Экономика

Экономиканың сервистік секторында 60 мың жұмыс орнын құру жоспарланған - Маңқараев

07 қараша, 11:4256
Автор: Elorda Aqparat
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты комиссиясының кезекті отырысында 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті жобасы қаралды. Мәслихат депутаттары қаланың білім, мәдениет және спорт, денсаулық, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармаларына қаражат бөлуді қарастырды, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне сілтеме жасап.

Тұрақты комиссияның отырысында Нұр-Сұлтан қаласының Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қайсар Маңқараев баяндамасында айтылған көрсеткіштерге сүйенсек, 2020-2022 жылдары 2,7 триллион теңге инвистиция тарту көзделген. Соның нәтижесінде төрт миллион шаршы метр тұрғын үйді, бір миллион шаршы метр коммерциялық алаңды пайдалануға беру жоспарлануда.

«Экономиканың сервистік секторларында 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған. Орташа жалақы 2018 жылғы 240 мың теңгеден 2020 жылы 250 мың теңгеге дейін, ал 2022 жылы 280 мың теңгеге өсуі қамтамасыз етіледі. Осылайша, еңбек қоры 2018 жылы 1 триллион 360 миллиард теңгеден 2020 жылы 1 триллион 512 миллиард теңгеге дейін, 2022 жылға дейін 1 триллион 785 миллиард теңгеге дейін артады» деді Қайсар Манқараев.

Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Айтжанованың айтуынша, 214 жеке меншік және 94 мемлекеттік балабақша үшін, сондай-ақ мемлекеттік және жеке меншік мектептер үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бюджеттен толық көлемде қолдау көрсетілген. Жоғары оқу орындарына қаражат бөлінген.

«Келесі жылы қаржыландырудың жалпы сомасы 114,9 млрд теңгені құрады, оның 33,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді» деді ол.

Сондай-ақ басқармаға 5 білім беру мекемесін күрделі жөндеуге де 1 млрд теңге көлемінде қаражат көзделгенін де атап өтті. Бұл нысандар бойынша мемлекеттік сараптамасы бар жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бұдан басқа, жұмыс сметасы жасалған балабақшалардағы шағын сәулет нысандарын ауыстыруға және жөндеуге қаражат бөлінеді.

«Бүгінгі күні балабақшаларға 10 мың орынға қажеттілік бар, бірақ балалардың қатысуын табельдеудің электрондық жүйесін енгізумен биылғы жылы 214 млн теңгеге жуық қаражат үнемделді. Осының есебінен біз мемлекеттік тапсырысты көп орынға орналастыра аламыз» деді Гүлжан Айтжанова.

Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов қосымша қаржыландыруды қажет ететін мәселелерге ерекше назар аударды. Айталық, келер жылы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында Отан қорғаушылар монументін жөндеу, бұдан басқа, Триум­фалды арканың жерасты өткелін, қалалық кітапханаларды және «Жастар» театры ғимаратын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге қаражат жоспарланғанын хабарлады.

«Тағы бір қаралатын мәселе келесі жылы Қ.Қуанышбаев театрының жаңа ғимараты ашылуына байланысты жаңа қойылымдар керек. Сол қойы­лымдарға қосымша қаражат бөлу қажет» деді ол.

Халық қалаулылары Мәдениет және спорт басқармасына тұрғын үй лаптарында бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлуді, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдардың бассейндерге баруына қолайлы жағдайлар жасау үшін нұсқаларды әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ Мәдениет және спорт басқармасына жұмыс жоспарын, бюджеттік өтінімді дайындап Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынуды тапсырды.

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордалық медициналық мекемелерде барлық саны 1 139 564 адам тіркелгенін, биыл медицина саласының 2087 қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өткенін, бұл мақсатта 208 млн теңге қаржы жұмсалғанын атап өтті. Жыл соңына дейін басқарма бюджетінде 18 млн теңге қаржы бар. Денсаулық сақтау басқармасының 3 жылға арналған бюджеттік жоспары бойынша 20 млрд 986 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның ішінде 2020 жылға 5 млрд 586 млн теңге жоспарлануда.

«Тұрғындарының инсульт жағ­дайында медициналық көмек көрсету және қолжетімділікті жақсарту үшін қосымша 4 инсульт орталығын ашу қажет. Қаланың ауруханаларында ақпараттық-­қабылдау бөлімдері үшін шамамен 132 млн теңге жоспарланған» деді Сәуле Қисықова.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына үш жылдық кезеңге 34,9 млрд теңге, оның ішінде 2020 жылға 13,2 млрд теңге қарастырылған. Ал Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасына 3 жылға – 2,8 млрд теңге. Оның ішінде 2020 жылға 1,8 млрд теңге бөлінді.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА




Наверх