• USD 385
  • EUR 434

Экономика

Президент пәрмені: ел азаматтарының 30 млрд теңге айыппұлы мен өсімпұлы жойылды

08 тамыз, 14:2357
Фото: Zagranitsa.com Фото: Zagranitsa.com

Ел азаматтарының 30 млрд теңгеден асатын айыппұлы мен өсімпұлы жойылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкi Қаржы ұйымдарының əдiснамасы жəне реттеу департаментiнiң директоры Дəурен Сəлiмбаев қалалық әкімдікте өткен баспасөз-мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

Естеріңізге салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша азаматтардың қарызын жеңілдету, айыппұлдарын қысқарту туралы құзырлы органдарға тапсырма берген болатын.

ҚР Ұлттық банкi Қаржы ұйымдарының əдiснамасы жəне реттеу департаментiнiң директоры Дəурен Сəлiмбаев Президенттің тапсырмасын түсіндіру барысында оның үш бағыттан тұратынын атап өтті.

«Оның алғашқысына атаулы әлеуметтік көмек алатындардың кепілсіз несиелерін өтеу кіреді.  Яғни 3 миллион теңгеге дейінгі несиелердің 300 мың теңгеге дейінгі қарызы төленеді. Бұл бағытта қазіргі уақытта Еңбек жəне халықты əлеуметтiк қорғау министрлiгi мен екінші деңгейлі банктер тізім жасады. Енді тамыз айының соңына дейін осы санаттағы азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі қарызы өтеледі деп күтілуде. Ал қыркүйек айында қарыз берушілерге қарыздың төленгені туралы хабарланатын болады», – дедi Дəурен Сəлiмбаев. 

Ал екінші бағытқа жиналып қалған айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру мәселесі кіреді. Департамент директорының айтуынша, қазір банктер мен микроқаржылық ұйымдар 2019 жылдың 1 шілдесіне дейінгі 30 млрд теңге болатын өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен алып тастаған. Сол сияқты «Проблемалы кредиттер қоры» ел азаматтарының тұрақсыздығы бойынша берешегінің 30 пайызын өтеген. 

Үшінші бағыт бойынша қыркүйекте 90 күннен аса кешіктірілген айыппұл, өсімпұл, тұрақсыздық айыбы, комиссия және өзге де төлемдерді есептеуге Ұлттық банк тарапынан заңнамалық тыйым салынбақ. Егер төлем 50 пайыздан жоғары болса, бұдан былай қарыз алушыға несие берілмейтін көрінеді. 

«Қазір біз мұны пысықтап жатырмыз. Қарыздық жүктемені есептеу кезінде айлық табыстың отбасындағы әр адамға шаққандағы ең төменгі күнкөріс көлемінің бір бөлігін алып тастайтын боламыз», – деді департамент директоры. 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх