Мәдениет

Елордада «Kóshpendiler Álemi» халықаралық этнофестивалі өтті

01 шiлде, 12:27219
Автор: Elorda Aqparat

Өткен демалыс күндері елордадағы «Этноауыл» кешенінде IV халықаралық «Kóshpendiler Álemi» этнофестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Елорда Инфо

«Қала маңында фестиваль үшін арнайы ержүрек жауынгерлер, айбынды садақшылар, қолөнершілер мен музыканттар тұратын ауылдарда киіз үйлер тігілді. Екі күн ішінде әрбір ауылда қызықты іс-шаралар өтті. Мысалы, «Ақ мерген» ауылында - садақшылардың өнер көрсетуі; «Асау» ауылында - жамбы ату; «Алмалы» ауылында – қолөнершілердің киіз, былғары және керамикадан жасалған бұйымдар жасау бойынша шеберлік сабақ, «Ақ сүйек» ауылында - ұлттық ойындар мен тағы басқа шаралар», - деп хабарлайды «Kazakh Тourism» ұлттық компаниясы. 

Сондай-ақ, айтулы шарада нео-этнофольклорлық «Аркайым» тобы, Тюргэн Кам, «Тұран» фольклорлық тобы және басқа да орындаушылар музыкалық қойылымдарымен көрермендерді тәнті етті. 

Биылғы фестивальге Түркия, Әзірбайжан, Болгария, Иран, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей командалары қатысты. 

«Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы қатысушылардың саны екі есе өсті. Егер 2018 жылы жарысқа 5 команда құрамында 90 адам қатысса, 2019 жылы 10 команда құрамында 180-нен астам адам қатысты», - делінген хабарламада. 

Одан бөлек, барлық жастағы қонақтар үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Балалар үшін ойындар мен театрландырылған қойылымдар, үлкендер үшін садақ ату мен басқа да ойындар, көшпенділердің ұлттық ойындары мен қолөнершілердің мастер-класстары, жастар үшін концерттер және сәнді көрсетілімдер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қонақтардың назарына фестивальге арнайы шет елден келген аспаздар дайындаған көшпелі халықтардың ұлттық тағамдары ұсынылды», - деп жазылған ақпаратта. 

Фестивальдің негізгі мақсаты -  көшпелі халықтардың ұлттық дәстүрлерін, идеологиясын, жауынгерлік өнерін жаңғырту және елдер арасындағы мәдени қарым-қатынастарды кеңейту.

«Kóshpendiler Álemi» халықаралық этнофестивалін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша "Kazakh Tourism "ҰК" АҚ ұйымдастырды.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх