• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Жастарға жалға берілетін баспана алу үшін қандай талаптар қойылады

10 қыркүйек, 16:1085
Фото Elorda aqparat мұрағатынан Фото Elorda aqparat мұрағатынан

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана беру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Жиында Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет өз сөзінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй беру қағидаларының бекітілгенін хабарлады.

«Елбасының тапсырмасымен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі қолға алынды. Сол тапсырмаға сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында кемінде 1000 жалдамалы пәтер мәселесі қарастырылып отыр. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тапсырманы кеңейтіп, жастарға жыл сайын 3000 пәтер салуды міндеттеді. Ереже бойынша жалдамалы пәтерге ие болғысы келетіндер 29 жасқа дейінгі азаматтар әрі аталған үш қаланың тұрғыны болуы шарт. Сол сияқты тұрақты жұмыс орны болуы әрі жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Бұдан бөлек, олардың өз баспанасын сатып алу үшін бастапқы жарнаны жинауына мүмкіндік қарастырылуы тиіс», - деді Мадияр Қожахмет.

Комитет төрағасы сөз арасында үміткерлердің банк шоты болуы керектігін айта отырып әрі баспаналы болуы үшін бастапқы жарнаны жинауға қызығушылығы болуы үшін осындай талаптар қойылып отырғанын ерекше қозғап өтті.

«Бұл жобаның мақсаты – жастарды баспаналы болуға ынталандыру, қолдау көрсету. Сонымен қатар, жалдамалы пәтер алғысы келетін азаматтың қызметтегі жетістіктерін растайтын құжаттары ұсынылса қосымша жеңілдіктер беріледі. Ал отбасын құрып, баласы болса арнайы бағалар қарастырылған», - деді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.

Ол өз сөзінде жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңі 2021 жылға дейін жұмыс істейтінін айтып өтті. Ары қарай өзге қалаларда жүзеге асыру осы үш қаладағы тәжірибе негізінде қабылданбақ.

«Статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта республикамызда 29 жасқа дейінгі 4 млн-ға жуық жас бар. Оның 245 мыңы – Нұр-Сұлтан қаласында, 700 мыңы – Алматы қаласында, ал 260 мыңы Шымкент қаласында тұрады. Тапсырмаға сәйкес, осы үш қалада 3 мың пәтер беріледі. Осы үш қала бойынша үш жылда 9 мың пәтер тапсырылады деп жоспарланып отыр. Бұл баспаналар 5 жылға жалға беріледі. Ал оның жалға беру ақысы коммуналдық төлемдерді қоспағанда айына 10-12 мың теңгені құрайды. Бұл мақсатта 21 млрд теңге бөлініп, қазіргі уақытта үш қалада жұмыстар басталып кетті», - деді комитет басшысы.

Ол жалға беру мерзімінің бес жылға белгілеу себебін осы уақыт ішінде олар жеке баспаналы болуы үшін тиісті қаржысын жинауға мүмкіндік берілетінімен байланыстырды. Ал жалдамалы баспанаға ие болу үшін қажет құжаттар тізімі министрліктің сайтында көрсетілген.

«Негізгі талаптардың біріне өтініш берушінің табыс көзі 40 АЕК-тен төмен болмауы керектігі еніп отыр. Бұл шамамен 110 мың теңге. Оның себебі мынада, жалдамалы пәтердің ақысы мен коммуналы үшін 15-20 мың теңге жұмсаса, белгілі бір бөлігі ай сайын екінші деңгейлі банктерде депозит жинақтауға мүмкіндігі болады. Осы көрсеткішпен бес жыл ішінде 1,5-2 млн теңге қаражат жинайды. Нарыққа жүгінер болсақ, үш қалада 7-8 млн теңгеге дейінгі эконом санаттағы баспаналардың біріне ие болуға осы жарна жеткілікті.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл 23 қаңтар күні Жастар жылының ашылу салтанатында берген тапсырмасы.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх