• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

21 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасырған

19 тамыз, 09:25312
Автор: Elorda Aqparat

Атаулы әлеуметтік көмек алушы 21 мыңнан астам отбасы нақты табыстарын жасырды, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен төлеудің заңдылығын қадағалайды.

Жұмыс топтарының өңірлерге шығуы және «Е-Халық» ақпараттық жүйесі базасында жүргізген талдау барысында учаскелік комиссиялардың отбасының материалдық жағдайын анықтауға немқұрайлы қарау, кәсіпкерлік (еңбек) қызметтен түскен табысты «жасанды» төмендету, еңбек қатынастары мен жеке қызмет бойынша тіркеудің болмау фактілерін анықтады.

Осылайша, АӘК алушылар тарапынан табыстарын жасыру ең көп таралған бұзушылық болып отыр.

«Мысалы, кәмелетке толмаған екі бала тәрбиелеп отырған Алматы облысының 25 жастағы тұрғыны ағымдағы жылдың мамыр айында АӘК алу үшін жүгінген. Табыс ретінде ол жұбайының жалақысын 43 мың теңге деп көрсеткен. Бұл мәліметтер міндетті зейнетақы жарналарымен расталып, отбасыға жылына 739 860 теңге мөлшерінде АӘК тағайындалған. Алайда, шілдеде жұмыс беруші бірінші тоқсан үшін қосымша 77100 теңге көлемінде қосымша МЗЖ төледі. Осылайша, МЗЖ бойынша өтініш берушінің нақты табысы айына 300 мың теңгені немесе 2019 жылғы бірінші тоқсанда 900 мың теңгені құра отыр», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Сондай-ақ Маңғыстау облысының 25 жастағы тұрғыны сәуір айында отбасы құрамында 3 адамды, оның ішінде бір кәмелетке толмаған баланы көрсетіп, АӘК-ке құжаттар тапсырған. Табыс ретінде ол 42 353 теңге жалақысын ғана көрсетіп, оған 4 235 теңге мөлшерінде МЗЖ төленген. Оған АӘК 706 944 теңге сомасында тағайындалды. Оған қаңтар-наурыз айларындағы еңбегі үшін маусым айында жалпы сомасы 86 617 теңге қосымша МЗЖ төленді. Тиісінше, жәрдемақы алушының жалпы табысы 2019 жылғы бірінші тоқсанда 908 527 теңгені құрап отыр.

Осылайша, бұл азаматтар өздерінің табыстарының АӘК беру өлшемдерінен асып түсетінін біле отырып, олардың мөлшерін төмендетіп, әлеуметтік қызметтерге жалған ақпарат берген.

«Е-Халық» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 21 мыңға жуық отбасы табысы төмен және мұқтаж отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін өздерінің нақты табысын жасырған.

Осыған байланысты Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бұза отырып рұқсатсыз төленген төлемдерді қайтару және қайта қарау, заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша әрбір анықталған факті бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізеді.

«15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам тұрады. Жәрдемақы алушылардың 42%-ы - қала тұрғындары, 58%-ы - ауыл тұрғындары. Осы жылға 1 тамызға АӘК 103 млрд теңге сомасында төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрады», - делінген хабарламада.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх