• USD 385
  • EUR 434

Елорда резиденттері

Эксклюзив

Домингомен ән айту бақыты бұйырды – Медет Шотабаев

26 маусым, 08:41263

Елорда Инфо тілшісі музыкант, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера және балет театрының жетекші солисі Медет Шотабаевпен сұхбат құрды.

«Қыз Жібек» операсында Төлеген болып ән шырқаса, «Мадам Баттерфляй» операсында Пинкертонның, ал «Травиата» операсында Альфредтің партиясын орындайтын Медет Шотабаевтың ән қоржынында басқа да классикалық әндердің қатары аз емес. Кең диапазонды даусымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнер иесі әңгімені әріден бастады. 

Бала кезімде операны тыңдамайтынмын

Әкем Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылында туып-өскен. Жазғы демалыс кездерінде үнемі ауылға барып тұратынмын. Қой бағып, атқа мініп, асыр салып ойнап, аталарымыздың әніне құлақ түретінбіз. Жалпы, бала кезімде эстрада жанрын жақсы көретінмін. Шынымды айтсам, операны тыңдамайтынмын. 9-сыныпты бітірген соң 15 жасымда Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжге түстім. Бірақ онда оқуға түсуімнің өзі қызық болды. Негізі музыкант болуыма әкем қарсы еді. «Балам, ол ер адамның жұмысы емес қой, одан да басқа мамандықты таңдасаңшы» дейтін.

Колледжге тапсырғанда асығыс тәпішкемен бардым

Бірақ анам өнер адамы болғанымды қалады. Содан «тапсырып көрейін, өтпесем 11-сыныпты бітіріп, басқа мамандықты таңдармын» деп ойладым. Бір күні қаперімде ештеңе жоқ, Бағдат деген ағамның үйінде жүргенмін. Анам хабарласып: «Балам, тез кел. Колледжде іріктеу болып жатыр», – деді. Мен жуынып-шайыну, шашымды тарау былай тұрсын, тізесі шығып кеткен шалбарымды, созылып кеткен жейдемді ауыстырып үлгерместен аяғымдағы тәпішкемен жетіп бардым. Барсам, талапкерлер көп екен. Мен ең ақырғы болып кірдім. Сынақ барысында мұғалімдер халық әндерін сұрады. Бірақ мен білмейтінімді, тек эстрада әндерін орындайтынымды айттым. Анамның: «балам, ұялма, билеп, даусыңды қатты шығарып айт» дегені есіме түсіп, билей жүріп ән айтып шықтым. Бір қарасам, балалардың бәрін күлкі қысып отыр екен. Бір нәрсе дұрыс емес пе деп ойлап қалдым. Тапсырмалар беріп, даусымды тексерген соң мұғалімдер «шыға тұр» деді. Іле соңымнан ере шыққан бір кісі мені көрсетіп: «мына баламен кім келді?» – деді айғай салып. Сөйтсем, анам анадай жерде ұялғаннан көпшіліктің қалқасына тығылып тұр екен. «Ертеңгі емтиханға ақ көйлек пен қара шалбар киіп келсін!» – деп тапсырды. Осылайша, оқуға түстім.

Консерваторияға емхтихансыз жолдама алдым

Колледжде Семей өңіріне белгілі, өзіндік орны бар әнші, білікті оқытушы Нұрлан Көшеровтің сыныбында оқыдым.

Негізінде колледжде эстрада жанры бойынша оқимын деп ойлағанмын. Басында қиын болды. Сабақтың мәнісін түсінбедім. «И-и-и-и» деген дыбыстарды қайталататын. Маған бұл аса қажет емес сияқты болып көрінетін. Бірақ әкем қарсы болып, әрең түскен оқуым ғой, не де болса шыдап, оқи берейін деп бекіндім. Бәрі мұғалімге де байланысты екен. Нұрлан аға мені үнемі жігерлендіріп жүрді. Сөйтіп даусыма біраз жан бітіп, операға ұқсай бастады. Содан Алматыдағы республикалық байқауға қатысып, 2-орынға ие болдым. Осы жүлденің арқасында Құрманғазы атындағы консерваторияға емхтихансыз оқуға түсуге жолдама алдым. 

Оқуға қабылдануыма Бекен Жылысбаев кепіл болды

2003 жылы колледжді ойдағыдай тәмамдаған соң арман қуып Алматыға барып, Құрманғазы атындағы консерваторияда Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаевтың сыныбында оқыдым.

Бірақ консерваторияға түсу де оңай болмады. Құжат тапсыруға бір күн кешігіп қалыппын. Ондағылар маған енді келесі жылы келуім керектігін айтты. Сан соғып қалдым. Бір жыл бойы ән айтпасаң, даусыңнан айырыласың. Жылдар бойғы еңбек еш кетеді ғой. Не істерімді білмей, Нұрлан ағаға хабарластым. Оның нұсқауы бойынша Бекен аға Жылысбаевқа барып, жағдайды түсіндірдім. Ол ректорға ертіп апарды. Бірақ оқу орнының басшылығы: «Бұл бала бүгін-ақ өзінің кім екенін көрсетті. Егер біз оны қабылдасақ, ертең ол сабаққа келмей қояды», – деді. Содан мен дер кезінде жолға шығуға ақшамның болмағанын айттым. Хош, Бекен аға егер менің тәртібім нашар болған жағдайда өзі де жұмыстан шығатыны туралы өтініш жазып, ақыры консерваторияға қабылдандым.

Италияда да екі жыл оқыдым

Бекен Жылысбаевтай нар тұлғалы ұстазымның атына кір келтірмес үшін тынбай еңбектеніп, сабағымды жақсы оқуға тырыстым. Соның нәтижесінде 3-курстың басында «Дегдар» гуманитарлық қорының қолдауымен Италияға оқуға аттандым. Теңіз жағасынан орын тепкен Пезаро қаласындағы Рената Тебальди және Марио дель Монако академиясында Марио Милани сыныбында екі жыл оқыған соң елге оралып, консерваторияның 5-курсын Шахмардан Әбіловтің сыныбында бітіріп шықтым. Содан Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында солист болып еңбек жолымды бастап, 2013 жылдан бері елордадағы «Астана Опера» опера және балет театрына келдім.

Мәскеудегі байқауға баруыма ұстазым демеуші болды

Бірде Мәскеуде өтетін Глинка атындағы халықаралық вокалшылар байқауына жолдама алғанмын. Бірақ тура аттанардың алдында жол шығынымды өтеуге көмектеспек болған кісілер қол ұшын беруден бас тартты. Содан не істерімді білмей, Бекен ағаға барып, мұңымды шақтым. Әрине, ақша сұраған жоқпын, тек рухани қолдау күттім. Мені мұқият тыңдап отырған Бекен аға қызын шақырды да, әмиянын алдырды. Жинап жүрген зейнетақысын маған тұтастай қолыма ұстатып: «Мә, мейлі, орын ал-алма, бастысы қатысып кел. Әйтпесе, кейін өкініп жүрерсің», – деді. Шынымды айтсам, ондайды күтпеген едім. Сөйтіп ұстазымның батасын алып, Мәскеуге аттандым. Байқауға әлемнің кіл мықтылары қатысты. Мен де елімнің намысын қолдан бермеуге тырысып, бірінші-екінші кезеңдерден өтіп, финалға жеттім. Үшінші кезеңде ән айтып болған соң көрермен қатты қошемет көрсетіп, «Браво» деп айқайлап, мені сахнадан жібергісі келмеді. Бірақ бұл концерт емес, сайыс қой. Сондықтан басымды иіп, құрмет көрсеттім де, сахна сыртына шығып кеттім. Алайда сол кездегі орындағаныма аса көңілім толмаған болатын. Дегенмен «үмітсіз шайтан» дейді. Ертеңіндегі марапаттауда бірінші орынға ие болғанда, төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды. Бірден сүйіншілеп, тілеуімді тілеп отырған Бекен ағаға хабарластым. Ол кісі қатты қуанғаннан жылап жіберді.

Опера отанында ән айту оңай емес

Жалпы, Қазақ, орыс, итальян, неміс, француз, ағылшын, испан тілдеріндегі опералық әндерді орындаймын. 2009 жылы Финляндияда өткен «ХХІ ғасыр өнері» халықаралық байқауы мен 2012 жылы Румынияда өткен Х.Даркле атындағы халықаралық вокалшылар байқауында гран-приді жеңіп алдым. Бұдан басқа да біршама байқауда бақ сынап, Франция, Италия, Германия, Швейцария, АҚШ, Бразилия, Жапония сияқты әлемнің біраз елінің сахналарында өнер көрсетіп жүрмін. Бірақ Италия сахнасында ән айту қиындау. Өйткені Италия операның отаны болғандықтан, онда опера әндері халық әні іспетті. Кез келген итальялық әннің мәтінін жатқа біледі. Сондықтан ол жақта сөзден немесе дыбыстан мүлт кетсең, сені әнші деп қабылдамайды. Ал тенор дауыстылар Италияда жоғары бағаланады. Әуежайдан түскен уақытта бақылаудан өткізетін құқыққорғау қызметкерлері қандай себеппен барып тұрғаныңды сұрағанда концертке қатысатыныңды, опера әншісі екеніңді естісе, ерекше құрметпен қарай бастайды. Ал тенор дауысты екеніңді айтсаң, олармен тіпті арқа-жарқа болысып қаласың. 

Павароттиді пір тұтамын

«Астана Опера» опера және балет театры – елордадағы ғажайып ғимараттардың бірі. Тіпті шетелдік өнер жұлдыздарының өзі мұнда келгенде таңдай қағады. Мысалы, біздің театрға әлемге әйгілі Пласидо Доминго келіп, жоғары деңгейдегі халықаралық байқау ұйымдастырды. Байқау өткен соң «Травиата» спектаклі қойылып, сол кезде маған Пласидо Домингомен бірге ән айту бақыты бұйырды. Армандарымның бірі орындалды. Өте қуаныштымын.

Жалпы, өзім Әлібек Дінішев пен Ермек Серкебаев, Лучано Паваротти сынды өнер тұлғаларын пір тұтамын.

Ән айту – мен үшін тек жұмыс қана емес, бар өмірімнің мәні. Соған орай жарым да опера әншісі. Онымен үйдегі тақырыбымыз да ортақ, ол – музыка. Бойымда тек бір әттеген-ай бар, әкем Мұхаметсадық Құрмашұлының өнердегі жетістіктерімді көре алмай кеткені өкінішті. Ол мен колледжге түскен соң бір жылдан кейін өмірден өтті. Бірақ оның аруағы разы шығар...



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх