• USD 385
  • EUR 434

Мәдениет

Елордалық жастар Астаналық заманауи театрын ашты

07 тамыз, 10:5883
Автор: Elorda Aqparat
Фото: astana.gov.kz Фото: astana.gov.kz

Қалалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «АZT» Астаналық заманауи театры өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Елорда Инфо Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Жаңа өнер ұжымы шымылдығын «Шекспир қиялы» спектакльімен ашты. Театр ансамбльі 15 жас таланттан құралған. Атап айтқанда, театр директоры Жекебатыр Камен, режиссер Аян Әлімбаев, көркемдік жетекші Сабыр Батырхан. Сонымен қатар театр құрамында Аяулым Мұминова, Марғұлан Наменов, Айжарқын Абай, Сәбира Сүгірова, Дархан Алдонғаров, Нұрғазы Жұмабай, Аян Батырбек, Әлібек Еріков, Ұлжан Каламышева, Мадияр Жақып, Расул Ерназаров және Асхат Байтілеу сынды жас актерлер бар. Олардың барлығы – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты атанған жастар. 

Фото: astana.gov.kzФото: astana.gov.kz

«АZT» театрының ерекшелігі бір қойылымды үш тілде көрсетеді. Бұған дейін елімізде мұндай тәжірибе болмаған көрінеді.

«Шекспир қиялы» спектакльімен тұсауын кескен театрдың қанатқақты қойылымына келген көрермен залға лық толды. Қойылымға Қазақстан халқы Ассамблеясы Нұр-Сұлтан қаласы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, қала әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұралы Айдашев, ҚазҰӨУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Қымбат Тілеуова, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актрисасы Айнұр Бермұхамбетовалар арнайы келді.

Көрермен қауым мен театр сыншылары алғашқы қойылымға жоғары баға берді. Қымбат Тілеуованың сөзінше, жастар жылындағы негізгі мақсат – жас буынды барынша қолдау.

«Астаналық заманауи театр елімізде тыңнан түрен салған өнер ордасының біріне айналады деп ойлаймыз. Зор үміт күтеміз», – дейді Қ.Тілеуова.

Бір жарым сағаттық қойылымда жас өнерпаздар ән де шырқады, би де биледі. Күлкіге қарық болған көрерменнің арасында көңілі де босады.

«AZT» театрының ұжымы енді Рақымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» атты драмасына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх