Қоғам, Астанаға 20 жыл

Домбыра мұражайы, студенттерге арналған үй мен құрылысшының ескерткіші: Астананың сегіз жасар тұрғыны ұсынған идеялар

02 тамыз, 08:51737

Елорданың 20 жылдығына арналған «Астананың 20 қыры»   байқауына 3 мың адам адам қатысты. Соның ішіндегі ең жас қатысушы - сегіз жастағы Самир Ахат. Жасөспірім Елорда Инфо тілшісімен болған кездесуінде өзінің байқауға ұсынған идеяларымен сүйікті астанасын қалай өзгерткісі келетінін айтып берді.

Самир елордадағы №84 мектептің оқушысы. Қаланың белсенді оқушларының бірі. Сабақтан бос уақытта футбол,шахмат пен жүзуге барады. Үздік оқушы ғана емес, қаланың белсенді тұрғынының бірі.  Астананың 20 жылдығына арналған байқауына ұсынған идеялары соның көрінісі. Байқауға қатысуға жасөспірімнің әжесі көмектескен.

«Күн сайын немеремді сабаққа және спорттық секцияларға апарамын. Бір автобустан екіншісіне мініп, қаланы аралаймыз. Яғни, қаланың күнделікті тіршілігін көзімізбен көріп жүрміз: қалай өсіп дамып жатқаны және кемшін тұстары көз алдымызда. Әрдайым онымен сүйікті қаламызды қалай жақсарта аламыз деген сұрақтың төңірегінде әңгімелесеміз», - деді Самирдың әжесі Ғалия Исенова.

Сондай-ақ ол байқауға қатысу туралы идеяның қалай келгенін айтып берді.

«Бірде интернеттен осы байқау туралы ақпаратты көзім шалып қалды. Немереме бізде қатысып өз ұсынысымызды айтайық дедім. Белгілі болғандай, бізде бір емес тура 20 идея бар болып шықты» , - дейді Ғалия Исенова.

Байқаудың ең жас қатысушысы бір емес, қаланы жақсартуға өзінің 20 идеясын ұсынған. Ол саяхаттап барған шетелдерді аралау кезінде салыстырудан соң келген идеялар.

«Мен Астанада «Домбыра мұражайын» ашуды ұсындым. Себебі, қазақтың ұлттық аспабы өзінің мұражайы болуына әбден лайық. Бұл идея анаммен Санкт-Пебербургте қыдырып жүргенде келді. Сол кезде анам ол қаланың Ресейдің мәдени астанасы екенін әрі қала тұрғындары мәдениетке көп көңіл бөлетінін айтты. Менің ойымша, бізде домбыра мұражайы болса, артық етпейді», - деді Самир Елорда Инфо тілшісімен әңгімесінде.

Жасөспірім ұсынған идеялар әрқырлы. Білім, мәдениет, руханият пен қаланың түйіткілді мәселелерін қамтыған. Мәселен, оның тағы бір ұсынған идесы – көп деңгейлі автотұрақ. Кешкісін көлікпен кетпелген аулада доп ойнау мүмкін емес. Бұл проблеманы стеллаж  түріндегі жеделсатысы бар көпқабатты тұрақтың көмегімен шешуге болатын еді, дейді бала.

Тағы бір ұсынысы қалада жылы шатыр орнату. Ол қыс пен күз мезгілінде таза ауада серуендеуге шығатын қарттар мен балалар қажет орын. Сол сияқты мектептегі кезекшілікті енгізу керек деп есептейді. Айтуынша, Жапонияның тәжірибесінде білім беру ұйымдарында кезекшілік енгізіп, оқушыларды тазалық пен еңбекке баулуға болады.

«Байқауға ұсынған тағы бір идеям – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етумен байланысты. Менің анам студент кезінде жатақханада тұрған. Қазір жатақханада орын барлық студентке те бермейді. Ал сол студенттерді неге қарттар үйіне орналастырмасқа? Олар оқудан бос кездерінде қарттарға көңіл бөліп, көмектеседі. Сол үшін тегін тұрады. Ал қариялар болса, дайын немерелерге ие болады», - дейді  Самир.

Жасөспірім отбасымен бірге ел мен жер аралап саяхаттағанды жақсы көреді екен.

«Маған саяхаттаған ұнайды. Әлемде көптеген әдемі әрі атақты жерлер бар. Сол сияқты ерекше ескерткіштер бар.  мысалы, Уол-стриттегі өгіз немесе бәтеңкеге арналған ескеркіш бар. Осыған орай, мен елордамызда Миға арналған ескерткіш орнатуды ұсындым. Ол жарық шамының формасында болады. Сонымен бірге Астанада құрылысшыға арналған ескеркіш болса деймін. Себебі – менің қалам әлемдегі ең жас астана. Бұл қаланың құрылысы 20 жыл бұрын басталды. Жыл сайын ажарланып, әдемілене түсуде. Әлем мен еліміздің әр түкпірінен құрылысшылар келіп, Астанада таңғажайып ғимараттар салуда. Сол құрылысшыларға алғыс ретінде бір ескеркіш орнатылса жақсы болар еді. Әрі қарапайым жұмысшыға деген құрметтің белгісі болмақ», - деді ол.

Самир Ахаттың тағы бір ұсынысы – елордада дүниеге келген әрбір сәбиге қала әкімінің құттықтау ашықхаты.

«Туған күніңмен, балақай! Енді сен Астананың толыққанды тұрғынысын» деп құрмет көрсетсе жақсы болар еді. Бұл баланың қоғамға пайдалы азамат болып өссем деген жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді», - дейді жасөспірім.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх