• USD 385
  • EUR 434

Мәдениет

Елордада корей ұлттық киімдерінің көрмесі ашылды

11 қыркүйек, 08:5056
Автор: Elorda Aqparat
Фото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінен Фото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінен

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде «Ханбок және мен: өзіме емдік жол» корей ұлттық киімдері көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Қазақстан Республикасы мен Корей Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығына орай Қазақстандағы Корей Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығымен бірлесе ұйымдастырылды.

Ханбок сөзбе-сөз «корей костюмі» дегенді білдіреді. Ерлер мен әйелдер костюмінің әр түрі бар. ХХ ғасырда костюм ыңғайлы киіп жүру үшін түрлендірілді. Қазіргі уақытта да ханбок суретшілерді жасампаздыққа жетелеп, корей мәдениетінде байырғыдай ерекше орын алады.

Көрмеде ұсынылған суретші Квак Гончжу мен сәнгер Ро Чжухённың шығармашылық одағынан туындаған шығармалар ханбок сипаттамаларын, оның өзіндік сызықтық композициясын қайта ойлауға бағытталған. Суретшілер өз шығармаларын өмірбаяндық сипатта көрсетеді: «туындылар өткен, қазіргі және болашақ шаққа қатысты өміріміздің маңызды кезеңдерін қамтиды». Жалпы, көрмеде 10-нан астам ханбок костюмдері мен «Ханджи» корей қағазына түсірілген 45-ке жуық заманауи графикалық шығармалар ұсынылған, олар көрермендерді киім арқылы адамның тұлғалық бейнесі туралы ой жүгіртуге шақыратын авторлардың көркемдік түпкі ойын ашып көрсетеді.

Фото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіненФото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінен

Фото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіненФото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінен

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашты.

«Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы көп жыл бойы өзінің қажеттілігін дәлелдеп келеді. Бүгінгі оқиға – Корей мәдени орталығымен бірлесе өткізіп отырған үшінші іс-шарамыз. Біз бүгін корей ұлттық киімі -  ханбок туралы көптеген қызықты мағлұматтар аламыз. Бұл аса құнды, өйткені жаһанданудың заманауи жағдайында ұлттық киім халықтың тарихы мен дәстүрінен сыр шертетін «зәкір» тәрізді», - деді ол.

Фото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіненФото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінен

Көрме ашылуына Әзірбайжан, Ватикан, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ресей, Румыния, Польша, Жапония мемлекеттерінің елшілері мен дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, музейлер мен мәдени орталықтар, ҚР суретшілер одағы және басқа да ұйымдар өкілдері қатысты.

«Біріншіден, аталған көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Елбасы кітапханасының басшылығына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, көрменің ашылуына арнайы Корей Республикасынан келген дизайнерлерге де алғыс айтамын. Соңғы кезде корей сериалдары, музыкасы, мәдени іс-шаралары арқылы адамдардың корей мәдениетіне деген қызығушылығының артуы мені қуантады. Бүгін сіздер корей ұлттық киімі -  ханбоктың сұлулығын тамашалап, оның уақыт ағынымен көркем бейнесінің, дизайнының өзгеруін байқайсыздар... Келушілер бүгінгі көрмеден рақат алады және Корей мен Қазақстан арасындағы мәдени қатынастар одан әрі жақсарып, дами береді деп ойлаймын. Тағы да көрме ұйымдастырушылары мен барлық қонақтарымызға ризашылығымды білдіремін», - деп атап өтті Қазақстандағы Корей Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі  Ким Дэсик.

Фото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіненФото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінен

Көрменің ашылу салтанаты барысында корей ұлттық киімдері топтамасының көрсетілімі – дефиле өтті.

Фото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіненФото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінен

Фото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіненФото Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінен

«Қазақстандағы Корей Республикасының Елшілігіне, Корей мәдени орталығына және Елбасы кітапханасының музейіне көрмені ұйымдастырғандары үшін ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі іс-шараның арқасында Қазақстанға келіп, оның мәдениетімен, табиғатымен, қазақстандықтардың тұрмысымен танысуға мүмкіндік алдым. Менің көрмеде ұсынылған графикалық жұмыстарымда өзіме апарар жолдың көрінісін және тәжірибемді жеткіздім. Корей тілінде «сызықты салу» тек іс-әрекетті ғана білдірмейді, ол біздің қоршаған ортамен қарым-қатынасымызды да білдіреді: кейбір жағдайда байланыс орнату үшін оларды біріктірсек, басқа жағдайда жеке кеңістігіміздің сызығын бөліп қоямыз. Сызықтар – бізді туғандарымызбен, достарымызбен және қоршаған ортамен біріктіру арқауы да. Туындыларым арқылы сезімдерімді, эмоцияларымды, уайымдарымды жеткіздім, өзімді және өзіндік жолымды ұғындым. Осы көрме арқылы сіздер де сауығудың өзіндік жолын, өз жолдарыңызды табасыздар деп сенемін», - деді графикалық дизайнер Квак Гончжу.

Көрме 2019 жылғы 5 қарашаға дейін жалғасады.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх