• USD 380.4
  • EUR 425

Қоғам

Елордалық бюджет қызметкерлеріне тұрғын үй заемдары табыс етілді

12 ақпан, 11:29161

Астанада 100-ге жуық бюджет қызметкері тұрғын үй сертификаты бойынша алғашқы заемдарға ие болды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Өткен жылы қолға алынған бюджет қызметкерлеріне арналған жобаға сәйкес қалалық әкімдік үш сала бойынша (ұстаздар, дәрігерлер және полиция мамандары) қызметкерлер тізімін Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне жолдайды. Одан әрі, банк бюджет қызметкерлерінің табысы мен төлем қабілетін қарастырады. Соның негізінде алғашқы заем табыс етіледі.

«Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдың желтоқсанында қалалық әкімдікпен бюджет саласы қызметкерлеріне арналған бірлескен жобасын қолға алдық. Ол мақсатта 100 млн теңге бөлінді, оның 90 млн-ы 90 адамға табыс етілді. Бүгін сол азаматтар сол тұрғын үй сертификаттары бойынша алғашқы заемдарын алуда. Сол сияқты биыл аталған жоба өз жалғасын табады, ол үшін әкімдіктен 2 млрд теңге қаражат қарастырылуда», - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.

Оның айтуынша, тұрғын үй сертификатын алушылардың тізімін қалалық әкімдік жасақтап береді. Тізімдегілердің өтініш берген сәтте Астанада және оның маңайында баспанасы болмауы тиіс.

«Сертификатты алған соң баспана қарастыра бастадым. Әрине бұл жерде төлем қабілеті өте маңызды сондықтан әркім өз шамасына қарай тұрғын іздейді. Мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2 млн теңге жинақтадым және әкімдік табыстаған 1 млн сол қаражатпен өтіп отырмын. Яғни банк менің төлем қабілетімді бағалай келе, 7% мөлшерлемесін 3,8% төмендете отырып 15 жылға несие берді», - деді жаңа баспанаға ие болған қалалық №13 мектептің мұғалімі Лаура Баймырзаева.  

Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қаладағы 100 бюджет қызметкеріне баспана сертификатын табыс еткен болатын.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх