радмир Фахрутдинов Фото: Радмир Фахрутдинов

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Есіл ауданының аз қамтылған және көпбалалы отбасылармен кездесіп, толғандырған мәселелері мен сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Елрода Инфо тілшісі.

«Шығыс» проблемалы тұрғын үй кешендерінің бірі. Себебі бұл кешенді салу кезінде кредиторлармен келісім жасалмаған. Біз бұнымен өткен жылдың күзінен бастап күресіп келеміз. Өйткені проблема біржақты емес, сондықтан келіссөздер жүргізуге тура келді. Оның ішінде Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі, Қазақстан ипотекалық компаниясы, Проблемалық кредиттер қоры және Самұрық-Қазына. Біз осы жауапты ұйымдардың басын жинап, ортақ келісімге келдік. Ендігі уақытта белгілі және белгісіз себептермен тұрақтап қалған тұрғын үй кешендерінің құрылыс жұмыстары алға басады», - деді Бақыт Сұлтанов кездесу барысында.

Әкімнің айтуынша, елордадағы үлескерлер проблемасы уақытылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өз шешімдерін табуда. Атап айтқанда, биылдың өзінде «Азбука жилья» компаниясының 6 тұрғын үй кешенінің мәселесі шешілді.

«Жалпы үлескерлердің проблемасы үнемі біздің назарымызда. Алдағы жылы 10 мың үлескердің мәселесін шешу мақсатында 25 мың пәтер салынатын болады», - деді әкім.

Одан бөлек, қала басшысы аз қамтылған және көп балалы отбасыларын толғандыратын тұрғын үй мәселесіне тоқталды.

«Бүгінде бас қалада  45 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның 20 мыңы аз қамтылған, көп балалы және мүгедек мүшесі бар отбасылар. Және 22 мыңы мемлекеттік және бюджет қызметкерлері. Қазіргі уақытта осы тізімдегілердің 188-не пәтер берілді, жалпы жоспар бойынша биыл 781 пәтер берілуі тиіс, бірақ бұдан бөлек жыл соңына дейін әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасыларға қосымша қаржыландыру есебінен тағы 1800-1900 пәтер беріледі Бұл мақсатқа бюджеттен 1,3 трлн теңге қажет», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аталған санатқа жататын отбасыларға арналған әлеуметтік жәрдемақылар мен қолдауларға қатысты түсініктеме берді.

«Бұрын отбасының табысын есептеген кезде олардың балалары үшін алатын жәрдемақысы, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» үшін және мүгедек бала үшін алатын жәрдемақы, сол сияқты стипендия, одан кейін жергілікті әкімдіктен берілетін ақшалай жәрдемақылардың барлығы есептелетін еді. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап ол есептеулерді алып тастадық.  Яғни атаулы әлеуметтік көмек және басқа да мемлекеттік қолдау  көрсетілетін кезде жоғарыда аталған жәрдемақы түрлері есепке кірмейді. Елбасы бізге алдымен көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету керектігін баса айтты. Осы мақсатта қазіргі күні жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірігіп, әрбір отбасының жеке әлеуметтік картасын жасаудамыз. Бұл тапсырманы осы жылдың 1 шілдесіне дейін орындауымыз керек, дәл қазір оның 30% дайын. Толық жасап болғанда отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша одан арғы бағытымызды айқындайтын боламыз», - деді Б.Сапарбаев.


 

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх