Қоғам

Елорда әкімі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті

22 қазан, 18:4956
Фото авторы: Василий Крась Фото авторы: Василий Крась

Бүгін «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

Жиынға қатысқан үкіметтік емес ұйымдардың бірінің қызметі әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге бағытталса, енді бірі волонтерлік қызметке негізделген. Отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болғандарды құтқаратын ұйымдар да бар. Мәселен, Анна Рыль мен оның «Қорғау Астана» қоры он бес жылдан астам уақыт бойы осындай қиындыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға, құжаты жоқ азаматтарға, адам саудасының құрбандарына, сондай-ақ мигранттарға жәрдемдесіп келеді.

«Жыл сайын біздің көмегімізге жүгінетіндер саны өсуде. Биылдың өзінде 700-ге жуық астаналыққа кеңес беріп, тиісті көмек көрсеттік. Олардың арасында көбісі – отбасы мүшелерінен жәбір көрген әйелдер. Мұнымен қоса, біздің мекеме тіркеуге тұрғызып, құжаттарды қалпына келтіруге де көмектеседі», – деді ол.

Аннаның айтуынша, қазіргі таңда ұйым орналасқан ғимарат тар болғандықтан, көп адамды қабылдауға мүмкіндік жоқ. Өз кезегінде қала басшысы бұл мәселені шешуге атсалысатынын жеткізді.

Сонымен қоса кездесу барысында «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюк те сөз сөйледі. Оның мәліметінше, қазіргі уақытта аталған ұйымға 8 мыңдай студент тіркелген.

«Шетелдің алдыңғы қатарлы университеттеріне түсуге құжат тапсырғанда, сен туралы жазылған ақпараттың ішінде волонтерлік қызмет те бар болса, сен жақсы үміткерсің. Батыста бағадан гөрі сенің азаматтық қоғам мүшесі ретінде атқарған тірлігің көбірек бағаланады. Біздің де қоғамда осындай көзқарасты қалыптастыруымыз керек», – деді елорда әкімі.

Бұдан бөлек, қала басшсы әлеуметтік кәсіпкерліктің жарқын үлгісін танытып жүрген елордалық азамат, «Green Tal» шеберханасының негізін салушы Эмин Аскеров, «Тәуелсіз өмір» ДОС» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Ардақ Отарбаев, «Жас кәсіпкерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы Айнұр Әмірхан секілді бірқатар ҮЕҰ өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, олардың жұмыстарына оң баға берді.

Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 4 мыңдай ҮЕҰ тіркелген.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх