Қоғам

Елордадағы балабақшаларда тіл тазалығы тексеріліп жатыр

07 қазан, 16:0336
Автор: Elorda Aqparat

Астанада «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы жүзеге асырылып, мекемелердің сырт жағындағы мемлекеттік тілдегі жарнамалары тексеріліп жатыр. Тексеру кезегі жекеменшік балабақшаларға келді, деп хабарлайды Елорда Инфо

Естеріңізге салсақ, Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен қалалық кәсіпкерлер палатасы жекеменшік балабақша басшыларының қатысуымен жиын өткізген болатын.

Басқосуда балабақша басшыларына жобаның мақсаты түсіндіріліп, алдағы қадағалау жұмыстары туралы айтылған. Қазіргі уақытта арнайы жұмыс тобы нақты іске кірісті.

«Жұмысымызды Алматы ауданынан бастадық. Жалпы, қалада 210 жекеменшік балабақша болса, көп бөлігінің маңдайша атаулары мен сыртқы жарнамасы Тіл туралы Заңның талаптарына сай емес. Бүгінгі блдіршіндер – елдің ертеңгі иесі, мемлекеттік тілді әрі қарай өркендетіп, әр салада берік орнықтыратын жанашырлары ғой. Балабақшадағы тіл тазалығы – ұрпақ санасының тазалығы екенін ескерсек, бұл шараны өткізудің маңызы өте жоғары», – деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Айгүл Ғизатқызы.

Жұмыс кезінде Тәуелсіздік даңғылында орналасқан "Мурзилка" балабақшасында тіл талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Тек ресми тілде білім беретін мекеме басшысына ескерту жасалды.

Ал мемлекеттік тілде білім беретін "Гауһартас" балабақшасында ешқандай заң бұзушылық болған жоқ.

Алайда "Айдын" балабақшасының сыртқы көрнекі ақпараттары мемлекеттік тіл талаптарына сай болмай шықты. Балабақша басшысы кемшілікті дұрыс түсініп, заң бұзған жарнама, көрнекі ақпараттарын алып тасайтын болды.

Жекеменшік балабақшалардағы тілдік жағдайды анықтау қаланың төрт ауданында да жүріп жатыр. Оған аудан әкімдіктеріндегі білім бөлімдерінің мамандары және қоғам белсенділерінен құралған сарапшы топ өкілдері атсалысуда.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх